АймақНұра

Қамқоршы қария

Нұра ауданына қарасты Тікенекті ауылында тұратын 82 жастағы Минниағзам Авлияровты қамқоршы қария деп толық айтуға болады.

Сонау тың игеру жылдары осы өңірге көшіп келген қария саналы ғұмырын қарапайым еңбекке арнаған екен. Жер жыртып егін еккен, шөп шауып мал азығын әзірлеген. Қысты күндері қар күреп, жол аршыған. Сол әдетін тастамай күні бүгінге дейін ауылына қызмет етіп жүр. Ол ісіне еш ақы сұрамайды. Ертеңгілік өзінің ескі ДТ-75 тракторына мініп, ауыл ішіндегі көшелер мен жолдарды қардан тазартады. Арасында ауыл жастарын да осындай игілікті іске тартатын кездері бар. Әрине, қарияға көмекке келуге барша азамат әзір, дегенмен Минниағзам ақсақалдың өз айтары бар.

– Ауыл өзіміздікі, бәрі туыс, көрші, жақын-жұрағат. Бос отырғанша соларға көмек болсын деген ниет қой. Мектепке баратын кішкентай балалар бар, алдымен солардың жолын тазалаймын. Көктемгі су тасқынының алдын алу қажет, жалпы тазалық болған дұрыс қой, – дейді қария.

Қарт волонтердің дағдысына айналған бұл ғана емес. Жаз бойы шөп шауып, ауылдағы аз қамтылған отбасыларға тегін апарып түсіріп береді екен. Соған қарағанда ақсақалдың бос уақыты болмайтынға ұқсайды. Елге қызмет етіп, өзгелерге үлгі болып жүрген қарияға ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ,

Нұра ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button