Қамданған қапы қалмайды
Өткен сенбіде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Самарқанд су қоймасында болып, тасқынның алдын алу бойынша атқарылып жатқан дайындық жұмыстарының өту барысымен танысып қайтты.
Аймақ басшысы алдында «Казводхоз» РМК Қарағанды филиалының директоры Дүйсембай Әбжанов баяндама жасап, барлық су қоймалары мен суаттардағы жағдай бақылауда екенін жеткізді.
– Қазір Самарқанд су қоймасында біз секундына 33 текше метр су жіберіп жатырмыз. 21 наурызға дейін болжам бойынша 170 млн. текше метр су болуы тиіс. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 180 млн. текше метрден сәл асып отыр. Бұл – көп емес. 4 күнде 9 млн. текше метр су жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Су көлемі көтеріле бастағанда, үлкен қақпаны ашамыз. Қоймада 4 қақпа пайдаланылады. Ал, су деңгейі автоматты түрде арнайы құрылғының көмегімен анықталады, – деді Дүйсембай Әбжанов.
Сондай-ақ, Самарқанд су қоймасында жөндеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл іс биыл да жалғасады. Ал, жөндеуге жұмсалатын жалпы сома – 200 млн. теңгеден аспақ.
– Жалпы, қазіргі уақытта гидрологиялық болжам жақсы. Ол 2018 жылдың 1 наурызындағы ылғал қорын бақылау және өлшеу мәліметтеріне сүйене отырып құрылған. Маусымдық гидрологиялық болжам – статистикалық болжам әдісі негізіне сүйене отырып құрылады. Демек, дәлсіздіктер болуы мүмкін. Дегенмен, алдағы күндері түнгі температура нөлден төмен түсіп, күндіз жылитынын ескерсек, Табиғат-ана тосын мінез таныта қоймас дейміз. Яғни, қар біртіндеп ериді, – деді «Қазгидромет» РМК Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Роман Андриянов.
Қазіргі күні облысымыздағы 26 елді мекенде 42,2 шақырым бөгет тұрғызылған. Сонымен қатар, азаматтық қорғаныстың барлық күштері мен құралдары дайындалып, ол – 7403 адам мен 2665 бірлік техниканы құрады. Ал, Самарқанд су қоймасы болса 74,1% (188,15 млн. текше метр суға) толып тұр.
– Біз ылғал қорын нормадан аз болады деп күткенімізбен, барлық қалалар мен аудандар көктемгі су тасқынына дайындалуда. Барлық жерлерде қар шығарылып, су өткізу құбырлары тазалануда. Ақадырға облысымыздың басқа аймақтарынан бұрын су келуі мүмкін. Сондықтан, қазір біз суды қосымша бұрып жіберу үшін тағы бір траншея қазып жатырмыз. Мұнымен бірге, қорғаныс үйіндісі де жасалды. Көктемгі су тасқыны зардапсыз өтуіне барымызды салатын боламыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.
Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ыбрахим Күлшімбаевтың айтуынша, 5 наурыздан бастап төтенше жағдайлардың барлық қызметтері жоғары дайындық режиміне көшкен. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Елді мекендерде төтенше жағдайлар бөлімшелерінің қызметкерлері аудан әкімдігі өкілдерімен бірігіп, рейдтер өткізуде.
– Су тасқыны қаупі әлі де сақталуда. Сондықтан, барлық қызметтерге барынша дайын болу керек. Біз осал тұстардың барлығына үйінділер жасадық. Тасқын қаупі жоғары елді мекендерде қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алайда, көктемгі су тасқынын болжай алмаймыз. Қызыл су біз ойламаған елді мекендерден өтуі мүмкін. Оны да ескеру қажет. Барлық учаскелік полицейлерге өзен арналары қалай тазаланып жатқанын және қар шығару жұмыстары қалай атқарылып жатқанын тексеру тапсырылды. Егер, ертең бір жайттар болып, елді мекендерді су басып жатса, барлығын жазалаймыз. Тіпті, шығындарды өздеріне өтетуге дейін барамыз, – деді Ерлан Қошанов.
Рауан ҚАБИДОЛДИН.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.