Бас тақырыпРуханият

АЛДЫҢЫЗДАН ЖАРЫЛҚАСЫН, МЕЙІРХАН АҒА!

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  қазақ дәстүрлі ән өнерінің ерекше құбылысы Мейірхан Сәйдіұлы АДАМБЕКОВ 62 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Жастайынан ерекше дауысымен есті әнге әуес, талғамы биік тыңдарманды жалт қаратты. Содан бері халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер мен абырой биігінде бола білді.

Мейірхан Адамбековтің орындауындағы «Шайтанкөл» әні Арқа жұртының сүйіп тыңдайтын туындысына айналған. Өйткені, ол әнді Мейірхан Сәйдіұлы сияқты нақышына келтіре орындайтын әнші кем де кем.

Дүлділ әншінің қазасы қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, көңілін ортайтты. Соңында сара жолын жалғайтын талантты ізбасарлары қалды.

Алла Тағала алдыңыздан жарылқап, мейіріміне бөлесін Сізді, Мейірхан аға!

Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Мейірхан Сәйдіұлы АДАМБЕКОВ – 1958 жылы 1 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Томар ауылында туған.

Алматы эстрада-цирк студиясын (Ж.Елебеков класы бойынша педагог Ж.Кәрменовтен) тәмамдаған.

1978 жылдан – Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі.

1981 жылдан – Қарағанды мемлекеттік филармониясының солист-вокалисі.

1987 жылдан – Қарағанды почтамтының инструкторы, жабдықтау жөніндегі инженері.

1993 жылдан – Қарағанды облыстық халық шығармашылығы және мәдени-игілік қызметі орталығының бөлім меңгерушісі.

1996 жылдан – Қарағанды музыка училищесі халық әндері бөлімшесінің меңгерушісі.

2003 ж. Қазақстан-Ресей университетін бітірген.

2008 жылдан – Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерт бірлестігінің солист-вокалисі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде халық әндері бөлімінің меңгерушісі.

Өмірінің соңғы жылдарында Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры қызметін абыроймен атқарды.

Халық композиторлары Біржан мен Ақан Серінің, Жаяу Мұса мен Мәдидің, Шашубайдың, Естай мен Ғазиздың және тағы басқа әндерді ұлттық нақышпен орындағанда сай-сүйегіңді сырқыратардай сиқырлы дауыс иесі еді.

Ә.Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты (1980).

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері (2000).

Қазақстан өнер шеберлері қатарында Франция, Швеция, Австрия, Болгария, Голландия, Венгрия, Ресей сияқты елдерде өнер көрсеткен.

Марқұмға арналған қонақасы 2020 жылдың 19 қаңтары сағат 17.00-де «Vogue» мейрамханасында (Қарағанды қ.,  Степной 1.,  2/2) беріледі. 

Жаназа намазы 2020 жылдың 20 қаңтары сағат 10.00-де Әл-Машани атындағы қалалық мешітте (Қарағанды қ.,  Кувская 1а) өтеді.

2020 жылдың 20 қаңтары сағат 13.00-де «Vogue» мейрамханасында марқұмға ас беріледі.

Үйінің мекенжайы: Қарағанды қ., Орбита 2.,  35 үй,  70 пәтер.

Басқа материалдар

Back to top button