Руханият

Алғысым шексіз

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Опасыз жалған дүние-ай!

Сәбитпен бір шаңырақ астында өткізген 45 жылым бір көрген тәтті түстей болып өте шықты.

Қиындықты да, қызықты да бірге көрдік. Тәубе, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Балдай тәтті немерелер сүйдік.

Енді шамалы күннен кейін Сәбиттің 70 жылдық мерейтойын атап өтеміз деп жүргенде өзі өмірден өтіп, бізді қайғыға батырып кетті. Онымен өткізген күндерім санадағы сарғайған сағынышқа айналды.

Сәбит қоңыртөбел ғана ғұмыр кешті. Дүние-мүлік пен байлыққа құмартпады, есесіне кітапқа құмарлығы ерекше еді. Жылдар бойы жинаған құнды қазынасы сөреде тұр.

Отбасымызға ауыртпалық түскенде қасымыздан табылып, қайғымызды бөліскен, жоқтауға тоқтау айтқан жаны жайсаң жандардың барлығына шынайы ризалығымды білдіремін. Қамбар Ахмет, Ахат Құрмансейіт, Ерсін Мұсабек бастаған «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына, «Сарыарқа» телекомпаниясына – Жәнібек Садыханов пен Әли Тойжігітовке, Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Төрехан Майбас, Төлеубай Ермекбаев, Ерлан Құсайын, Қуаныш Мақсұтов, Ерлан Төлеутай сияқты Сәбиттің жанашыр бауырларына шын жүрегімнен рахмет айтамын. Сіздерге Алла жар болсын!

Қара жамылған күндерде жанымда болған қара орман халқыма, бұрынғы әріптестеріме – мың да бір алғыс! «Қайғыны бөліссең – жеңілдейді» деген рас екен.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Сәбит өмірден өткенімен, артында ұлағатты ұрпағы қалды. Жаңа аттары аталған шынайы жанашыр бауырлары бар. Ошағының оты сөнген жоқ.

Алланың панасында болуын тілеп, аруағына дұға бағыштап жүреміз. Басқа қолдан не келеді?

Амандықта болайық, ағайын!

Бақыт БЕКСЕЙІТОВА,

Білім беру саласының үздігі, еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Back to top button