Жезқазған

Қалдырған ізің мәңгілік

   Жыл сайын ұстаздар қауымы төл мерекесін қазан айының басында атап өтеді. Соған орай, мен де сағым жылдарымды, ұлағатты ұстазымды еске алғым келді.

Ыбырай Алтынсаринше айтқанда, өзін де, өзгені де сыйлайтын, өзгені де сыйлау үшін бойына парасаттылық, адамзатты түсіністікпен өмір сүруге жетелейтін қасиеттер дарыған ұстаздардың бірі де бірегейі – Бименде Амалбеков болатын.

Биекеңнен (көпшілік осылай атайтын) мен 1950-1953 жылдарда математика пәндерінен (алгебра, геометрия, триганометрия) сабақ алдым. Жақсы мұғалімді қанша уақыт өтсе де, ұмыта алмайды екенсің. Демек, мұндай педагог мемлекеттің алтын діңгегі екендігінде дау жоқ.

Биекеннің әрбір сабағы біз үшін өзгеше бір әлем іспеттес еді.

Бименде Амалбекұлының ұстаздық қыры бір төбе болуымен қатар, тәлім-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыра білудегі іскерлік шеберлігі де мол еді.

Ұзақ жылғы ағартушылық еңбегінің басым бөлігі мектеп директоры қызметінде өтті. Ол кісінің білімдарлығы, абыройы мен беделі сол мектептерде оқу-ағарту ісінің алға басуына себепші болды. Жаңаарқа, Қаражал, Өспен орта мектептерінде қызметтес болған мұғалімдер, әріптестері және оқыған шәкірттері сөзіме куә.

Білікті ұстаздың алдынан тағылымды тәрбие, терең білім алған айтулы азаматтар – мемлекет және қоғам қайраткерлері де, ғылым мен еңбек майталмандары да бар. Мәселен, танымал ғалым, академик Серік Қирабаев, публицист-ғалым Ақселеу Сейдімбек, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қани Мұсылманбеков және басқалары. Сөзім дәлелді болу үшін академик Серік Қирабаевтың: «Амалбеков Бименде адам ретінде де ұстаз ретінде де аяулы азамат еді. Білімді, сыпайы, кісілігі бар – нағыз зиялы адамның бірі болды» деген сөзін келтіруді жөн санадым.

2015 жылы Бименде Амалбекұлының ұстаздық еңбегі еленіп, Жаңаарқадағы мектептің аты берілді. Содан бері ұрпақтары, шәкірттері, оқу бөлімі, мектеп басшылары дәстүрлі түрде 2 жыл бойы математика пәнінен аудандық олимпиада өткізіп, оқушылардың білімге деген құштарлығын арттыруда.

Иә, «жақсының аты өлмейді» деген сол. Биекеңнің қалдырған ізі мәңгілік.

Балтабай МАЛДЫБАЕВ,

еңбек ардагері.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button