«АЛДАР КӨСЕ» – балдырғандарға тарту
Қаламыздағы № 41 «Гүлдер» балабақшасының алаңына қазақ ертегілерінің сүйікті кейіпкері – Алдар Көсенің мүсіні орнатылды. Аталмыш туындыны белгілі мүсінші, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі – Боскей ҚЫЗДАРБЕКОВ сыйға тартты.
Боскей Әуезханұлы көпшілікке 1985 жылғы Арқалық қаласындағы «Даңқ аллеясы» грамотасының иегері ретінде белгілі. Қарағанды қаласының тұрғыны өз сөзінде «Алдар Көсе мүсіні – бүлдіршіндердің алақандай жүректеріне ұлттық рух пен қазақы болмысты ұялататын болады» деді.
Мерекелік шараны балабақша қызметкерлері, ата-аналар тамашалады. Мүсіннің тұсауын кескен Қазақстан журналистер одағының мүшесі Төлен Зәрубаев: «Бүлдіршіндерге тамаша базарлық сыйы болды. Алдар Көсе – әрбір қазақты мейірімді, әділ, батыл болуға үйретеді» деп атап өтті.
Гүлнара ЕРКЕНҚЫЗЫ, КМҚК №41 «Гүлдер» балабақшасы әдіскері:
– Балабақша қашанда тәрбиенің тал бесігі болып табылады. Ал, біз үшін – мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеудің маңызы зор. Елбасы Мәңгілік Елдің құндылықтарын атағанда өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында адамгершілік құнды қасиеттерді қалыптастыру отбасынан басталып, балабақшада жалғасын табатынын атап өткен болатын. Бұл мүсін – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының көрінісі.
Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында халық ауыз әдебиетінің алатын орны ерекше. Бала бойына адамгершілік құндылықтары ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтел, ертегі, жұмбақ, аңыз әңгімелер, өлеңдер арқылы сіңіреді. Енді № 41 «Гүлдер» балабақшасының бүлдіршіндері ертегі кейіпкерлерін ұмытпайтын болды. Алдар көсе қазақ тарихында қашанда жақсылықтың жаршысы болып қалатын тұлға.
Ертеден келе жатқан ертегі кейіпкерлері бала бойына қанат бітіріп, ізгі қасиет қалыптастырады. Алдар Көсенің мүсіні де әрбір бүлдіршінді парасаттылық пен әділдік жолына шақыратыны сөзсіз.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.