Жаңалықтар

Аналар кеңесі – мейірім бастауы

Мемлекет дамуының қайнар көзі – халық бірлігі. Қоғамдық келісім салтанат құрған кезде ғана болашағымыз айқындалып, ел дамуының биік мақсаттарын бағындыра алмақпыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі барлық этнос өкілдерін осы бір ортақ іске жұмылдырып, бір атаның баласындай, тату-тәтті тұрмыс кешуінің алғышартына айналды.

Әу баста, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен консультативтік-кеңес органы ретінде құрылған Ассамблея бүгінде нағыз серпінді, саяси жобаға айнала білді. Елбасымыз алғашқы күннен бастап Ассамблея жұмысының тиімді болуына көңіл бөлді. Бұл ұйым, тек, ұлтаралық келісім мен достықты сақтап қана қоймай, ел азаматтарының өмір сүру сапасын арттыру, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайту бағытында да жұмыс істеуде. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған облыстық Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтып, сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Әр істі шын ниетіңмен бастасаң, аяғында өз жемісін берері сөзсіз. Аналар кеңесі мемлекет тағдырына тың серпін беруге атсалысуда. Отбасылық өмір, оның дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, мүшелерінің ортақ қызығушылығы және мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Мемлекет тарапынан көпбалалы аналарды қолдау мақсатындағы жаңа тапсырмалар – көңілге өте қонымды және маңызды.

Ана. Үш әріптен тұратын ең қастерлі сөз. Қай ұлттың болмасын, салт-дәстүрі мен мәдениетіне зер салсаңыз, аналардың орны қашанда төрде екенін көресіз. Анасын қадірлемейтін, ананың ақылына жүгінбейтін ұлт жоқ. Өйткені, аналар өз перзентінің ғана жайын күйттеп қоймайды, барша адамзаттың амандығын тілейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды сақтаумен қатар, қайырымдылық шараларының ұйтқысына да айналып үлгерді. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсат – қоғамды мейірбандыққа шақыру, мұқтаж жандарға көмек қолын созу.

Өмірден көргені мен түйгені мол ақ жаулықты аналарымыз өз өнегесін соңынан ерген жас буынға үйретіп, жол көрсетуде. Жас аналарға арналған дөңгелек үстелдер мен тренингтер олардың келешекте қоғамға пайдалы тұлғаларды тәрбиелеп шығуына жол ашады. Бала тәрбиесі қашан да күрделі әрі жауапты іс. Семинар-тренингтер барысында жасы үлкен аналарымыз жас келіншектерге бала тәрбиесі, отбасы құндылықтары, мектептегі тәрбие жөнінде ақыл-кеңестерін бөлісуде.

Әлгінде, ана деген ұғымның қаншалықты қастерлі екенін атап өттік қой. Дәстүрлі қазақ қоғамы үшін де ананың орны қашан да биік. Сонау бағзы дәуірлердің өзінде ел билеген хандар мен сұлтандар ананың ақ батасын алмай атқа қонбайтын. Біз осы дәстүрден жаңылмадық. Аналарымыз қоғамда болып жатқан жайттардан тыс қалмай, белсенділік танытуы – қуанарлық жағдай.

Жанар КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button