Қарағанды облысында абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін балабақша меңгерушісі, сумен жабдықтау ұйымының директоры, мейрамхана мен супермаркет иелеріне айыппұл салды. “Таза Қазақстан” акциясы аясында тәртіп сақшыларымен бірге көшеге әкімдердің кеңесшілері, сәулет және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары рейдке шығады.
Абаттандыру ережелеріне сәйкес ғимараттан, қоршаудан 5 метр қашықтықта іргелес аумақты таза ұстау қажет. Жеке сектор мен кәсіпкерлік нысандарын аралау заңсыз полигондарды анықтауға септігін тигізеді. Құқық бұзушылармен алдымен сөйлеседі, егер олар белгіленген мерзімде өз аумағын ретке келтірмесе, оларға айыппұл салынады.
Бірнеше рет ескертуден кейін облыстың бірқатар ұйымдарына айыппұл салынды. Ұқыпсыздар қатарына тұрғын үйлерге, бөбекжайға, мейрамханаға, супермаркетке, құрылыс алаңына және т. б. су беретін коммуналдық кәсіпорындардың бірі кірді.
Қарағанды облысы ПД ақпараты бойынша, кінәлілердің әрқайсысына 369 200 теңгеге дейін айыппұл салынды. Егер белгіленген мерзімде аумақ ретке келтірілмесе, жаза сомасы ұлғаяды.
Билік өкілдері қарағандылықтарға тұрғын үйлер мен бизнес-нысандардың жанындағы аумақта қоқыс тастамау және таза ұстау керектігі туралы ескертті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz