Руханият

Алтын діңгегім

Кез келген әңгіменің құндылығы мен өзектілігі, негізінен, қозғаған тақырыбына қарай, сол тақырыпты ашу деңгейіне орай бағаланатыны белгілі.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңмен іске асыруды қолға алуды ұсынды. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деп атап көрсетті.

Көпұлтты Қазақстан жағдайында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы қоғамдық өзара келісімді нығайтатын маңызды фактор. Тілдердің үштұғырлығы идеясы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін құруға және дамытуға бағытталған ұлттық идеологияның бөлігі.

Үштілділік – нақты тұлға, ұжым, халықтың белгілі бір қоғамда қарым-қатынас үдерісінде қажет болған жағдайда үш түрлі тілді алма-кезек қолдану құбылысы.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде үштілділік мәселесін нақты іс түрінде жүзеге асыру керек пе? Әрине, керек. Еліміз бен жерімізге ие болатын жастар үш тілді де қатар меңгеруі тиіс. Бірақ, бұл үш тілдің тұғыры бірдей деген сөз емес. Қазақстанда бір ғана тұғырлы тіл бар, ол – мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Тұғыр сөзі діңгек, қазық деген мағынада қолданылады. Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал, жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап, уық секілді қадалады.

Жаһандану заманында жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайтуымыз керек. Соның бірі – тілдік коммуникация. Бұл үшін ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз.

Әрине, әр көтерілген мәселенің оң және теріс жағы болады. Әр тұлғаның өзіндік жеке пікірі болады. Бірақ, анау айтты, мынау айтты деген негізсіз, дәлелсіз күдіктен арылып, бой көтеріп отырған мәселенің маңыздылығының қаншалықты қажет дәрежеде екенін айқындап, нақты зерттеп алғанымыз жөн.

Егер, біз Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазақ тілін дұрыс жұмсай білсек, ол – қоғамдағы тілге жүктелетін қажеттілігімізді өтеуге жарайтын бай тіл. Мәселе тілдің міндетін дұрыс түсініп, өз міндетімізді атқаруда болып отыр.

Мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміздің абыройын асқақтату, әр жасөспірімге тіл үйретіп қана қоймай, қазақтың ұлттық құндылықтарымен қатар, барлық ұлттың салт-дәстүрлерін таныту, әр баланы отансүйгіш, елжанды жеке тұлға етіп қалыптастыру – ең басты мақсат.

Меруерт ҚАСЫМБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button