Руханият

Қаламгер туған елімен қауышты

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қарағанды облысы мен Шет ауданының Құрметті азаматы, көрнекті жазушы, этнограф Төрехан Майбас биыл 70 жасқа толды. Жылдың басында Қарағанды қаласында бастау алған дүбірлі думан жақында туған жері Шет ауданында тағылымға толы кездесу кешімен жалғасын тапты.

Суретті түсірген автор

Жуырда Халықаралық «Алаш» әде­би сый­лығына ие бол­ған Төрехан Әкімжанұлын алдымен аудан әкімі Мұхит Мұхтаров арнайы қабылдап, құттықтады. 88 қаламгердің ішінен жазушы Өмір Кәріп ақсақал мен жазушы Төрехан ағамыздың оза шауып, бәйге алғаны зор мақтаныш екендігін жеткізді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, естелік сыйлығын табыс еткен аудан әкімі бұл марапаттың Арқа даласы, оның ішінде шежірелі Шет ауданы халқы үшін айрықша қуанышқа толы сүйінші жаңалық екенін айтып, қаламгерге шығармашылық табыс тіледі.

Бұдан кейін Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде «Жазушының нұрлы әлемі» атты кездесу кеші ақынның арнауымен басталды. Шара барысында мерейтой иесіне сый-сияпат жасалып, туған жұрты атынан қаламгерге шапан жабылып, ерекше құрмет көр­сетілді. Мұнан соң әсерлі кеште қаламгермен кезінде қызметтес болған замандастары Халықаралық  журналис­тер академиясының  академигі, журналист Нұрхан Мыңбай, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Оралбек Жүнісұлы әдемі естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Шет ауданы әкімінің орынбасары Орал Зәйірбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірғали Қызылов, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлшара Ахметбекова, ардагер Ертай Жарылғапұлы, музей басшысы Салтанат Қамытбаева ақжарма тілегін білдірді. Кеште жергілікті өнерпаз Нұрбек Шабановтың орындауында әуелеген Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлы», Әліхан Жәңгіров­тің «Домбыра» әндері елдің құлақ құрышын қандырды. Ы.Алтынсарин атындағы тірек мектебінің оқушылары құдіретті қалам иесінің 20 жасында жазған өлеңдерін жатқа оқып, жастық шақпен қауыштырды.

Қаламы жүйрік қаламгермен жүз­десу еркін үлгіде өтті. Оқырман мен шығармашылық өкілінің арасын асыл рухты алтын сөз байла­ныстырып, өнердің биік шыңына шық­қандай әсерге бөледі. Туған жерге деген бала махаббатын жетпіс жас­тың желкенін керген шақта бар болмысымен мойындап, дүйім елге тағзым еткен үлкен жүректі азаматтың ел алдында есеп беруі, тұғыры биік туған жерге тағзымы деп түсініп, сүйсіне қол соқты қалың жұртшылық.

Бұдан кейін жазушының 70 жасына арналған «Өлкенің текті ұрпағы»  атты кездесу кеші аудандық орталық кітапханада жалғасты. Кездесу кешіне зиялы қауым өкілдері, жергілікті әншілер мен студенттер, жас оқырмандар қатысты. Шет аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Асхат Ахметов, аудандық орталық кітапханалар жүйесінің директоры Мейрамгүл Сансызбайқызы мерейтойымен құттықтап, өз жылы лебізін білдірді. Келген қонақтар мерейгерді мерейлі жасымен құттықтап, қаламгердің еңбек жолындағы өздерінің ой-пікірлерін, ықыластарын білдіріп, тілектерін айтты. Қаламгердің шығармашылық жолына, жеткен жетістіктеріне, бүгінгі күнге дейін атқарған қызметтеріне тоқталып, өлкеміздің игілігі үшін жасап жатқан мәдени-рухани, әдеби қызметі жайлы кеңінен тоқталып кетті. Шараны жүргізген кітапхана қызметкері Азамат Нұрахметов жазушы Төрехан Майбастың әдеби шығармашылығымен таныстырды. Кеш иесі әдебиет, адамгершілік, ізгілік, руханият төңірегінде оқырмандармен ой бөлісті. Өзінің жазушылыққа қалай келгенінен бастап, бүгінгі күні шұғылданып жатқан ісінен ақпар беріп, әдеби өмір жолы мен шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті. «Керат әңгімесі қалай жазылды?», «Бүгінгі ұлт әдебиеті қандай тақырып, қандай бағытқа зәру?», «Кітаптың атын неге «Алжыған ғасыр» деп қойдыңыз?» деген сияқты қызығушылық танытқан  оқырман сұрақтарына жауап берді. Қазіргі жас буынға  бос уақытты қалай тиімді өткізу туралы ағалық ақыл, өсиетін айтты. Сонымен қатар, «Алжыған ғасыр» кітабына жасалған буктрейлер көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, оқу залында кездесу кешіне орай жазушы Төрехан Майбастың шығармашылығына байланысты кітапхана қорындағы кітаптарынан, жергілікті мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларынан кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кеш соңында жиналған қауым жазу­шыға алтын уақытын бөліп, сыр­шыл әңгімесімен бөліскені үшін алғыстарын айтып, автордың қолтаңбасын алып, естелік суретке түсті.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button