Руханият

Қаламгер Қарағандыға келеді

Көрнекті жазушы, сценарист, қоғам қайраткері Дидар Амантай Қарағандыға келеді. 13 қараша күні сағат 18.30-да «Шалқыма» концерт залында қаламгердің шығармашылық кеші өтеді.

Бүгінде ердің жасы елуді еңсерген қарымды қаламгер Дидар Амантай Қарқаралы ауданына қарасты қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров атындағы ауылда туып-өсті. Туған ауылымның қадірлі қариялары атанған соғыс ардагері Төлеубай Қосылбеков ақсақал мен Ғазиза анамыз ұлдары Амантайдың тұңғышы – Дидар немерелерін өз аттарына жаздырып, төбесінен құс ұшырмай, мәпелеп өсіргендеріне куәмін.

Ата мен әженің ыстық ықыласы мен мейірім-шапағатына бөленіп өскен бала Дидар жастайынан-ақ алғыр, ширақ, қиялы ұшқыр азамат болып өсті. Мектеп табалдырығында жүріп-ақ сол кезде қайта жандана бастаған талай айтыс аламандарына қатысып, бағын сынады. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін бірден 1986 жылы Қазақ политехникалық институтына түсіп, одан кейін 19891994 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Философия және политология» факультетін үздік аяқтаған оның білімге, білуге деген құштарлығы ересен еді. Содан да болар, кейін Театр және кино институтына түсіп, одан кинодраматург мамандығын игерді.

Дидар Амантайдың қаламынан туындаған тұңғыш кітабы «Постскриптум» деген атпен 1996 жылы жарық көрді. Осыдан кейін-ақ «Қастерле мені» (романдар, повестер, әңгімелер, эсселер), «Гүл мен кітаптар» (роман), «Күзгі рандеву» (повесть) кітаптарымен қатар «Нұрғиса Тілендиев», «Әлжаппар Әбішев», «Қасым Аманжолов», «Жүсіпбек Елебеков», «Мұхтар Мағауин» тәрізді деректі фильмдердің, «Гәкку», «А-ға оралу» атты көркем фильмдерінің, сондай-ақ, «Қарсы бақылау» деп аталған телехикаяның сценариін жазып, қарымды қаламгерлігімен танылды.

Қажырлы шығармашылық еңбегі лайықты бағаланды. Ол Қазақстанның Президентінің Алғыс хатының, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, сондай-ақ, Әлихан Бөкейханұлы мен Махамбет Өтемісұлы аттарындағы сыйлықтардың иегері атанды.

Көптеген шығармалары бірнеше шетел тіліне аударылып, жоғары бағасын алған-ды.

Ол небір жауапты басшылық қызметтер тізгінінде жүрсе де өзінің кісілік, адамгершілік ұстанымынан айнымаған абзал азамат.

Жазушының терең де әдемі әлемімен қауышқыңыз келсе, «Шалқыма» концерт залына келіңіз, оқырман!

Раушан НҰРША.

Басқа материалдар

Back to top button