«Айсұлу» операсы сахналанады
Қазақтың көрнекті композиторы, ҚазКСР мен КСРО Халық артисі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толуына орай Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры концерттік орындауда «Айсұлу» комедия операсын сахнаға әзірлеп жатыр. Қойылымның тұсаукесері 26 мамыр күні сағат 17:00-де аталған театрдың Қызыл залында өтеді.
Айтулы кешке солистер, симфониялық оркестр және театр хоры қатысады. Қоюшы-дирижеры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов (Астана), сахналаушы-режиссер – «Нано-Опера» V Халықаралық жас опера режиссерлері байқауының лауреаты, «Астана опера» театрының режиссері Еңбек Тойкенов.
– Сыдық Мұхамеджанов қазақ музыкалық театры тарихындағы алғашқы комедия операсын жазды. Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің либреттосы қазіргі қазақ жастарының өміріне негізделген. «Айсұлу» спектаклінің премьералық қойылымы 1964 жылы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында сахналанған. Содан бері бұл опера көрермендердің сүйікті туындысына, ал, көптеген нөмірлер концертке айналды, – деп атап өтті театр қызметкерлері.
Басты кейіпкерлер – Сұлу Айсұлу мен қызғаншақ Серке – қыздың сұлулық байқауына қатысқысы келетіндігі үшін жанжалдасады. Әрекет барысында әуесқойлар өздерінің сезімін тексеріп көреді.
Қойылым Сыдық Мұхамеджанов шығармаларын насихаттап, оның өміршеңдігін паш етуді көздеп отыр.
Композитордың «Айсұлу», «Жұмбақ қыз», «Ақан сері – Ақтоқты» опералары, «Ғасырлар дауысы» ораториясы, «Қуаныш отаны» және «Дархан дала» симфониялық күйлері, скрипка, қобыз, обой, домбыра және т.б. концерттері қазақ мәдениеті мен өнерінің алтын қорындағы асыл қазына болып қала бермек.
Өз тілшімізден.