Бас тақырып

«Апат айтып келмейді»

7 қарашада Абай шахтасында болған қайғылы оқиға жөнінде «ArselorMittal Temirtau» Көмір департаментінде «ArselorMittal Temirtau» АҚ-ның бас директоры Биджу Наирдың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жиынға «ArselorMittal Temirtau» ТМД бас директоры Виджай Гойял, аталған компанияның атқарушы директоры Әлішер ӘБЕНОВ пен мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Аслан АБЖАКОВ қатысты.

Өздеріңіз білетіндей, Абай шахтасында апат болды. «ArselorMittal Temirtau» компаниясының басшылары мен қызметкерлердің атынан апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Біз барлық мүмкіндікті қолдан келгенше жасаймыз. Мұндай жағдай қайталанбас үшін аз уақыт ішінде қалпына келтіру жұмыстары жасалады, – деді В.Гойял.

Одан соң компания басшысының өтінішімен қаза болған азаматтарды еске алуға 1 минут үнсіздік жарияланды.

«ArselorMittal Temirtau» компаниясының басшылығы Көмір өндірушілер кәсіподағымен бірлесіп, апат кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барып, көңіл айттық. Қайғы жамылған отбасыларға қандай да болсын көмек көрсетіп, қолдау білдіруге жауапты тұлғаларды тағайындадық. Сондай-ақ, зардап шеккен шахтерлерге де қамқорлық жасаймыз. Қазір олар оңалып келеді. Өздігінен тамақ, су іше алады. Біз бірінші кезекте шахтерлерге медициналық және басқа да көмек көрсетеміз. Дәл осы сәтте «ArselorMittal» компаниясының қызметкерлеріне, әсіресе, көмір департаментінің қызметкерлеріне психологиялық қолдау көрсетілуде. Төтенше жағдайлар комиссиясы құрылды. Біздің компания қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстарына қажетті көмек береді. Қазіргі кезде Абай шахтасында жұмыс тоқтатылды, онда зардаптарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді «ArselorMittal Temirtau» АҚ-ның бас директоры Биджу Наир.

Шахтадағы жұмыс кезінде газдың кенеттен таралу себебі барлығын алаңдатып отыр. Бүгіннен бастап арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сол себепті қайғылы оқиғаның неден болғанын топшылау қиын екенін айтты компания басшылығы.

– Біз әзірге ештеңе айта алмаймыз. Мемлекеттік тергеу жұмыстары аяқталған соң, барлық сұрақтарға жауап береміз, – деді Б.Наир.

Сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары жөнінде де айтылды. Компания басшылығы осыған дейін Өнеркәсіп қауіпсіздік комитеті және Төтенше жағдайлар министрлігімен өткен жиындарда шахтадағы қауіпсіздік шараларын жақсарту жөнінде жұмыстар үнемі қаралатынын айтты.

– Шахтадағы қауіпсіздік жұмыстары уақылы тексеріліп отырады. Қауіпсіздік сақтамаған адамдар шахтаға жіберілмейді, – деді спикерлер.

Спикерлер қандай көмек қажет екендігін білу үшін зардап шеккен отбасылармен сөйлесетінін хабарлады. Қаза тапқандардың отбасына 10 жылдық айлық есептік көрсеткіште жалақы төленетінін және олардың балаларының университеттерде оқуын жалғастыруға көмек беретінін айтты. Сонымен қатар, компания басшылығы асыраушысынан айырылған отбасыларды тұрғын үймен қамту жөніндегі мәселелер де қарастырылып жатқанын жеткізді.

Біз ұжымдық шарттың талаптарымен ғана шектелмейміз, барлық қажетті көмек көрсетеміз, – деді баспасөз мәслихатында «ArselorMittal Temirtau» АҚ атқарушы директоры Әлішер Әбенов.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button