«АЙТ ЖАҢА ФОРМАТТА ӨТЕДІ»
Кеше өткен баспасөз мәслихатында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы Бекқожа осылай деп мәлімдеді.
Бас имамның айтуынша биылғы Құрбан айт жаңа форматта өтпекші. Атап айтқанда, қыркүйектің 12-сі күні таңғы 7.30-да айт намазы өтеді. Одан кейінгі шаралар бас мешітте өтетін болады. Мешіт алдында жәрмеңке ұйымдастырылмақшы, отызға тарта шатыр, үш киіз үй тігілмек. Сондай-ақ, мұнда ұлттық спорт ойындары өріс алады (кір тасын көтеру, арқан тартысы, қазақ күресі).
Мал шалу айт намазы оқылғаннан кейін өтеді. Оған арнайы үш жерден орын белгіленген (Көкпекті ауылы, қаланың Складская көшесінің 1-ші және Резник көшесінің 18-ші үйлері). Көкпекті ауылына арнайы автокөлік рейстері ұйымдастырылмақ, сондай-ақ, Майқұдықты басып өтетін автобустардың бағыты Көкпектіге дейін ұзартылып отыр. Шалынған құрбандықтар жағдайсыз отбасыларына, қарттар және жетім балалар үйіне таратылмақшы.
Сол күннің кешінде «Шалқыма» концерт бірлестігінде «Құран кеші» өтпекші. Онда он екі жасқа дейінгі балалар Құран оқу байқауына қатысатын болады. Ал Көкпектіде ауыл шаруашылығының жәрмеңкесі ұйымдастырылмақшы. Сондай-ақ, осы күні өнер шеберлері халыққа қызмет көрсетеді.
Төрехан МАЙБАС