Жаңаарқа

Қайтарымсыз қаржы – тұрғындар игілігіне

    Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде, бизнеске бет бұрып, шағын болса да өз ісін ашқандар Жаңаарқа ауданында аз емес. Биыл тұңғыш рет өз ісін ашсам дегендер үшін аудан әкімінің гранты берілді. Қайтарымсыз қаржыға қол жеткізген алты азамат жұмысқа кірісіп кетті.

Грантқа ие болғандардың бірі – Дина Төлеукенова. Ол 500 мың теңге қаражатты өзі ашқан цехқа тігін машинасын, үтік және басқа да керек-жарақтарды сатып алуға жұмсады. Қазір қарамағында бір адам жұмыс істейді. Цехта түрлі тапсырыстар орындалады.

Қайтарымсыз қаржының тағы бір иегері – Мадияр Әбдішев. Мадияр бұл қаражатты ментальды арифметика тәсілімен оқыту қызметтерін көрсететін орталық ашуға жұмсады. «Ментальды арифметика» орталығына екі маман жұмыс істейді. Орталық жас буынның ойлау дағдысын, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттыруға сеп болады.

Өзінің бизнес жобасын ұсынған Атасу кентінің тұрғыны Алдияр Мамедов те грант жеңіп алды. Жас кəсіпкер құрама жем өндіру жобасын жүзеге асыруда. Алдиярдың жобасы үлкен сұранысқа ие. Жас кәсіпкердің шағын цехындағы мал азығын дайындайтын құрылғылар арнайы тапсырыспен Ресейден алынған. Бір құрылғы бидай үгітіп, екіншісі шөп тураса, келесісі барлық қоспаны араластырып, дайын өнім шығарады. Өнімнің құрамына бидай, шемішке, кальций, тұз сияқты дәрумендер қосылып, құрылғылар күніне мың келідей жем өндіреді.

Тағы бір грант иегері – Жазира Құсайынова. Ол фотоқағаздар, пленкада және А4 форматынан А0 форматына дейін түрлі қағаздар мен баннерлер басып шығаратын және құжат үшін суретке түсіріп, түрлі баспа қызметін көрсететін баспахана жобасын ұсынды. Енді, аудан халқы қалаға бармай-ақ, осы жерден түрлі баспа қызметтерін ала алады. Мұнда әзірге 1 адам жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ, жобасы қолдау тапқан Рүстем Кәрімов шағын жылыжай ашу жұмысын бастаса, Қызылжар кентінің тұрғыны Сандуғаш Жақсыбаева шаштараз ашып, ауыл тұрғындарының қажетін ашуда.

Бастысы, гранттар тұрғындар үшін қажетті деген жобаларға берілді.

Индира АСАМИДАНОВА,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button