Аналарға құрмет көрсетілді

Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, облыс әкімдігінде өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан зейнеткер аналар және әр салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды қабылдап, оларды ақжарыла құттықтады.


Мерекелік шара мемлекет пен қоғам өміріне белсене араласып, нәсібін өз кәсібінен тауып жүрген арулар мен отбасы ұйытқысына айналған аналарға әдемі гүл шоқтарын берумен басталды.
– Қарағандылық әйелдер біздің болжай алмайтын ауа райымыз секілді. Қазір далада аяз, осында отырған жандар – күндей нұрлы. Сіздер – елдегі ең әдемі жандарсыздар. Сіздер бүгінде қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар. Облыс экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 64% құрайтын – әйелдер. Бұл дегеніміз – біздің аймағымыздың өркендеуі бірінші кезекте сіздердің еңбектеріңіздің арқасы деген сөз. Сол үшін бәріңізге шынайы пейілмен алғыс айтамын. Жалпы, болашағын ойлайтын мемлекет, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетуі тиіс. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің көпбалалы отбасыларымызға айрықша назар аударылып отыр. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы да, асыл жандар бүгінде облысымызда ер-азаматтармен иық тірестіріп, сан салада өнімді еңбек етіп жүр, – деді Ерлан Қошанов.
Мерекелік шарада аналарға, қыз-келіншектерге алғаусыз құрмет пен қошемет көрсетілді. Үлкен отбасының ұйытқысы іспетті көпбалалы аналар облыс әкімінің қолынан Алтын алқа және Күміс алқа марапаттарын алды. Олардың қатарында Зәурен Төлеубай, Валентина Кондаурова, Кәмшат Темірова, Роза Бекмағамбетова, Аян Доспаева, Рәзия Бегасланова, Гүлден Шакишева және Салима Морозова бар.
– Менің жасым 29-ға келді. Бүгінде алты балам бар. Жетінші баламызды күтіп жүрміз. Жағдайым жақсы. Мемлекеттен біз белгілі бір жеңілдіктер және атаулы әлеуметтік жәрдемақы аламыз. Ұдайы қамқорлығы мен марапаты үшін Елбасыға ерекше ризашылығымды білдіремін. Аймақ басшысының мерекелік кездесуге шақырғанына шексіз қуаныштымын, – дейді көпбалалы ана Салима Морозова.
Облыс басшысы көпбалалы отбасылардың мәселесіне жеке тоқталды. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасымен оларға айрықша көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті.
– Елбасы әлеуметтік көмек мөлшерін көбейтуді, көпбалалы отбасылардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан бөлек, облыста көпбалалы аналар мен қиын жағдайға душар болған әйелдерді қолдау мақсатында қосымша нақты шаралар қолға алынды. Әйелдерге қамқорлық жасау, көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсету қашан да назардан тыс қалмайды, – деді аймақ басшысы.
Кездесу барысында аяулы жандардың үйдегі, түздегі еңбектері сараланып, оларға жүректердің төрінен төгілген жылы лебіздер арналды. Жайдары жүздесу әйелдер қауымының қоғамда қаншалықты маңызды роль атқаратынын тағы бір мәрте айшықтап берді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»