Руханият

Алматыдан абыроймен оралды

Алматы қаласында «КТК» телеарнасының «Кел, шырқайық!» бағдарламасында Қарағандының «Ардагерлер» ансамблі үздік өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды.

Суретті түсірген автор

Ансамбль осы ансамбль мүшесі Ырыс Арысбекқызының бастамасымен құрылған екен. Содан осы байқауға қатысқан. Байқауда ансамбль мүшелерінің басқа өнерпаздардан ерекшелігі – алты адамның барлығы музыкалық аспаппен өнер көрсетіп, халық әнін шырқауында.

– Біз Алматыға барып, өзіміздің Арқа жұртының атынан өнер көрсетіп, керемет көңіл күйде оралдық. Біз өнер көрсеткенде барша көрермен орындарынан тұрып, құрмет көрсетті. Мен өмір бойы теміржолда қыз­мет етіп, зейнеткерлікке шыққан жанмын, – деді Жәмила Ботантаева.

Ансамбльде кеше жалындап, әртүрлі салада еңбек еткен, ал, бүгін зейнеткерлік демалыстағы ардақты ағалар мен ақ жаулықты әжелер бар. Алды 80-нен асса, кейінгілері жетпістің маңайында.

– Мен 35 жыл еңбек өтілі бар ұстазбын. Жас кезімде Қарқаралы қаласындағы «Салтанат» ән-би ансамблінің мүшесі болғанмын. Ансамбльдің мүшесі болған кезімде Түркмения, Өзбекстан мемлекеттерінде өнер көрсеткенмін. Осы уақытқа дейін өмірімде ұстаздық пен өнер жолын қатар алып келе жатырмын, – деді Бижамал Мырзаханқызы.

«Кел, шырқайық!» бағдарламасының ерекшелігі – байқауға әртүрлі саладан жиналған қарапайым адамдар қатысады. Бағасын студияда отырған қарапайым халық береді. Студиядағы дауыс берер көрермендерден бөлек, танымал өнер адамдарынан құралған қазылар алқасы да бар.

– Бізді қолдаған барлығыңызға рахмет. Ризамыз. Облыс әкімінің орынбасары мен AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалына алғысымызды білдіреміз, – дейді Ырыс Арысбекқызы.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button