Жаңалықтар

Айтулы өнер шаңырағы

Мәдениетіміздің мақтанышына айналған, өз облысымыздағы өнердің қарашаңырағы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестігі өзінің 85 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отыр. Бұл айтулы ұжым Арқа жеріндегі талантты да дарынды әншілер шоғырын топтастырып, кеншілер өлкесінде 1938 жылдың 6 наурызында облыстық филармония ретінде құрылған болатын. Ал, 1990 жылдың 16 сәуірінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен ұжымға Республиканың Халық артисі Қали Байжановтың есімі берілді. Алғашқы жылдардан бастап-ақ осынау өнер шаңырағы қалың жұрттың жүрегіне жол тауып, талғамын тәрбиелеп, музыка мәдениетін сіңіруді жолға қойып, өз міндетін ойдағыдай атқарып келеді.

Суреттер оркестрдін жеке мұағатынан

Өткен күнде белгі бар

Осынау ұжымның алғашқы легінде кейіннен мәртебелі атақ-­абыройларға ие болған, Қазақ КСР-нің халық артисі Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Борис Орлов, Нұғыман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Рахия Қойшыбаева, Үрия Тұрдықұлова, Қосымжан Бабақов, Мағауия Хамзин, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артистері Валентина Пирогова, Қуан Лекеров, Мағауия Көшкімбаев, Алтын Әлиева, Қайныкен Әлімбаева тәрізді өнер тарландары еңбек еткендігін мақтанышпен атап айтуға болады. Осылардың ішінде Қали Байжанов аталмыш ұжымның іргесі бекіп қалыптасуына, өркен жайып, өсуіне аса зор ықпал етіп, үлесін қосты. Қалекең осында жүріп, 1938 жылы Республиканың еңбек сіңірген артисі, 1945 жылы Халық артисі атақтарын алды. Қазақ өнерінің осындай жұлдыз­дары іргетасын қалаған ұжым бүгінде еліміздегі іргелі де беделді, мақтан тұтар айтулы өнер шаңырақтарының бірі болып отыр.

Иә, бүгінде мерейлі мерекесін атап өтіп отырған ұжымның тарих беттерін парақтасақ, осы жылдар легінде филармония жанынан құрылған қаншама ансамбльдер, оркестрлер, шығармашылық топтар өздерінің шынайы өнерлерімен жарқырап көрінді, сахнаның сәні болып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олар халқымызды рухани жағынан байытумен бірге, мәдениетіміз бен өнеріміздің небір шұрайлы шығармаларын, салт-дәстүріміздің озық үлгідегі інжу-маржандарын тек елімізде ғана емес, сондай-ақ одан тыс алыс-жақын шетел жұртшылығына да кеңінен насихаттауда қыруар істер тындырды. Ендігі әңгімеміз осылар жайында сыр шертеді.

«Сарыарқа» ансамблі – 50-жыл­­­­дардың басында филармония жанынан құрылған алғашқы қарлығаштардың бірі. Қазыбай Ешімов, Ләйлә Қажымұратова, Жаңыл Қартабаева, К.Жетімтаева тағы басқалары тәрізді өнер иелері ансамбльдің құрамына енді. Осылардың ішінде жүрекке жылы тиетін қоңыр дауысы (баритон) бар Қазыбай Ешімов өте талантты әнші болды. Ол 1936 жылы Мәскеу­дегі онкүндікке қатысып, «Тілеуқабақ», «Назқоңыр», «Алқоңыр» әндерін шырқап, Мәскеу халқын тәнті еткен. Ал, Алматының хореографиялық училищесін бітіріп келген биші Ләйлә Қажымұратованың өнері көпшіліктің көңілінен ұдайы шығып, жұртшылықтың ықыласын иеленді. Сондай-ақ, Жаңыл Қартабаеваның домбырамен қосылып айтқан әндері республикалық радиодан жиі беріліп, халықтың жүрегіне жол тауып жатты.

Сонымен бірге Қазақ КСР-нің Халық артисі Зәбира Жұбатова мен Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Алтын Әлиева жетекшілік еткен өнерлі топтар аудандар мен алыстағы елді мекендерге шығып, еңбек адамдарын әнмен сусындатып, күймен әлдиледі. Осынау топтарға кейіннен әншілер Нұрсұлу Тәкенова, Ақатай Көпбаев, Мұқан Есіпов, биші Шора Әлішев, қобызшылар Шалғынбай Төлеубаев, Қарлығаш Әлмұқанова, домбырашы Тұңғышбай Игенбеков, баяншылар Василий Дворников, Александр Завьялов келіп қосылды.

1955 жылы Александр Варламовтың басқаруында құрылған тұңғыш эстрадалық оркестр, қала өміріндегі ерекше жаңалық болып саналды. Негізі эстрадалық деп аталғанымен оркестр өз репертуарында джаз музыкасын молынан қамтыды. Бүгінде «Варламовтың ізбасары» атанған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер әрі көркемдік жетекші Игорь Андрейченко басқаратын Джаз оркестрі елімізде ғана емес, шетел жұртшылығына да кеңінен танымал. Жалпы, біздің қаламызда музыканың, өнердің мықты мектебі қалыптасқан десек, оның алғашқы іргетасын осындай аса талантты өнер иелері, тамаша азаматтар қалаған болатын.

1945 жылдың 10 мамырында Қарағанды филармониясы Жамбыл атындағы Қазақтың Мемлекеттік филармониясының филиалы болып қайта құрылып, оған А.Стародубенко жетекшілік етті. Бұдан соң Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанған Петр Яновицкий 30 жылдан астам басшылық етті. Ұжымның келесі жетекшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ян Симановский болған-ды. Кейінгі жылдары концерттік бірлестіктің бас директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Мейрамбеков болды, ал, 2008 жылдан бастап, бас директорлыққа белгілі әнші Талғат Ыдырысов тағайындалды.

Осы кезеңдер ішінде ұжымның мықты құрамы қалыптас­қандығын атап айтар едім. Ал, әрбір алға қойған іс-шаралардың ойдағыдай орындалуы, ұжымның ауызбіршілігі мен өз істерін жетік білетін бірлестік басшысының орынбасарлары Ғазиз Ажбағамбетов, Баян Ахметжанова, Алмагүл Сакипова, тағы басқа да басшылардың бірлесіп атқарған тиянақты жұмыстары арқылы жүзеге асып жатты десем, шынайы шындық.

Шет елдерден, әлемнің түпкір-түпкірінен келетін артис­тердің қай-қайсысы болсын қарағандылық көрермендердің, жалпы халқымыздың өте нәзік сезімталдығын, талғампаз-талапшылдығын жоғары бағалайтындығына өзім де куә болдым…

Мақаланың толық нұсқасын газеттің 28 қазандағы №120 (23 296) санынан оқи аласыздар. 

Раушан НҰРША,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button