Жаңалықтар

«Қайтқан малда қайыр бар»

    «Қараша желтоқсан мен сол бір-екі ай» (Абай) өткенше «малым – жанымның садағасы» деген ауыл халқы ұрлық-қарлықтан ұйқысынан айырылған. Сарыарқаның сайын даласы басқа облыстарға қарағанда көлемі – ең үлкені. Мал ұрлығын ашу да осы орайда оңай емес. Десе де, Сарыарқа сақшылары қырағылық танытып, Нұра ауданына нәубет төндірген барымташыларды ұстап, ұрланған малды иелеріне қайтарды.

9 қазанда Нұра ауданының Ішкі істер бөліміне Ахметауыл кеңшарының бақташысы 3 қазан күні белгісіз азаматтар ауылдан 8 шақырым жердегі жайылымда жүрген жерінен, ауыл тұрғындарына тиесілі 93 бас жылқыны ұрлап әкеткені туралы шағымданған. Мобильді жедел іздестіру топтары қарақшылардың ізін кесу үшін Қарағанды облысының және жақын маңдағы аумақтарды зерделеген. Қарақшылар басқа облыстарға қашып кетпеуі үшін іздестіру шараларына криминалдық полиция, жергілікті полиция қызметі және жол-патрульдік полиция қызметкерлері де жұмылдырылды.

15 қазан күні жедел-іздестіру шаралары барысында Ақмола облысының Аршалы ауданының аумағында Нұра ауданының ІІБ мен Қарағанды облысының ІІД полицейлері, Ақмола облысының ІІД қызметкерлерімен бірлесе отырып, 35 пен 49 жас аралығындағы көрші облыстың 5 тұрғынын қолға түсірді.

Тергеу кезінде ұсталғандар қылмысты жасыру мақсатында ұрланған жылқыларды әр түрлі ауылдарға жасырғанын мойындаған. Полиция қызметкерлерімен 73 бас жылқы Аршалы ауданының Сарыоба, Бұлақсай, Жібек жолы, сондай-ақ, Шортанды ауданының орталығынан тәркіленіп, Ахметауыл тұрғындарына қайтарылды.

Ұсталған күдіктілер Нұра ауданының ІІБ уақытша ұстау изоляторына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 бабының 4 бөлімі бойынша қамалып, олардың облыс көлеміндегі басқа да сәйкес қылмыстарға қатыстары бар екендігі тексерілуде.

Қарағанды облысының полицейлері мал иелеріне ескертпе-ұсыныстарын білдіреді: әр қожайын өз малын есепке тіркету, таңбалау мен мал басын идентификациялауды жүргізу; малдарды жайылымға шығарған кезде оларды қараусыз қалдырмау; мал жоғалған сәтте дереу полицияға хабарлау; күдікті азаматтарды байқасаңыз немесе криминалды сипаттағы кез келген оқиғаға куә болсаңыз, полицияға хабар беруге жәрдемдесуге тырысу керек.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button