Жаңалықтар

ҚАПРЕҢ

Газеттің 7 қазандағы санында жарық көрген «Қамшы ең алғаш кімнің арқасына тиді?» деген сауалымызға оқырмандар тарапынан толық жауап келмеді. Сонымен…

Халық данагөйі Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жиған-терген мол мұрасының ішінде «Адам Ата мен Шайтан» туралы аңыз-өлең бар [Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. 4-том, 2004]. Өлең-аңыздың қысқаша мазмұны мынадай: Шайтанның Ханнас деген баласы болады. Адам Атамыз бір жаққа кеткенде Хауа анамызды азғыру үшін Малғұн шайтан оның қасына баласы Ханнасты қалдырып кетеді. Адам Ата келе қалса, әлгі Ханнас Хауа анамызды төңіректеп, хайуан кейпінде жүр екен. Адам Ата дереу қылышымен пәршектеп турап тастайды. Адам Ата тағы да бір жаққа кеткенде Шайтан баласын тірілтіп алып, тағы да Хауа ананың жанына тастап кетеді. Мұны көрген Адам Ата қатты ашуланып, қолына қамшы алады:

Жетіп кеп Адам Ата қатуланды,

Хауаға қаһарланып қамшы салды.

Білсеңіз, ашуланып қатын ұрмақ,

Мирас боп кейінгіге содан қалды, –

дейді Мәшһүр Жүсіп аңыз-өлеңінде.

Сонымен, Адам Ата Шайтанның баласы Ханнасты қылышымен турап, қайнап тұрған қазандағы суға салып ас қылады, Хауа екеуі етін жеп тынады. Адам Ата жоқ кезде баласын іздеп келген Малғұн шайтан: «Балам, қайдасың?» деп шақырады. «Мен іштемін» дейді Ханнас дауыстап. Сонда Шайтан баласына: «Сен дұрыс жайғасқан екенсің, балам, мен адамдарды сырттан азғырсам, сен іштен азғыратын бол», – дейді. Сонымен, Адам Ата мен Хауа ананы Алла Тағала жұмақтан Жерге жіберген кезден бері қамшы ең бірінші Хауа ананың жауырынына тиген екен.

Құрметті оқырман келесі сауалымызға зер салыңыздар.

«Қапрең» сөзінің мағынасы қандай?

Сауал сырына үңілген

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button