Басты тақырыпТұлға

Қаламына қанат бітірген

Ардагер журналист, белгілі қаламгер Мақсым Омарбеков өңір баспасөзі тарихында ерекше із қалдырды. Тағдырдың сан азабын тарта жүріп, қолынан қаламын тастамай, еліне қалтықсыз қызмет етті. Аға буын қаламгерлердің шарапатын көріп, олардың өнегесін бүгінгі буынға аманаттап кеткен Мақсым Омарбековтің өмірден озғанына бір жыл толуына орай, баласы Мақсат Мақсымұлымен аз-кем сұхбат құрғанбыз.

– Мақсат Мақсымұлы,   белгілі журналист-жазушы Мақсым Омарбековтің  бақилық  болғанына бір жыл толыпты. Мақсым ағамыз өңіріміздегі  бетке ұстар  тілшілеріміздің бірі болды. Оның есімі республикамызда қалам ұстап жүрген аға буынның бәріне таныс. Жалпы, Мақсым ағамызды биікке көтерген, алға талпындырған қандай қасиеттер бар?

– Әкеміздің 40 жылдық журналистік өміріне шолу жасасам, барды қанағат  тұтып, адал еңбегімен күн көріп, халқымен бірге болған екен. Күреске толы  өмірінде туған жер үшін ту тігіп, адамдар үшін өмір сүріп, елі, халқы үшін тер төгіп, зұлымдық пен зорлық-зомбылыққа қарсы күресу, сол ұлы мақсат жолында жұрттың құрметіне бөлену әкеміздің маңдайына жазылған  бақыт еді.

Ел-жұрттың қолдауымен  үш мәрте облысқа депутат болып сайланды. Қазыбек би, Қарқаралы аудандарының «Құрметті азаматы» атағы берілді.  Мыңнан астам сүйекті очерк, мақалалар, фельетон, 7 кітап жазып, бес ұжымдық жинаққа  автор ретінде кірген екен.

Әкеміз ұйықтап   жатқан сана мен намысты оятты.  Немқұрайдылық пен   салқын салғырттыққа, жалпы тірліктегі  сатқындық пен жауыздыққа қарсы шығуға   жұмылды.

Сондықтан  да болар  – әкеміз   ұлы бабамыз  Қаздауысты  Қазыбек бидің  «Сөз анасы-шындық» деген даналық өсиетін   темірқазық жұлдызындай   қасиеттеп ұстанды.

– Кез келген жетістік ізденіспен келеді. Мақсым аға да жастайынан кітапқұмар болып өсті. Ауыл кітапханасын тауысып оқыдым деп отыратыны әлі есімізде. Кітап оқып, білімге сусындау кейінгі өміріне қалай әсер етті?

– Бала кезеңнен әкеміздің кітапқа, білімділікке құмарлығы көзін   ашып, дүние -таным   көкжиегін кеңейтті. Сонау Қайнарда 9 класта    оқып жүрген әкеміз қызыл империяның шет-шегін, әдіс-айласын,  қулық-сұмдығын басынан аяғына дейін түстеп танып білмесе де, шовинизм деген пәленің суық ызғарын шет жағасын болса да, жақсы пайымдаған, туған халқымыздың тарихын аяқасты етіп отырған күштерге зығырданы қайнаған, намысына күйетін.  Осы ыза-ашу, өкпе-реніш  Алматыға, Қазақстан Оқу министрлігіне қазақ халқының тарихы неге оқытылмайды, біз өз еліміз бен жеріміздің тарихынан не себепті хабарсыз мәңгүрт болып өсуге тиістіміз  деп хат жолдаған.

10 класта оқып жүргенде әкем бастаған бір топ оқушы «Жас қазақ» деген ұйым құрған. Ұйымның жарғысы мен бағдарламасында тәуелсіз қазақ мемлекетін құру, халықтың ұлттық сана-сезімін қайта жаңғырту деп белгіленген. Империялық сайқал саясатқа қарсы күресі студенттік кезде де жалғасын тауып, белгілі ақын, марқұм Кәрім Сауғабай екеуі бірігіп, студенттік  жастарға  арнап қазақ тілі мен салт-дәстүрдің өктемдік қыспағына түсіп отырғаны жайында үндеу хат  жазып таратқан.

Шындығында, соғыс жылдарында дүниеге келген әкемнің өмірі мен күресі  саясаттағы жылымық пен тоқырау және 1985 жылы басталған қайта құру, антиядролық қозғалыс деп аталатын тарихи кезеңдерге  дөп келіпті. ХХ-шы ғасырдың ең ақырғы қанды империяның қып-қызыл қан түстес туының құлағанына куә болды.

– Біз Мақсым ағаны көбіне қызметте көріп жүрдік. Ал үйде, отбасында ол кісі қандай  еді? Шығармашылық адамдардың көбіне үй- жайға қолы тие бермейді ғой. Ол кісі бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлді?

– Әкеміз ұл өсіріп, қыз тәрбиеледі. Әкем түзде қандай болса, үйде де сондай қалыпта болды деп ойлаймын. Отбасына адал, жанашыр, балаларына мейірімі төгіліп тұратын.  Дауыс көтеріп сөйлеген адам емес.  Өте қарапайым, кішіпейіл адам болды. Біздерге баптап, ақыл кеңес беріп, Ұлы Абай атамыздан көп мысалдар келтіріп отыратын. Жастайымыздан еңбекке баулыды. Адалдық пен ізгілікке тәрбиелей отырып, сатқындық пен надандықтан бойымызды аулақ ұстауға шақырды. Үлкен, күрделі мәселелер болмаса, үй жайындағы ұсақ-түйек мәселелерге араласпайтын. Дастархан жайып, қонақ күту, әкемнің  бабын тауып, жағдайын жасау анамыздың міндеті еді. Әке-шешеміз қол ұстасып отасқан 50 жыл ішінде ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып,  өздеріне  тиеселі ата-ананың парызын толығымен өтеді.  Енді ұрпақтары, біз, ата-ана алдындағы қасиетті парызымызды өтеуге тырысудамыз. Қаншалықты екенін уақыт көрсетер.

 

– Мақсым Омарбеков – жеті кітаптің авторы. Енді, міне,  өзіңіз бас болып қаламгердің қалған мұрасын жинап, түптеп жаңа кітап шығардыңыз. Осы жаңа кітап  жайында айтып өтсеңіз.

– Әкеміз тар жол, тайғақ кешу өмірінде көркем шығармаларды жазудан қол үзбеген жан. Ол алғашында поэзияға ден қойып, көптеген өлеңдер жазды. Кейіннен прозаға ауысып, бірнеше көркем шығармалардың авторы болды, оның алғашқы «Ақ жаңбыр» атты кітабы Мұхтар Мағауиннің мақтау рецензиясымен жарық көрді. Одан кейін де әкеміздің «Адам ізі», «Махаббат пен қиянат» «Сағыныш ғұмыр, сағым жылдар», «Арпалыс», «Өмір өткелдері», «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» кітаптары жарық көрді.

Оқырмандарға жол  тартқан “Абыралыдан Қарқаралыға дейін” атты кітабындағы  “Ғұмырнамалық хикаят”, «Менің әріптестерім – ағаларым», «Жақсы сөз-жарым ырыс» атты бөлімдерін әкеміз көзі тірісінде өзі дайындап, баспаға әзірлеген болатын. «Әлі де біраз дүниелерді жазып қосу керек» – деп отыратын. Әкем науқасынан айықпай дүние салып кете барды. Біз балалары өз тарапымыздан аяулы әкеміздің дайындап кеткен кітап жобасын “Суреттер сыр шертеді”, “Құжаттар мен куәліктер”, “Өлең – сөздің патшасы”, “Жырауды жоқтау”  бөлімдерімен толықтырып, ұрпақ парызын өтеуге тырыстық.

Жалпы бұл кітап – әкеміз М.Омарбекұлының Абыралыдан Қарқаралыға дейін жүріп өткен бұралаңы мол, кедергісі көп, сонымен қатар жасампаздығы мен жеңісі  қатар жүретін өмірлік жолының тасқа басылған тарихы деуге болады.

Тұтас  өңірдің  тұнып тұрған шежіресі деуге тұрарлық әкеміздің бұл еңбегі кейінгі ұрпақтың қолында мұра  болып қалар тарихи құнды деректер болатындығы сөзсіз. Сөз арасында айта кетейін, әкеміздің  “Қарқаралыдан Абыралыға дейін” атты кітабының тұсаукесер кеші 27 шілде сағат 11.00-де аудандық кітапханада өтеді.

– Бүгінде әке туралы толғаныс сізді қандай ойларға жетелейді? Мақсым аға  туған елі мен жерін беріле сүйген адам. Сол үшін тер төкті, еңбек етті. Журналистік жол жанкештілікті талап етеді. Оның осындай адал еңбегі баспасөздің дамуына, өңіріміздің өміріне қосқан үлесі қаншалықты ақталды деп ойлайсыз?

– Қазақтың “Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін”, “Жақсы әкенің аты ұрпағына шапағатын тигізеді”  деген  тәмсілдері өмір шындығынан алынғаны сөзсіз. “Мақсымның ұлы” деген атақ – бізге, ұрпағына берілген  ең үлкен  абыройлы атақ. Біз үшін осы қастерлі  есімнің елі  мен жері үшін жасаған елеулі еңбегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты міндет.

Өмірінде,  журналистік қызметінде ылғи да қиындық көрді, шырылдап шындықты айтқаны үшін арамзалар кәдімгі жаудай соңына түсті. Бірақ арамзалар әкемді жеңе алмады. Қазақстанның беделді атақтарын алды, жеті кітабын жарыққа шығарды. Әділдік, шындық үшін, ел мен жері үшін, халқы үшін, өмір, жас ұрпақ  бақыты үшін күресті.

1980-1990-шы жылдары  жерімізді ойрандаған атом жарылыстарына қарсы күресті. Сонау қилы уақытта Қарқаралы ауданының жабылып қалмауына күресті. Халқымен әрқашан бірге болды. Халқына қандай адал қызмет  жасаса, халқы да оған адал болды. Әкемді халқы үш рет облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлады. Облыс депутаты бола жүріп «Семей-Невада» қозғалысының аудандық ұйымының төрағасы ретінде әкем Қарқаралы ауданының экологиялық жағынан сауықтандыру мен тұрғындар мүддесін қорғауда табандылық танытты. Әкеміз туған жерінің әсем табиғатының шырқы бұзылмауын, қаласының сәні мен салтанатты атағына сай болуын, болашақ ұрпақ қамын ойлады. Ол күнделікті күйбің тірліктің ұсақ- түйегін теріп кетпей, Қазақстан інжулерінің бірі Қарқаралының болашағын ойлады.

Әкем мақсатына жетіп, халқына адал қызметінің бағасын  алды. Біз оған шүкіршілік етеміз, оны мақтан тұтамыз.Туған еліміздің тәуелсіздігін баянды ету жолындағы қасиетті күресте әкеміз сияқты жастар көп болғай демекпіз.

 

Сұхбаттасқан

А.Сәулебайұлы.

 

P.S. Ардагер журналист Мақсым Омарбековтің жылдық асы 28 шілде күні сағат 13.00-де «Асылан» кафесінде беріледі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button