ЖаңалықтарРесмиРуханият

Анадолыда Ұлт ұстазының ескерткіші мен саябағы ашылды

Анадолыда ұлт ұстазы ұлықталып, саябақтарының біріне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Ескерткіші бой көтерді. Саябақтың аумағы 8 мың шаршы метр. Оған 150-ден астам ағаш егілген. Тұрғындардың демалуына да бар жағдай жасалған. Саябақ пен ескерткіштің ашылуы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Астана әкімдігі мен Етимесгут муниципалитетінің ұйытқысымен жүзеге асты деп хабарлайды Оrtalyq.kz Хабар 24 сайтына сілтеме жасап.

 – Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың ескерткішін тұңғыш рет Түркия елінің елордасы әрі бас қаласы Анкарада ашып отырмыз. Меніңше, осындай әр елдің Түркияның, Қазақстанның  әр халықтың үлкен тумаларға осындай ескерткіштің ашылуы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлкен үлес қосады, – деді ҚР Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев.

Ахмет Байтұрсынұлын бейнелеген мүсіннің авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов. Ескерткіштің биіктігі 2,5, тұғыры 1,5 метр. Ұйымдастырушылар ұлт ұстазының мүсінін ондаған ұсыныстың ішінен таңдапты. Авторлар туындыны тегін жасаған. Бұл Алаш арысының алдындағы борышымыз дейді, шеберлер.

Тимур Ермұхаметов, мүсінші:   

– Түрік бауырларымызбен бірге екі-үш айдың арасында жасалған жұмыс. Бұл жаңа технологиялармен, 3D-мен жасалған. Бұл технологиямен алғаш рет жасап отырмыз. Шетелге автор ретінде жасаған бірінші жұмысымыз.

Айдос Бүркітбаев, мүсінші:

– Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін жасап, орнату біз үшін үлкен мәртебе және екі елдің бірлігі деп білемін. Осындай жұмыс жасағанымызға өте қуаныштымыз. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы Түркияда кең көлемде атап өтілді. Ұлт көшбасшысының өмірі мен шығармашылығына арналған конференциялар өтіп, бірнеше кітабы түрік тіліне аударылды.

Басқа материалдар

Back to top button