Бас тақырып

Қаламгерге құрмет

Кеше облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев белгілі жазушы, Қазақстан Респуб­ликасының Құрметті журналисі, этнограф Төрехан Майбасты жеке қабылдап, жетпіс жас мерейтойымен құттықтады.

Қазақы дәстүрмен мерейтой иесінің иығына шапан жапты.

– Сізді мерейтойыңызбен құттықтау сәтіне бек қуаныштымыз. Ел журналистикасы мен әдебиетінің дамуына қосқан үлесіңіз баға жетпес. Сіз 20-дан астам кітаптың авторысыз, ондаған жас журналистерді тәрбиеледіңіз. Сіздің барлық наградаларыңыз республика тарапынан өзіңізге берілген шынайы баға, – деді өңір басшысы кездесу барысында. – Сізге зор денсаулық, сарқылмас қуат пен амандық тілейміз!

Төрехан Майбас қазір құрметті демалыста жүргенімен, көзі қарақты оқырманын кезекті авторлық еңбектерімен қуантудан әсте жалықпайды.

– Мен саналы ғазиз ғұмырымды жүгі мен жолы шытырман журналистикаға арнағаныма риясыз қуаныштымын. Бірнеше мәрте шығармашылығыма өткір әлеуметтік мәселелерді де арқау еттім. Әсілі, егемен еліміздің әрбір азаматы мемлекет пен халықтың игілігі үшін қалтқысыз қызмет етуі тиіс деп санаймын. Атамекенін, отандасын кіршіксіз көңілмен сүю дегеніміз, алдымен жұмысын сапалы, тиянақты тындыру. Есіл жанын еңбегіне өлшем қылу болар, құттықтап, мейманамды тасытып жатырсыздар. Алғысымды білдіремін, – деп тебіреніп, жылы лебізін біл­дірді мерейтой иесі.

Еске сала кетелік, Төрехан Майбас ұзақ жылдар бойы Бәйсейіт би, Сеңкібай, Ағыбай, Жалантөс батырлар өмірбаяны сол кезеңдердегі тарихи фактілерді зерттеп, зерделеумен айналысты. 50-ге жуық ғылыми-көпшілік, этнографиялық және тарихи еңбектердің авторы. Әр жылдары облыстық, республикалық басылымдарда жемісті еңбек етті. Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы.

Төрехан Майбас шығармашылығы қазақ халқының бай мәдениетінің сұлулығы мен бірегейлігін жеткізуге деген қайраткерлігін көрсетеді. Әдебиет пен этнография әлемінде әр еселі еңбегі күнделікті зерттеу аясына сыймайтын санаулы тұлғалар бар. Бұл – сөз өнері мен мәдениет мәйегі арасындағы қылдай нәзік шекараны батыл кесіп өтетін тұғыр­лы тұлға Төрехан Майбас. Оның кестелі ой орамдары елдік туабітті тұнық дәстүр байлығын ғана емес, онымен қоса, даналық қайнарының еңселі ескерткіші қалпында халқына қызмет ете бермек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button