Жаңалықтар

Алаш аманатын арқалаған азамат

Адамзат тарихында Уақыт пен Кеңістік сияқты тарихи-философиялық ұғымдардан тыс тұратын ешқандай оқиға, құбылыс болмайтынына ден қойсақ, солардың аясында белгілі бір дәрежеде тарих сахнасына танымал жандардың шығуында да бір заңдылық бар сияқты. Сондай танымал адамның бірі – Көшкінбай Әбілдаұлы Әбілдин еді. Биыл осынау тұлғаның дүниеден озғанына 20 жыл толды. Аталмыш ықшам дүние ол кісіні білген, шарапатын көргендер және адамтану атты күрделі ілімде оны өздеріне ҰСТАЗ тұтқан шәкірттерінің естелігінен, тілектерінен туындағанын баса айтқым келеді.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Адам баласы жылап келіп, жылап кетіп жататын мына жарық дүниенің біз біле бермес заңдылығы бар ма екен, әйтеуір, бір үйлесім мен реттіліктің болатыны және солардың басы-қасында қажырлы жандардың жүретіні анық. Тым әріге бармай-ақ Шоқан, Ыбырай, Абай сынды ұлылар мен ірілер рухы XX ғасыр басында Әлихан бастаған Алаш қозғалысын, Алашорда партиясы мен үкіметін дүниеге келтірді де, асыл текті Алаш арыстары өз ұлтының білімді болуына күш жұмсап, сол білім мен ғылымға Абайдың толық адам тұжырымдамасын іргетас етіп алған-ды. Ал бұл өз кезегінде жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосылғанын қазірде ірі ғалымдар мойындауда.

Алаш қайраткерлері тәуелсіздік туын көтере отырып, оқу-білімді сол азаттықтың ең басты саласы деп қабылдады да, өздері тоталитарлық тәртіптің ұйғарымымен атылып, айдалып, әйтеуір, зардап шегерін сезді де, көзі ашық зиялыларға аманат етіп, оқу-білім ісін өркендетуді қалдырған еді. Барша саналы ғұмырын осы салаға жұмсаған жанның бірі Көшкінбай Әбілдин еді. 1928 жылы Ақтоғай ауданында дүниеге келді. Қарқаралы педтехникумын, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша үздік бітірді. Аздаған уақыт партия, кеңес саласында қызмет істеді, негізінен, бүкіл ғұмырын оқу-ағарту саласына арнап еді. Нендей жағдай болса да, кейбіреулердей жарнамалап, өзгеге жар салудан бойын аулақ салатын осынау тұлға еңбек жолын мектепте мұғалім боп бастады. Кадрлардың тапшы кезі. Жоғары білімді адамдар аз. Білім беру органдарына, партия, кеңес, кәсіподақ, комсомол ұйымдарына білікті қызметкерлер қажет. Партия қызметіне тартып, баулыған азаматтар кезінде: «Егер мансап қуып, лауазымды қызмет іздесе, Көшкең бір аудан, не облысты басқаратын еді. Республиканың билік органдарына жоғарылап, идеология жөнінде хатшы, ең кем дегенде министр болатын еді, алайда, ол педагогтік қызметті таңдады. Лауазым, мансап қуған жоқ» дегені есімде қалыпты. Ақиқатқа жүгінсек, осы шағын дүниені жазу аса қиынға түсті, себебі, ол кісінің бойындағы рух биіктігі, тектілігі мен бекзадалық болмысы, жан дүниесінің аса күрделілігі, қоғам келбеті мен уақыт талабын тез бажайлай алатын сұңғыла саясаткерлігі, тегеурінді де шешімтал іс-қимыл, әрекеті, нендей шешім қабылдаса да заңға сүйенетін сақтығы – бәрі де жазуымызға қолбайлау болды, жауапкершілік жүктеді, шынымызды айтсақ, діттеген жерімізге жетпеген сияқтымыз.

Сірә, осынау тұлғаның күрделі болмысы, тым білімдарлығы, аласалық пен таяздықты, ойсыздық пен парықсыздықты сыртқы сұсымен-ақ жасқап, тым тақалтпайтындығы бөгеді, белгілі бір дәрежеде тұсау болды-ау деген ойдамын. Ол бәрінен бұрын мұғалім болуды армандаған жан екені көрініп тұратын. Еш уақытта өзінің білімпаздығын, зияткерлік өре деңгейінің биік екенін өзгеге айтып, сөз қылғанын да ешкім білмепті. Алайда мені ешкім артық айтты деп сөкпес, ол кісі өз заманынан оза туған азамат еді дегенді баса айтқан орынды, өзін-өзі жарнамалап, мақтамаса да, әлгі асыл қасиеттері жүріс-тұрыс, сөйлеген сөзінен аңғарылып тұратын.

Ол кісі адам тани білетін жан болатын, айтулы педагог, нәзік психолог, ақиқатын айтсақ, нағыз ғалым, онда да адамтану философиясын терең меңгерген тұлға еді. Ұлылар мен ірілерді көрген, талай әйгілі ғалымдармен бірге оқыған адам-тын.

Көшкінбай аға адамдардың қандай екенін білуімен қатар, рухы күшті, адал адамдарды бағалай да білетін, уәдесіне берік болатын. Адамдар арасындағы сыйласымды ерекше құрметтейтін берік ұстанымның иесі еді. Алматыда бір кездесудің сәті түскенде Ә.Қанафин, Ш.Амантурлин (бұрындары Шет ауданында қызмет істепті) сияқты белгілі адамдармен, Өжетбек, Қадыр, т.б. сияқты оқытушы, ғалымдармен сұхбаттасқаным бар. Олардың Көшкең туралы жоғары баға, ыстық лебіздерін естіп, жастау кезім ғой, қатты шаттанғаным бар. Жақсы ағаға лайықты іні бола алатын, жақсы ініге лайықты аға бола алатын адам болатын. Сол кездің өзінде-ақ дүниетанымының көкжиегі өте кең, рухани өрісі байтақ жан екендігі байқалатын. Ұзақ жылдар бойы аудандық оқу бөлімін басқару ол кісі үшін белгілі бір дәрежеде мекеме басшысының қызметіне көтерілуден гөрі, Алаштың ұлы азаматтары аманат етіп қалдырған аса ірі миссияны орындауға бағытталған қажыр-қайратынан сезілетін. Қалай болғанда да, бодандық қамыттың мықтап киіліп, ұлттық санаға еркіндік беріле қоймаған дәуірде қызмет атқарған адам ғой, ол кісі зиялы қауымды ортақ істе біріктіре алды. Жеке бас­тың қамы үшін емес, ұлттық мүдденің салтанат құруы үшін бірден ашық кетпесе де, партия шешімдерін желеу етіп, сол жүйенің қуатты да қатаң идеологиясын қалыптасқан тоталитаризм ұстанымдарына шеберлікпен қарсы қоя білді. Яғни, үстем жүйенің өктемдігін ұлттық мақсатқа қызмет еткізуге күш салды.

Кеңес дәуірінде аса қуатты идеологияның мерейі үстем болғаны белгілі. Оның басты мақсаты – ұлтсыздандыру принципі болатын, ақыл-ой, санаға бұғау салынып, білім, ғылым, мәдениет қуатты саясиландыру үрдісін бастан кешті. Әкімшілік-әміршілік жүйе білім, ғылымға араласты, ұлт тарихын басқаша сипатта жазуға бұйрық берді. Нағыз ұлтшыл Көшкінбай Әбілдиннің «нағыз ұстаз», «ұстаздардың ұстазы» атауына ие болуы өзі қыз­мет еткен өңір бойынша қазақ мектептерінің жабылмауына ерекше күш жұмсады, құдіреті күшті партияның «гуманистік» шешімдерін алдыға тартып, ұлт мектептерін аман алып қалды, бұл жайтты қазір біреу білсе, біреу білмес. Бұл әрекет қаншалықты қиындыққа түсті, ол жағы бір Аллаға ғана аян шығар?!

Көшкінбай ағадан сиректеу болса да, там-тұмдаған әңгімелер естідім. Қасқар бабамыз туралы аздаған деректерді сол кісіден және Қуаныш Жақыпов ағамыздан алып едім…

Көшкеңнің өмірлік қосағы Мағжан Біләл­ова Қарағанды пединститутын орыс филологиясы бойынша үздік бітірген озат мұғалім еді. Ы.Алтынсарин атындағы мектепте ол кісі бізге сабақ берді. Бұл кісілер өмірге жақсы ұрпақ әкелді. Тәрбиені, ұлағатты болмыстарына молынан сіңірген Айгүл, Болат, Нұргүл, Қанат, Саят, Гүлнарайымдар, қысқарта айтсақ, қос абзал жанның ұл-қыздары деген атқа кір келтірмей жүргеніне тәубе дейміз!

Сөз соңында осынау шағын дүниені Көшкінбай аға мен Мағжан жеңгеміздің рухына арнап, алдары бейіш, арттары кеніш болғай деген тілекпен аяқтап отырмын.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан ПҒА құрметті академигі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button