«Алтын дән мен төрт түлік – Арқа құты»

    Қарағандылық диқандардың биылғы жетістігіне күллі қазақ жұрты қуануда. Егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында 1 миллион тоннадан астам астық қамбаға құйылды. Бұл – жаңбырлы жаз бен егіншілеріміздің еселі еңбегінің нәтижесі деп білейік. Сонымен қатар, кейінгі жылдары Арқа төсіндегі төрт түліктің қарасы да артып келеді. Асыл тұқымды мал өсіруге бет бұрған шаруашылықтар қатары көбеюде. Үкімет тарапынан жолға қойылған бағдарламалардың арқасында жергілікті шаруалар қолдағы малды асылдандыруға ден қоюда. Аймақтағы ауыл шаруашылығының бүгінгі аяқ алысы турасында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан БЕКҚОЖИНМЕН болған әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Юржан БЕКҚОЖИН,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Юржан Асанұлы, жер емген ағайынның еңбегіне қарай биыл жаз Арқада жауын-шашын мол болды. Сөйтіп, диқандар Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық және облыстың 80 жылдық мерейтойына толайым тарту жасады. Әңгімемізді осы егін орағы науқанынан бастасақ…

Иә, біздің диқандар биыл өте биік көрсеткішке қол жеткізді. Науқан барысында 725,7 мың гектар алқаптағы егін орылды. Нәтижесінде, 1 млн. 14 мың тонна астық жиналды. Орташа түсім – гектарына 14 центнерден айналды. Бүгінде бұл көрсеткіш өте жоғары меже ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін 1979 жылы – гектарына 13 центнерден, 2013 жылы – гектарына 12,6 центнерден өнім жиналған еді.

Егін шаруашылығындағы бұл жоғары көрсеткішке шаруашылықтардың жаңа технологияларды кеңінен пайдалануы арқылы қол жеткізілді. Мәселен, ылғал ресурсын сақтау технологиясы егістік алқабының 580 мың гектарында немесе 78,3 пайыз аумағында қолданылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 29,1 мың гектарға артық.

Осы орайда мол өнім жинаған шаруашылықтарды атап өте аласыз ба?

Әрине, тынымсыз төгілген тер мен табанды еңбектің арқасында көл-көсір өнім алған шаруашылықтар баршылық. Біздің облыстағы негізгі астықты аудандар – Абай, Осакаров, Нұра аудандары екенін білесіз. Мәселен, Абай ауданында орташа түсім – 20 центнерді, Нұра ауданында – 14,2 центнерді, Осакаров ауданында – 14,5 центнерді көрсетті.

Шаруашылықтар арасында Абай ауданындағы «Макс» шаруа қожалығы гектарынан – 25 центнер, «Астра Агро» ЖШС гектарынан – 30 центнер өнім алды. Сондай-ақ, Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС гектарына – 16,6 центнер, «Қайнар» ЖШС – 15,1 центнер, Осакаров ауданындағы «Агросоюз» ЖШС – 19 центнер, «Октябрьское» ЖШС – 18,2 центнер астық орса, Қарқаралы ауданындағы «Жайма» ЖШС гектарына – 25 центнер астық жинады.

Биыл қар ерте түсті. Орылған астықты сақтау мәселесі қалай шешілді? Қызылды қар басып қалмады ма?

Жоқ, астық қар астында қалған жоқ. Облыс бойынша сыйымдылығы 138,3 мың тонналық 4 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс жасайды. Мұның барлығы да тиісті лицензиясын алған. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің базасында сыйымдылығы 517,9 мың тонна болатын 523 астық сақтау қоймалары бар.

Сонымен қатар, егін орағы науқанында облыстағы ұн өндірісімен айналысатын 12-ден астам кәсіпорын астықтың қомақты бөлігін сатып алды. Және 22 мың тонна астық экспортқа жөнелтілді.

Қарағанды топырағында картоп та жақсы өседі ғой. Биылғы жиналған өнім көлемі қаншалықты?

Биыл 8451 гектар алқаптан 192,4 мың тонна картоп алынды. Облыс бойынша картоптың орташа түсімі гектарына – 228 центнерді межеледі. Ал, кейбір жекелеген шаруашылықтар бұл межеден асып түсті. Атап айтқанда, Абай ауданындағы «Астра Агро» ЖШС әр гектардан – 360 центнер, «Шанс» шаруа қожалығы – 335 центнер картоп жинаса, Нұра ауданындағы «Шахтер» ЖШС гектарынан – 330 центнер картоп алды. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Мен алғашқы лектен көрінгендерді ғана атап отырмын.

«Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасының барысын сөз етсек…

«Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында 10 айда облыстағы агроөнеркәсіп кешеніне 5869,9 млн. теңге қолдау жасалды. Мұның арасында, мал шаруашылығына – 2577,3 млн. теңге, егін шаруашылығына – 1533,2 млн. теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен 1759,4 млн. теңге қарастырылды.

Жалпы құны 6,1 млрд. теңгеге даму институттары арқылы 995 жоба несиелендірілді. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде 66 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта 55,2 млрд. теңге жұмсалуда.

Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 8 инвестициялық жоба қолдау тапты. Құны 23,8 млрд. теңгені құраған жобалардың арқасында 935 жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның бесеуі биыл жүзеге асады деп күтілуде. Жалпы сомасы 3,2 млрд. теңге жұмсалған жобалар бойынша 472 жұмыс орны ашылады.

Мәселен, сәуір айында «Корпорация «Қарағанды-Нан» ЖШС базасында «Өндірісті кеңейту және жаңғырту» жобасы іске қосылды. 608,5 млн. теңгеге жабдықталған зауытта 34 адам еңбекпен қамтылды. Осының нәтижесінде, зауыттың өндірістік қуаты 2017 жылы жылына 3300 тонна макарон өнімдеріне жетеді.

Биыл «ҚазАгро» АҚ арқылы 5 жоба қаржыландырылды. 3,7 млрд. теңгені құраған жобалар сәтімен іске қосылуда. Биыл 3 жоба аяқталды. Қарағанды қаласындағы «Сангуаж» ЖШС-інде сыйымдылығы 1100 тонна болатын көкөніс қоймасы (134,8 млн. теңге) тұрғызылды. Абай ауданындағы «АПХ «Сарыарқа» ЖШС-інде 3000 малға арналған бордақылау алаңы (710,3 млн. теңге) салынып, Бұқар жырау ауданындағы «Караганда Осетр» ЖШС-інде тауарлық бекіре балығын өсіру ісі (583,7 млн. теңге) қолға алынды.

Және Бұқар жырау ауданындағы «Жаке» шаруа қожалығы мен Абай ауданындағы «Нияз батыр» өндірістік кооперативінде 3000 малға арналған бордақылау алаңы тұрғызылуда.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер қаржысы есебінен 51 инвестициялық жоба қолданысқа енгізілуде. Мұның 17-сі табысты жұмыс істеуде. Бұл мақсатта 10043,2 млн. теңге жұмсалды.

Жылды қорытындылауға ертерек. Әйтсе де, жыл басынан бері аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тарапынан өндірілген өнім көлеміне тоқталып өтсеңіз…

Өткен 10 айда ауыл шаруашылығы бойынша жалпы өнім көлемі 196,1 млрд. теңгені құрады. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5,4 пайызға артық көрсеткіш. Оның ішінде, 95,5 мың тонна (1,8 пайыз) – ет, 367,3 мың тонна (7,8 пайыз) – сүт, 521,9 млн. дана (0,2 пайыз) – жұмыртқа өндірілді.

Ірі қара саны 1,2 пайызға көбейіп, 482,5 мыңға жетті. Сондай-ақ, облыс көлемінде 262,5 мың жылқы, 3825,3 мың құс бар.

Биыл облыста түрлі бағыттағы 12 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Абай ауданында «Аскар АС», «Фард+», Бұқар жырау ауданында «Асыл түлік Қарағанды», Ақтоғай ауданында «Алаш Агро», «Береке-Бірлік», Қарқаралы ауданында «Ақтілек», Жаңаарқа ауданында «Батыр ауылы», «Жанболат», Осакаров ауданында «Яковлев», «Осакаровский», Шет ауданында «СПК Бірлік», Сәтбаев қаласында «Ұлы дала» кооперативтері ашылды.

Осы тұстан мал шаруашылығы саласына қарай ойыссақ… Бүгінде аймақтағы асыл тұқымды мал шаруашылықтарының тыныс-тіршілігі қалай? Мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары жүргізілуде?

Алтын дән мен төрт түлік – Арқа құты. Мал шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылатын агроөнеркәсіп секторының ең әлеуетті бағыты. Біздің аймақтағы ауқымды жайылым жерлер мен қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар аталған саланың ойдағыдай дамуына айтарлықтай септігін тигізуде. Бұл ретте асыл тұқымды мал санын көбейту жұмыстары қарқынмен қолға алынуда.

Бүгінде облыс бойынша 70 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара өсіруге мамандануда. Бұл шаруашылықтарда 13,5 мың асыл тұқымды ірі қара бар. 11 шаруашылықта – 38,5 мың асыл тұқымды қой, 10 шаруашылықта – 3,9 мың асыл тұқымды жылқы, 3 шаруашылықта – 25,2 бас асыл тұқымды шошқа тіркелген.

Асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін алған шаруашылықтарға қолдау шаралары қалай жүргізілуде?

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында жыл сайын мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 1,6 млрд. теңге қарастырылды. Бұдан бөлек, республикалық қазынадан 953,3 млн. теңге субсидия бөлінді.

«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 3165 асыл тұқымды ірі қара сатып алынды. Оның ішінде, 3021 сиыр болса, 144-і – бұқа. «Құлан» бағдарламасы арқылы 2822 жылқы жеткізілді. Ал, «Алтын асық» бағдарламасымен 5162 қой алынды.

Асыл тұқымды шаруашылықтар бұл малынан алынған төлін сатылымға шығарды. Барлығы 3,4 мың мал сатылды. Бұл ретте алдыңғы қатардан көрінген шаруашылықтарды атап өтсек. Жаңаарқа ауданындағы «Ескене», «Жанболат» шаруа қожалықтары, Шет ауданындағы «Ақшоқы» шаруа қожалығы, Нұра ауданындағы «Қайнар» шаруа қожалығы – ірі қара малын, Жаңаарқа ауданындағы «Сенім» шаруа қожалығы, «Жеңіс» ЖШС, Шет ауданындағы «Шолақ еспе» шаруа қожалығы – жылқыны, Нұра ауданындағы «Отқанжар» ЖШС, Жаңаарқа ауданындағы «Жеңіс» ЖШС, Ақтоғай ауданындағы «Жәмші» ЖШС және Шет ауданындағы «Алишер» шаруа қожалығы қой малын таратты.

Бүгінде мал етіне сұраныс баршылық екені сөзсіз. Туындайтын сауал: мал терісін іске жарату мәселесі кенжелеп тұрған жоқ па?

Мал терісін өңдеу барысында кемшіліктер бары рас. Биыл 179,9 мың ірі мал терісі, 384,7 мың ұсақ мал терісі жиналды.

Ірі малдың терісін сатып алу қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлер арқылы іске асып отыр. Ал, ұсақ малдың терісін сатып алу жұмысы қазіргі уақытта кенже қалуда. Негізгі себеп – тері өңдеу жұмысы экономикалық тұрғыдан қарағанда орасан шығынды талап етеді. Пайдасы жұмсаған шығынды ақтамайды. Сондай-ақ, өңделген теріні пайдаланатын тігін шеберханаларының болмауы да әсер етуде.

Әрине, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу және сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығару – облыс агроөнеркәсіп кешенінің негізгі бағыты болып саналады. Аймақта аталған салада 132 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындар жылына құны 95 млрд. теңге болатын 960 мың тонна өнім өндіріп келеді. Өткен 10 ай ішінде өндіріс көлемі 83,8 млрд. теңгені еңсерді.

Қаңтар-қыркүйек айлары аралығында тамақ өнеркәсібіне 2829,3 млн. теңге инвестиция тартылды. Бүгінде облыста астық өңдеумен – 23, сүт өңдеумен – 7, ет өңдеумен – 40 компания айналысады.

«Қыс шанаңды жаз сайла» деген. Алдағы көктемге, егіс науқанына дайындық шаралары қалай жүргізілуде? Жоспарыңызбен бөліссеңіз…

Алдағы жылы да облыстағы гектардан түсетін өнім шығымын арттырып, егістік көлемін ұлғайту жоспарлануда. Дәнді дақылдар алқабын 789,9 мың гектарға дейін жеткізіп, яғни, 42,4 мың гектарға арттыру көзделуде.

Ал, картоп егістігін 8800 гектарға дейін немесе 350 гектарға, көкөніс алқабын 1600 гектарға дейін немесе 150 гектарға ұлғайту мақсаты тұр.

Сонымен қатар, көпжылдық және біржылдық шөптердің егістік көлемін арттыру жоспарланып отыр. 2016 жылы көпжылдық шөп – 34,5 мың гектар, біржылдық шөп – 8,9 мың гектар болды.

Жоғарыда аталған мақсаттарды орындау мақсатында 2017 жылғы көктемгі егіс науқанына 86,6 мың тонна дәнді дақыл және 26 мың тонна картоп тұқымдары сақталуда.

Сонымен қатар, 2017 жылы малдың барлық түрін арттыруға жоспар құрылуда. Ірі қара саны – 1,2 пайызға өсіп, 483,9 мыңға жеткізіледі. Оның ішінде, сиыр – 1,5 пайызға (262,5 мың), қой мен ешкі – 0,3 пайызға (999,7 мың), жылқы – 1,4 пайызға (252,2 мың), шошқа – 0,5 пайызға (77,4 мың), құс – 0,6 пайызға (2474,8 мың) көбейтуді мақсат етудеміз.

«Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары бойынша асыл тұқымды малдарды сатып алу шаралары келер жылы да әрі қарай қарқынмен жалғастырылады.

Абай ауданындағы «Нияз батыр» шаруа қожалығы 3000 мың малға арналған бордақылау алаңы мен «Байғожа» шаруа қожалығында, Бұқар жырау ауданындағы «Дело-Агро-Азия» ЖШС, Нұра ауданындағы «Қоғабаев» шаруа қожалығында, Осакаров ауданында «Найдоровское» ЖШС-інде, Шет ауданындағы «Байбала» шаруа қожалығында бес сүтті-тауарлы фермалар құрылысы аяқталады.

Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру көзделуде. Мал еті – 126,5 мың тонна (1,2 пайыз), сүт – 415,8 мың тонна (1,5 пайыз), жұмыртқа – 536,3 млн. дана (1 пайыз) болады деп күтілуде. Ет экспорты 500 тоннаны құрайтын болады.

539 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынады. Бұл биыл жеткізілген техникадан 16,9 пайызға (78 дана) артық.

Жалпы, 2017 жылы мемлекеттік қолдау шаралары 17 млрд. теңгенің көлемін еңсеріп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға жұмсалады деп жоспарланып отыр. Аталған сома биылғы жыл деңгейімен салыстырғанда 7,5 млрд. теңгеге асады.

Тұщымды да мәнді әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Нұрқанат ҚАНАФИН.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.