Руханият

Алтын арқау

Қарап отырсақ, елдік пен ерлікке келгенде, алдымызға қара салмаған халық екенбіз. Ерте заманнан бері. Сонау Алтын Орданың дәуірлеп тұрғанында Сарай-­Бату, Сарай-­Беркеден сегіз қиыр шартарапта қандай халық болса, солардың қай­қайсы да табылар еді дейді тарих. Ұлы Жібек жолының жүріп жатқан уақыты екенін тағы қаперлеп қойыңыз осы тұста. Алтын Орданың хандары дәргейіндегі халықтардың тілі, діні, мәдениеті мен салт­дәстүріне тиіспеген ғой. Кейінгі Қазақ хандығы кезінде де солай. Сарайшық, Сығанақ, Сыр бойы қалаларында сауда керуендері арқылы өркениет қайнап жатқан. Кейінде іштен іріп, бүйректей бөлінсек, бөліп ал да билей бер деп іріткі салған басқыншы жұрттың қитұрқы сая сатының кесірі. Соның өзінде шілдің қиындай шашырап кетпеппіз. Әйтпесе, «таспен атқанды аспен ат» деп өсиет қалдырған ел алауыз болды деудің өзі ақылға сыймайды. Тіпті, арып­ашып тыйтығы құрыған, онымен қоймай, репрессияға байланған кездің өзінде тағдырдың айдауымен жер ауып келгендерге кеңқолтық бауырмалдық танытқанымызды қайда қояды әлем? Түк көрмеген тобырлық өркениеттің өкілі болса өйте ме? Өзі жетпей отырғанда, бықпырт тигендей тырқыратып қуып шықпай ма? Жоқ, олай етпеппіз. Үлкен өрелі елдің текті тұқымынан екендігімізді танытып, тағдыр айдауымен келгендерге жарты нанымызды бөлісіп, бауырымызға басыппыз. Елдігімізді көрсетіппіз. Немісіңе, кәрісіңе, жер ауып келген жөйітіңе болсын…

Сол қадым замандардан бері ке ле жатқан асыл тек, ақсүйек нәсіл қанша қанды­қасап қырғын мен қырып-­жоюды, аштық пен зұлматты, қанқұйлы соғысты бастан кешсе де, Құдайдың жазуымен үзіл мей Тәуелсіздікке жалғасыпты. Азаттықтың алғашқы жылдарында да елде жағдай мәз емес­ті. Өліара. Осындай өткелекте, жаза басса жазым болар қылдан жіңішке, қылыштан өткір тұста ұлттың қантамырында қайнап жатқан дегдар қасиет қайта ояныпты. Демек, Алтын Орда дәуірі, Қазақ хандығы заманынан бойына сіңген ұлттың ұлы қасиеті өшіп кетпепті. Азаттықтың жалына жармасқан бойда алғашқы Президентінің маңдайын жарқыратып, аузына түсіпті. Кездейсоқ емес. Әлімсақтан Алаштың қаны мен жанынан сүйегіне сіңіп кеткен дегдарлық – елдікке, бірлікке, татулыққа бастайтын қасиет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасына қонып, Ассамблея туралы ой аузынан шыққаны 1992 жыл дейді жылнамашылар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан соң. Демек, азаттық алған бойда ел іргесін бүтіндеу туралы ойлағанда, Президенттің басында бірінші тұтастық тұрды деген сөз. Бірлігі бекем біртұтас елдің болашағы да жарқын. Сөйтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Елбасының Жарлығы 1995 жылдың 1 наурызында шығып, ол Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган болып құрылғанға дейін Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Алматыда өткен Қазақстан халқының бірінші форумында Ассамблея құру туралы ойын білдірді. Сонда бұл идея тәуелсіздіктің тетелесі, азаттықпен қатар ержеткен болып шығады. Парықтай беріңіз…

Түптеп келгенде, қазір Ассамблея туралы білмейтін қазақ жоқ десе болады. Тәуелсіздіктің темірқазығы тұтастық десек, алтын арқауы бірлік пен ынтымақты ту еткен Ассамблея. Ынтымағы ұйыған Отанымыздағы келісім мен қауымдастық. Берісі адамзат баласының бір­-біріне деген бауырластығы мен доскөңіл ізгілігі. Ал, ізгілік үстемдік құрған жерде, зұлымдыққа жол жоқ. Адамзат бірбіріне бауыр тартып, бірлік орнай бастағанда барып береке шөгеді. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерден ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Кісі баласының арасындағы азғантай ғана жақындастық, азғантай ғана көңіл осындай үлкен дүниелерге бастайтынын ертеден білген атам қазақ. «Көңіл көңілден су ішеді» дей ме, әйтпесе. Адам бойына қуат бітіретін көңіл болса, сол көңілдің өзі қуатты екінші бір көңілден алатын болып тұр ғой сонда. «Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық, Қыр артылмас болған соң – мінсе қырқың» депті Абай. «Бас­басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» деген де кемеңгер Абай. «Аққу, шортан һәм шаян» болып әркім өз білген жағына бұра тартса, елдің ынтымағы бұзылады екен. Жоғарыда біз атаған бөліп ал да билей бер содан шығады екен. Ендеше, Елбасының «Ассамблея, татулық, тұтастық» деп ұран көтеруінің мәні – тереңде. Азаттығымызды баянды етуде жатыр деген сөз сол азаттықтың арқауы тұтастықта болғанда, оның алтын тамыры сонау бағзыдағы қазақтың ақылманы, идеологиялық көсемі Бұқар жырауда, беріге келсе Абайда болып тұр ғой. «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек, Бұл үйректей болыңыз» деп, құс­екеш құстың топтанып ұшқанынан ғибрат тартқан Бұқардың жыры. Топталып ұшқан үйректер мысалының соңында «Айнала алмай ат өлсін, Айыра алмай жат өлсін, Жат бойынан түңілсін, Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз» демеді ме Бұқар­екең?! Көмекей әулие атанған абыз жырау бұл жерде ұлттың кемеліне келіп, өз қадіріне жетуін айтып тұр. Қадірің қайтса, бәрі қайтады! Қадірімізді қашырмау жолында күресейік онда.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button