Алтын Орданың аядай бөлшегі

Кейбір дерек көздері куәландырғандай, алтын тостаған мен сырға Жаңаарқа жеріндегі Жұбан ана кесенесінен емес, Ұлытаудағы Болған ана кесенесінен табылды. Кешелі бері кей дерек көздерінде осындай қате кеткендіктен, жазбамызды соны түзетуден бастағанды жөн көрдік.

Иә, бұл – таңқаларлық оқиға. Арқа жерінен бұдан бұрын алтын тостаған түгілі, алтын адам табылды, несі таңқаларлық дерсіз? Солайы – солай, бірақ, ортағасырлық ескерткіш саналатын, Алтын Орда дәуіріне жататын алтын жәдігер Арқа жерінен алғаш рет шығып тұр. Оның үстіне, Алтын Орданың діңгегі, Жошы ұлысының кіндігі – қасиетті Ұлытаудағы Болған ана кесенесінен. Әлемді тітіреткен Алтын Орданың аядай бөлшегі дейік онда. Ортағасырлық ескерткішке жататын дәл осындай үлгідегі тостағанның біреуі бұрнағы жылдары Алматы аймағынан табылған екен. Ұлытаудан табылған мына жәдігер екеуінің ою-өрнегі, тіпті, ішіндегі гүлдің бейнесіне шейін ұқсас. Айырмашылығы – Алматы жақтан табылған жәдігер саптыаяқ сипатында. Біздікі – жайпақ тостаған.

«Мұндай ыдыстармен кезінде жоғары мәртебелі хан-сұлтандар мен бегімдер шарап ішкен. Яғни, ыстық емес, сусын ішуге арналған ыдыс. Соған қарағанда, Болған ана кесенесінде жерленген бұл әйел – өте жоғары мәртебелі адам. Әрі мұндай бағалы затымен қоса жерленгені – ислам дінін қабылдамаған кезеңге жататынын айғақтайды», дейді тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов.

Бейнесі мен сыртындағы ою-өрнектеріне дейін сол қалпы, ап-анық көрінеді. «Асылды тот баспайды» деген – осы. Әлі де болса, толық сараптамадан өтіп, алтын екені ғылыми түрде анықталмаса да, қазба жұмыстарын жүргізген археологтар мен Түлкібай Сақтағанұлы «тостағанның алтын екені» даусыз деп отыр. Салмағы – 400 мысқал бұйым қолға ауыр сезіледі. «Әйел Болған ана кесенесінің орталық бөлігінде жерленіпті. Қабірдің ұзындығы – 2,20 метр, ені – 1,20 метр, тереңдігі – 2 метр, 35 сантиметр» дейді археологтар.

Облыстық мәдениет, архивтар және құжаттама басқармасының ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізінде «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» мен «JADIGER» ЖШС-ы бірлесіп, Ұлытау ауданындағы Ортағасырлық тарих және мәдениет ескерткіштеріне антропологиялық зерттеуді биыл ғана бастап, қолға алған. Қазан айынан бері кіріскен жұмыс нәтижесі – алтын тостаған мен сырға және сүйектен жасалған шаш қыстырғыш.

«Жасын, қай жылы өмір сүргенін анықтау үшін сүйегін шетелге жібердік. Қазақстанда ондай зертханалар бар, бірақ, олардың ғылыми нәтижелеріне деген сенім халықаралық дәрежеде төмен. Сондықтан біз беделді, деңгейі жоғары лабораторияларға жіберіп отырмыз. Флорида (АҚШ) және Жапониядағы ұлттық ғылыми орталығына. Екі жерге жіберуіміздің себебі, бір жерде дұрыс шықпай қалса, екіншісінде дұрыс болады. Сәйкестендіру жасауға қолайлы», дейді археолог, ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ҒЗИ-нің жетекші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин.