Жаңалықтар

«Анадан артық жан бар ма?»

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қарағандыдағы Кен­шілер мәдениет сарайында мерекелік салтанатты кеш өтті. Концертке әр саланың үздік өкілдері, ең­бек ардагерлері мен қоғам қайраткерлері шақырылды. Салтанаттың шымылдығы түрілген бетте облыс әкімінің атынан барлық нәзік жандар­ға гүл шоқтары табысталды. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.

Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин жүргізді. Өңір басшысы мерекелік жиынға келген аруларды құттықтап, аналарымызға алғысын білдірді.

– Ана – өмірдің гүлі. Отбасының алтын қазығы. Сондықтан, бұл мерекенің орны бөлек. Қазақта «Жұмақ ананың табанының астында» деген керемет сөз бар. Біз сіздерді құрметтейміз, бағалаймыз. Бала тәрбиесіндегі ананың орны да ерекше. Бала – болашағымыз десек, сіздер ел ертеңін тәрбиелеп жатқан жансыздар. Осы залда өз саласының үздіктері жиналған. Көктемдей құлпырып, жаздай жайнап, жарқырап жүре беріңіздер, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінен келген Гүлфия Яруллина әкім қабылдауында болғандардың қатарында. Әрі өзін өңір басшысы арнайы марапаттаған. Ветеринария саласында 20 жыл еңбек еткен білікті маманды аудан басшылығы арнайы облыс әкімінің марапатына ұсыныпты.

– Әу баста бұл салаға белгілі бір себептермен келгенмін. Кейін жаныма жақын мамандық екенін түсіндім. Оқуын оқып, тәжірибе жетілдірдім. 2017 жылдан бері зертхана меңгерушісімін. Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Бірақ, әр адам өз ісін жақсы көрсе, қиындықты жеңу оңай. Ботақара кентінің әкімдігіне алғысымды айтамын. Осыншама жылғы еңбегімді елеп, мені марапатқа ұсынды. Осындай керемет кештің куәгері болғаныма шын қуаныштымын. Әйелдер қауымына әуелі денсаулық тілеймін, – деді ол.

Нұра ауданы, Шахтер ауы­лынан келген көпбалалы ана Тұрсынгүл Жақыпова да осы бір керемет кештің куәсі болды. Өзі ауылдағы мәдениет үйінде 24 жылдан бері зовхоз болып жұмыс жасайды екен. Бүгінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған ардақты ана, ақжаулықты әже.

– Бұрын-соңды облыс әкімінен марапат алып көрмеппін. Келер жылы зейнетке шығамын. Биыл мерекелік кешке арнайы шақыртылдым, – деп жылы лебізін білдірді.

Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан да бірнеше маман арнайы шақыртылыпты. Солардың қатарында дефектолог Анаргүл Достаева да бар.

– Әуелі бұл – аналар мерекесі. Аналарымызды мерекесімен құттықтаймын. Өмірде ананың орны біз үшін ерек. Сондықтан, қашан да аналарымызды қуантайық, – деді Анаргүл Талғатқызы.

Мерекелік жиында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістері, «Шолпан», «Қуаныш» үлгілі хореографиялық ансамблі өнер көрсетті. Әсел Қарабаеваның балалар вокалдық тобы, «Astana musical» Мемлекеттік театрының актрисасы Камилла Оспан және «Қазақстан дауысы» балалар мега жобасының финалисті, «Алашстар» халықаралық байқауының Гран-при иегері Әнуар Берік те әннен шашу шашты. Сонымен қатар, Қазақстан эстрада жұлдыздары Бүркіт пен Аиша да мерекемен құттықтап, ән шырқады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button