Академик Зейнолла Молдахметовтің белсенділігі – көпке үлгі
Қарағанды қаласындағы №88 жалпы білім беретін орта мектепте №5 және №6 сайлау учаскелері орналасқан. Мұнда Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны белгіленген тәртіппен, ұйымшылдықпен өтіп жатыр.

Таңғы сағат 7:00-ден бастап-ақ өз таңдауын жасауға асыққан тұрғындар сайлау учаскесінің ашылуын күтіп, белсенділік танытты. Қазір де қала тұрғындары лек-легімен келіп, азаматтық ұстанымдарын танытуда.
Сайлау учаскесіне елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалым жерлестеріміз тіркелген екен. Солардың қатарында отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, академик, қайраткер тұлға Зейнолла Молдахметов бар.

Академик №5 сайлау учаскесіне келіп, өз дауысын берді. Ғалымның көңіл күйі көтеріңкі, сайлау барысына деген ықыласы ерекше болды. Ол сайлау комиссиясының мүшелерімен жылы жүздесіп, олардың жұмысына сәттілік тіледі.
Зейнолла Молдахметовтің сайлауға қатысуы – ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріске азаматтық белсенділікпен атсалысудың жарқын үлгісі. Ғылым мен білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан белгілі тұлға ел болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылдауда әр азаматтың дауысы маңызды екенін көрсетті.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



