Бас тақырыпОблыс әкімі

Аманат жүгі – ауыр

Облыс орталығындағы Кеншілер Мәдениет сарайында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ атқарушы биліктің бір жылдық жұмысына шолу жасап, халық алдында есеп берді. Қазыналы Қарағандының өткені сараланып, ертеңі таразыланған алқалы жиынға ҚР Қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Дархан КӘЛЕТАЕВ, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей БЕКБЕРГЕНОВ және ҚР Парламент Сенатының депутаты Рысқали ӘБДІКЕРОВ қатысты.

Облыс әкімінің есептік кездесуінен «SARYARQA» телеарнасы, «ЕКараганда» ақпараттық порталы тікелей хабар таратып, облыстың барлық қала-аудандары ашық пікірге онлайн режим арқылы қосылды. Ұзын-ырғасы билік пен бұқараның ашық диалогына өңірдің 7000-нан астам тұрғыны қамтылды.

Ең әуелі аймақ басшысының халық алдындағы есептік кездесуі шынайылықпен шырайланып, ешқандай сценарий, оқшаулану, сауал жолдаушыларды сұрыптау деген секілді әрекеттерге сүйенбей, ашық жағдайда өткенін атап өткеніміз жөн. Өткір сауал нақты жауаппен қауышып, ашық сұхбат, келелі кеңес өрбіді. Асыра мақтап, жасыра жақтап қайтейін, мен көрген, ел көрген шындық – осы.

Бұған дейін жергілікті әкімдердің өңір тұрғындарымен 429 кездесуі өтіп, оған 40 мыңнан астам тұрғын қатысқан екен. Ол аз десеңіз, облыс орталығында үш күн бойы «Ашық есік» күні ұйымдастырылып, облыстық деңгейдегі барлық құрылымдар аймақ тұрғындарын толғандырып жүрген өзекті мәселелерге құлақ асқан. Бұл шара барысында билік назарына 115 сауал жолданыпты.

Аймағымызда 1,5 миллион тұрғын бар. Бұл дегеніміз – 1,5 миллион тағдыр. Билік миллиондардың тағдырына бейжай қарай алмайды, – деп сөз сабақтаған облыс әкімі Ерлан Жақанұлының есепті баяндамасы қысқа һәм нұсқа шықты. Бірден құрғақ цифр тізбелеп, пайыздық көрсеткіштерге сүйеніп көлгірсуден, халықпен ашық пікір алысып, кең отырып, кеңес құрғанның маңызды екенін атап өткен өңір басшысы жыл бойына атқарылған істердің де негізгілеріне ғана тоқталды. Өткен жылғы кездесуде көтерілген проблемалардың қаншалықты шешім тапқандығын тілге тиек етті. Әрине, бұқараның былтырғы жылы айтқан бұйымтайының барлығы орындалды деуден аулақпыз. Дегенмен, басым көпшілігі өз шешімін тапқан. Біршамасына уақыт керек.

Жалпы, өндірісті өлкенің екі тізгін, бір шылбырын ұстағанына екі жылға жуықтап қалған Ерлан Жақанұлының аймақтағы өзекті деген мәселенің ірісін де, ұсақ-түйегін де жатқа білетініне көзіміз жетті. Тіпті, кейбір сұрақ қоюшылардың есімдеріне дейін біліп тұрғанына сүйсіндік.

Не керек, келелі кездесудің көтерген жүгі – әлеуметтік мәселе. Оның ішінде көпбалалы аналардың мұң-мұқтажы. Аймақ басшысы көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселесі күн тәртібінде өткір тұрғандығын ерекше атап өтіп, бұл бағытта кешенді жұмыс жасалып жатқандығын мәлімдеді. Мәселен, билік өкілдері облыс аумағындағы көпбалалы аналармен бірнеше мәрте кездесіп, олардың мәселесін жіті назарда ұстап отыр. Қазірдің өзінде бірқатар проблемалар нақты шешілген. Атап айтайық, осы жылдың 1 маусымынан бастап көпбалалы аналар қалаішілік қоғамдық көлікте тегін жүретін болады. Сондай-ақ, осы санаттағы отбасылардың бастауыш сыныпта оқитын балалары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Балабақша төлемі 50%-ға төмендетіледі. Осы сияқты 10 қадам нақтыланған. Ал, жергілікті биліктің құзіретіне жатпайтын күрделі проблемалар да қатталып, Үкімет жанындағы жұмыс тобына жолданыпты.

Некен-саяқ болмаса, қара басының қамын күйттеп келген ешкімді көрмедік. Көтерілген мәселенің дені – көпке ортақ проблема. Коммуналдық шаруашылыққа, медициналық қызмет сапасына қатысты түйткілді мәселелердің барлығы есепке алынып, бақылауға қойылды.

Жалпы, кездесу бес сағаттан астам уақытқа созылды. Шаршап-шалдыққан ешкімді аңғармадық. Екі аяғынан тік тұрып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, назар аударған әкім де, кездесудің соңына дейін тапжылмай отырған тұрғындардың да жанарынан бір серпіліс ұшқын атып тұрды. Оны ертеңге деген сенімнің серпілісі деп бағамдадық. Екіжақты ымыра көрініс тапты. Ымыралы елден ырыс қашпайтынын да жақсы білеміз. Биліктің арқалағаны – аманат жүгі. Ол – ауыр қашанда. Бәрібір қарағандылық биліктің аманатқа адалдығы айқын сезіліп тұрды.

(Облыс әкімінің есептік кездеуінен жазылған кеңейтілген ақпаратты газетіміздің сейсенбілік санынан оқитын боласыздар).

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button