Апатты мектеп жабылды

Қыстың қақ ортасында Қарағандыдағы №44 негізгі орта мектебі жабылып қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары салынған мектептің қабырғасы қақырап, құлаудың аз-ақ алдында тұр. Арнайы құрылған комиссия оқу ордасын апатты деп таныды. Қазір оқушылар мен мұғалімдер көрші орналасқан №64 мектепке көшірілді. Ал ескі ғимарат жазға қарай сүріліп, орнына жаңасы салынбақ.

Оқу жылы ойдағыдай басталған-ды. Қыс кезінде мұндай оқыс жағдай болады деп ешкім де ойлаған жоқ. Мектептегі ата-аналар қоғамдық кеңесі әу баста өз күшімен кабинеттерді ретке келтіруге көмектескен. Жуық арада бюджеттен бөлінген 1 млн. теңгеге мектептің жарықтандыру жүйесі жаңартылған. 1 қыркүйекте білім алуға келген оқушылар мен мұғалімдер оқу жылының ортасында мектепсіз қалатынын біліп пе еді?

№44 негізгі орта мектебі қаланың Федоровка шағын ауданында орналасқан. 1947 жылы екі қабатты ғимарат болып салынған. Мектепте қазір 12 оқу кабинеті, 20 орынға арналған кішігірім асханасы бар. Спорт зал мен кітапхана мектеп жанында тұр. Құжат бойынша оқу ордасы 400 баланың білім алуына арналған. Бүгінде мұнда 1 мен 9-сынып аралығында 262 оқушы оқиды.

Қысқы демалыс кезінде аталған мектепте облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің мамандарымен қоса, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен шұғыл жиын өтті. Белгілі болғандай, 9 қаңтардан бастап білім беру мекемесінің ұжымы мен ата-аналарға оқушылардың басқа мектепке көшірілетіні айтылды.

Қалалық білім бөлімі басшысының айтуынша, осы оқу жылында мектептің қабырғасы сөгіле бастаған. Шұғыл комиссия құрылып, ғимараттың жағдайы зерттелген. ІІІ тоқсан басталарда мектеп апатты деп танылды. Қазір мұнда от жағып, қар күрейтін жұмысшылар ғана қалды. Ал, 260 оқушы мен 50-ге жуық мұғалім №64 мектепке көшірілді. Олар аталған мектепте оқу жылының соңына дейін екінші ауысымда оқитын болды. «Одан кейінгі жағдай әзірге белгісіз», – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім:

– №64 мектеп 600 балаға арналған. Қазір мұнда 381 оқушы оқып жатыр. Сондықтан, ондағы екінші ауысым мен ауысымаралық мерзімге №44 мектептің балалары орналастырылды. Оқушылардың еш қиындықсыз білім алуына мүмкіндік жасалады. №44 мектеп сүрілетін болса, оның орнына жаңа 300 орындық мектеп салынады деген жоспар бар, – деді ол.

– Біз №64 мектепке қысқы демалыс аралығында көштік. Мұғалімдер бөлмесін, оқушылар оқитын кабинетті, сабақ кестесін – барлығын ыңғайлап берді. Сағатымыз қысқарған жоқ. Мұғалімдер бұрын бекітілген оқу жүктемесі бойынша сабақ өткізіп жатыр, – деді мұғалім Балжан Бауыржанқызы.

Мұғалімдер жаңа ғимарат салынғанша №44 негізгі орта мектептің статусы сақталып қалғанын қалайды. Оған қоса, оқу жүктемесіне алаңдаулы. Екі мектепте де оқушылар саны мен сынып саны аз. Апатты мектептің педагогикалық ұжымы мен ата-аналар қоғамдық кеңесі «жаңа оқу жылынан бастап екі мектепті біріктіріп жібермей ме?» деп алаңдаулы.

– Біздің оқушылар бұрынғы құраммен өз мектебін бітіргенін қалар едік. Өз мұғалімдері оқытып, сынып жетекшілері ауыспағаны да дұрыс еді. Олар мектеп апатты болған соң, жаңа мектепке көшірілді. Балаларға жаңа ортаға үйренісу бірден оңай болмасы анық. Мектепке жаңа ғимарат салынса, біз қайтадан көшіп барғымыз келеді. Жергілікті жерде тұратын мұғалімдер аз, көпшілігі қаланың Оңтүстік-Шығысынан, Пришахтинскіден және Майқұдықтан келеді. Біз олар үшін де алаңдаймыз дейді, – №44 мектептің ұстаздары.

Мұндай өзгеріс жаңа мектепке ауысқан балаларға да өз әсерін тигізбей қоймады. Олардың үйірмелерге, спорттық секцияларға баратын уақыты бұрынғыдай емес, шектелді. Енді, оқушылардың қосымша білім алатын мүмкіндігі болмай қалуы мүмкін. Оқу жылының ортасында тобы мен жаттықтырушысын барлығы бірдей ыңғайлы уақытқа ауыстыра алмайды.

Тек бұл ғана емес, балалар үшін жаңа мектепке барар жолдың бағыты да өзгергені белгілі. №44 мектеп оқушылары сол маңайда тұрады. Теміржол бойындағы үйлерде тұратындары да бар. Сабаққа бару үшін күн сайын 2 шақырым жаяу жүруге тура келді. Көшелерде автобустар да жүрмейді, жарық беретін шамдар орнатылмаған. Көше бойын төбеттер кезіп жүреді. Қазір №64 мектепке дейін бару үшін аялдамаға жетіп, автобусқа отыру қажет. Екінші ауысымда оқитын оқушылардың соңғы сабағы кеш (19:30-да) бітеді. Қайтар жолға кем дегенде бір сағат уақытын жұмсайды. Аязы күшейген кешкілік уақытта баласының үйге қалай қайтатыны ата-анаға уайым болып тұр.

Бұл мәселені шешу үшін қалалық білім бөлімі қаладағы №3 автопарк басшылығымен келісімге келіпті. №44 мектептің оқушыларын оқу жылының соңына дейін №1 және №5 автобустары тегін тасымалдайтын болыпты.

2023 жылы №44 мектептің ғимаратын сүру жұмыстары басталады. Апатты мектептің орнына жаңасын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге инвестициялық жоба дайындалады.

– Техникалық тексеру жұмыстары өте ұзақ жүргізілді. Сондықтан да, оқу жылының ортасында осындай шешім қабылдауға тура келді. Ең бастысы, оқушылар мен мұғалімдер қауіпсіз жерге көшірілді. Құрылысты бастау үшін алдымен ескі ғимаратты сүру қажет. Жаңа ғимаратты салуға жақын жерде бос орын да жоқ. Жаңасын салу үшін ғимаратты бұзып, құрылыс орнын тазартып, өз есебінен дайындайтын мердігерді табу керек. Егер ондай жағдай болмаса, ғимаратты сүру үшін бюджеттен ақша қарастырылуы қажет. Мектеп құрылысы апатты деп танылуына басымдық беріп, бюджеттен тез арада қаражат бөлінуі тиіс. Мұның өзі 2-3 жылға созылуы мүмкін, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Тимур Нұрғожин.

Депутаттар бұл жағдайды бақылауда ұстайтынын айтып, ата-аналар шағымына жауап қатуға, екі мектептің жұмысын жеңілдетуде көмектесетінін айтты.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО.