Алғыс алған арымас
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дегендей дәрігерлік көмек сұрап барғанда мейірлі жүзбен қарсы алып, науқастың күпті көңілін тарқата білетін мамандар туралы сөз қозғағым келеді.
Жас ұлғайған сайын түрлі аурулар да жабыса беретіні белгілі. Зайыбымды ертіп, Шет ауданының орталық ауруханасына бардық. Онда бізді қарсы алған тәжірибелі медбике Шолпан науқасты көріп, дереу бас хирург Сапархан Пірімбекті шақыртты. Сапархан болса «апалап» барлық мән-жайға қанығып, дереу шешімін айтты. «Апа сіз қорықпаңыз, бұрынғы жасалған операция орнының көк еті сөгіліп кетіпті. Бүгіннен бастап анализдер тапсырыңыз»,– деп Шолпанға тапсырма берді. Шолпан болса өзі бас болып жүріп, барлық зертханадан өткізіп, дәрігерге көріну жұмыстарын тездетіп берді. Сапарханнан ем-домның қағазын алып, терапевт Меруерт Түзелқызына жолықтық. Ем-домын жазып берді. Жас маман Бабурбек Ұлықбекұлы да асқазан ауруларын анықтайтын ФГДС аппаратынан өтуімізге себепші болды. Түс мезгілі болып қалған уақыт еді кеңсе ішінде жас дәрігер Нұрсұлтан Ахметовке жолығып, зайыбымның сырқаты жайлы айтып беріп едім, Нұрсұлтан жымиып, осындағы білікті маман, тәжірибелі дәрігер Хауан Бергенқызына жолықтырды. УДЗ аппаратына түскен соң жедел жолдамамен облыстық онкологиялық орталыққа жіберіп тұрып: «апа, онкология деген аты жаман болғанымен, ондағы мамандар өте шебер мамандар, уайымдамай барып көріңіз»,– деп шығарып салды.
Хауан қарындасым біздің көңілімізді басқанымен, онкологиялық орталықта енді басталып келе жатқан ауруды анықтап, дереу жатқызып, бір бүйрегін алып тастады. Ондағы маман дәрігерлер Ақжол Дүйсембаевқа алғысымыз шексіз. Сол бөлімшенің меңгерушісі Қайрат Қожанберлин науқастарын күніне екі рет аралап, қамқорлық танытады екен. Ота кезіндегі білікті маман анестезиолог Райымқұл Искаковқа да алғысымыз шексіз.
Халық көп, маман тапшы. Сонда да бар білгенімен бөлісіп, бастысы, жылы шыраймен қарсы алатын аурухана қызметкерлерін, осы жұмыстарды ұйымдастырып отырған аурухана директоры Дәуіт Нұртаевқа ризашылығымызды білдіре отырып, келе жатқан атаулы күндерімен құттықтап, халықтың алғысына бөлене берсін дегім келеді.
Шалқарбек ӘУБӘКІРОВ,
Ақсақалдар алқасының төрағасы
Шет ауданы.