Басты тақырыпТұлға

Қалың елдің жүрегінде

    Қанша жақсы көріп, аңсарымыз ауып, тілдескіміз, кездескіміз келіп тұрса да ол тілек-мақсатымыз орындалмас арманға айналып, өмірімізде көз жазып қалған ардақтыларымыз қаншама?! Солардың бірегейі – ортамызды ойсыратып кеткен қазақ өнерінің қарашығындай қадірлі ақсақалымыз, әнші, актер ағамыз Қуат Қожамбаев еді. Туған жұртының ғана емес, барша елдің қадірлейтін азаматына айналған ардақтымызды жер бесікке тапсырғанымызға да жыл толыпты-ау…

Қазан айының соңында қалың елі Қуат ағаны еске алып, ескексіз қайыққа мініп кеткен қайталанбас тұлғаға арнап ас беріп, кеш өткізді. Ән өнерінің қоңыр қазындай мамырлап ұшқан Манарбектің мұрагеріне арналған әдеби-сазды кеш Балқаш қаласындағы М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында өнердегі бауыры, айтыскер ақын Бақытжан Әріновтің мұрындық болуымен өрбіді. Сағынған жұрттың қарасы көп, мәдениет сарайына лық толды. Қала әкімдігі де қолдан келгенше қолдау білдіріп, елеулі еңбегін елге жеткізді. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен бастаған ақындар, асыл ағаға арнаған өлеңдерін күндей күркіреп оқыды. Тіршілігінде жұрты сүйіп тыңдайтын Ақан серінің «Құлагері», Үкілі Ыбырайдың «Алтыбасары», Манарбек Ержановтың «Қойшының әні», сонымен қатар, халық әні «Ағаш аяқ» жиын-тойда жұрт қайталап сұрайтын «Қара қыз» «Көзкөргендер» әндері орындалды. Бір уақыттарда өзі негізін қаласқан Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары», құрамында жылдар бойы өнер көрсеткен Балқаш қаласындағы «Сарыарқа» фольклорлық ансамблдері, «Балқаш сазы» ардагерлер хоры әуелете ән салды. Баласы – Бекзат, бауыры – Берік Қуат ағаның ән қоржынындағы әндерді шырқады. Алаш арысы – Әлімхан Ермековтің аталас бауыры, «Мұғалім Сейітжан» атанған қарияның кіндігінен тараған Қуат аға жайлы естеліктер де аз айтылмады. Ауылда қалып, дала сахнасын тұғыр еткен жақсының жұрнағы туралы тұшымды әңгімелерді құлағымыз естіді.

Сөз орайы келгенде айта кеткеніміз абзал. Қуат Сейітжанұлының Ақтоғай халық театрында еткен еңбегі еселі болды. Әлжаппар Әбішевтің «Найзағайындағы» Мәдидің, Әбдіжамал Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Тәңірберген, «Арманым Әселімдегі» Ілияс, «Беу, қыздарайдағы» профессордың, «Біздің Ғанида» Ғанидың, «Өліарадағы» Лениннің, «Үкілі Ыбырайдағы» Ыбырайдың, «Абайдағы» һәкім Абайдың рольдерін сахнаға шығарған туабітті талант болатын.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button