Бас тақырыпОблыс әкімі

Аймақтың дамуы – депутаттар назарында

Қарағанды аймағының автокөлік жолдарының 42 пайызы – жақсы, 37 пайызы – қанағаттанарлық, 21 пайызы – қанағаттанарлықсыз жағдайда. Ал, облыс аумағындағы көлік жолының жалпы ұзындығы 12 558 шақырымды құрайды. Бұл – республика бойынша көлік жолының ұзындығы жөнінде облыстың бесінші орынды иеленетіндігін көрсетеді. Жалпы, аймақтағы көлік жолдарының бүгінгі жайжапсары мен алдағы жөндеуден өткізу жоспарлары туралы мәселе облыстық мәслихаттың кезекті ХҮІІІ сессиясында талқыланды. Сонымен қатар, сессия барысында елді мекендердің атауын өзгерту жайы да қаралды. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ депутаттар корпусына өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы хақында есеп берді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар, департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары, қала-аудан әкімдері, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отырды.

ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР

Негізі, сессияға дейін автокөлік жолдары туралы мәселе бірлескен және тұрақты салалық комиссияларда жанжақты қарастырылған. Еліміздің жол инфрақұрылымын дамыту экономиканың басты бағыттарының бірі болып табылады. Сол себепті Елбасы орталық өңірлермен жалғасатын жолдарды жөндеуге және жол құрылысы мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

Облыстың жолаушылар көлігі және көлік жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, кейінгі төрт жыл мұғдарында аймақта 2 жарым мың шақырымнан астам жолдар жөндеу көріпті. Бұл жолдарды жөндеуге түрлі қаражат көздерінен 117,2 млрд. теңге бөлінген. Десек те, жолдардың қанағаттанарлық жағдайының үлесі небары 2 пайызға ғана көбейген. Ал, биылғы жылы барлық деңгейдегі бюджет көздерінен 45,2 млрд. теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде, жалпы қолданыстағы 1215 шақырым жол жөнделіпті. Оның 417 шақырымы – республикалық маңыздағы көлік жолы. Оған жұмсалған қаражат – 26,7 млрд. теңге шамасында. Облыстың көліктік әлеуетін толық ашу мақсатында «Орталық-Оңтүстік» автодәлізінің «Анар-Теміртау» учаскесі ықпал етеді деп күтілуде. Бұл дәліздің ұзындығы 1289 шақырым болса, оның тең жарымынан астамы, яғни, 669 шақырымы Қарағанды облысының аумағына тиесілі. Мұнда биылғы жылы жол жүру үшін төлем енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Бүгінде «Қарағанды-Теміртау» учаскесіне қайта жөндеу жүргізілуде. Қарағандыға кіретін Солтүстік-Шығыс кіреберіс жолын қайта жөндеу аясында жолдың жаңа учаскесінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, биыл «Қарағанды-Жезқазған» жолы учаскесіндегі жұмыс тәмамдалған. Сондай-ақ, туристік кластерді дамыту мақсатында Қарқаралы-Баянауыл және Ұлытау бағытындағы жол жөндеу жұмыстары мәреге жетуге жақын.

Ал, 18,5 миллиард теңгеге облыстың елдің мекендеріндегі көшелердегі, жергілікті маңыздағы жолдың 798 шақырымын жөндеу аяқталуда. Бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 20 пайызға артық.

Облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге және күтімде ұстауға 4,8 млрд. теңге бөлінген. Осының есебінен үш көпірді қайта жөндеу жұмыстары аяқталуда. Екі учаскеде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Орташа жөндеуден 368 шақырымы өтіпті. Қазір Бұқар жырау ауданындағы көпірді реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қараша айында мәреге жетеді деп болжануда. Сондай-ақ, Қарқаралының Талды және Бұқар жыраудың Соқыр өзеніндегі көпірлерді жөндеу аяқталған. Дәл осы сәтте көпірлер пайдануға берілуде. Екі автокөлік жолында күрделі жөндеу жалғасуда. Ол – Ақтоғай ауданының «Ақтоғай-Балқаш» бағытындағы 20 шақырым. Аталған жолда көліктердің жүруі қараша айында қамтамасыз етіледі дейді басқарма басшысы. Сонымен бірге, Абай ауданының «Қарабас-Жартас-Долинка» учаскесіндегі 17 шақырымды жөндеп, пайдалануға беру – биылғы жоспарда. Бұдан бөлек, «Новодолинка-Шахан-Молодецк» бағытындағы жол учаскесінде 17 шақырымдық ұзындықтағы жолға жөндеу жұмысы басталыпты. Жұмыстар кестеге сай жүргізілуде.

 Облыс орталығындағы жөндеу жұмыс тары 110 шақырымды қамтыған. Бұған көзделген қаражат сомасы 6,7 млрд. теңге көлемінде. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, жылдың соңына дейін Гоголь көшесіндегі жол толық жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, Қарағандының Оңтүстік-Шығысындағы Құрылысшылар даңғылы және Приканальная көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі жолдар жөнделеді. Оған қоса, қаланың 38 көшесіндегі 103 шақырымдық жол қалыпқа келтірілмекші.

Теміртау қаласындағы Бейбітшілік даңғылы мен Балқаш қаласының көше жолдарын жөндеу жұмыстары да биыл тапсырылады. Мұның сыртында, аудандардың, елді мекендердің ішкі жолдарына облыстық бюджеттен алғаш рет 2,8 млрд. теңге қарастырылыпты. Бұл қаржыға 257 шақырым жол жөндеу көреді.

САПАНЫ АНЫҚТАЙТЫН ЗЕРТХАНА ҚАЖЕТ

Басқарма басшысы Әскербек Халтонов жолдарды жөндеуден өткізу сапасының қатаң бақылауда екенін жеткізді. Ол жол жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында басты назар оның сапасына аударылатындығын айтады. Бес сатылы бақылаумен қатар, жұмыс қарқынын, асфальттық қоспаларды, қолданылатын материалдың сапалылығын бақылайтын жүйе қолданыста дейді. Бұл жүйенің артықшылығы – битумның физикалық-механикалық және кешенді химиялық талдауын анықтауға мүмкіндік беретіндігінде. Дегенмен, басқарма басшысы бұған қоса, облыстық деңгейде зертхана ашу қажеттігін атады.

Бұл зертхана автокөлік жолдарының және оған қолданылатын жол құрылысы материалдарының сапасын бақылауды ешбір кедергісіз жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді,– дейді басқарма басшысы.

Ал, 2018 жылы жол құрылысына қажетті материалдардан 127 сынама алыныпты. Оның 35-і жол құрылысының талаптарына сай еместігін көрсеткен. Осы бақылаудың нәтижесінде тиісті орындарға сапа талаптарын ұстану туралы нұсқаулықтар жолданыпты.

 Жалпы, облыста жол құрылысы жұмысын жүргізу үшін бір миллион тонна көлемінде асфальтты бетон өндірілген екен. Бұған 70 мың тонна битум, 800 мың тонна инертті қоспалар пайдаланылғаны айтылды.

2022 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ ЖОСПАР

 Облыстық және аудандық маңыздағы автокөлік жолдарының желісі 6071 мың шақырымды құрайды. Бұл – облыс жолдарының 48 пайызы. Сөйте тұра, аталған жолдардың тек 50 пайызына ғана асфальт төселген. Қалғаны, халық аузында «грейдер» деп аталған жолдар, – дейді Әскербек Халтонов. Сол себепті, бүгінгі таңда Инвестициялар және даму министрлігі арқылы жергілікті маңыздағы жолдардың жақсы жағдайын 90 пайызға жеткізу үшін Жол картасы жасалды. Аталған карта арқылы облыстағы жолдың үлесі 5,5 мың шақырымды құрауы тиіс. Ол үшін уақытылы қаржыландыру жүзеге асуы керек. Қазіргі уақытта жергілікті жол желілерінің арасынан бірінші кезектегі, яғни, 2019- 2022 жылдары жөндеуді талап ететін жол учаскелері қарастырылуда.

Мұның сыртында, 2019 жылға облыстық және аудандық маңыздағы 514 шақырым автокөлік жолдарын орташа жөндеуден өткізу жоспарланып қойыпты. Мақсатталған қаржы – 12,1 млрд.теңге. Сонымен қатар, тоғыз көпірді және жергілікті 100 шақырым жол учаскесін қайта жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда екеніне тоқталды Әскербек Халтонов.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Облыстық мәслихаттың құрылыс, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұржан Иманов депутаттар бастаған және өзге де құзырлы орын өкілдері қатыстырылған жол құрылысы сапасын бақылау үшін 18 жұмыс тобы құрылғанын атайды. Осы жұмыс топтары өңірлерге шығып, жұмыстың барысымен танысыпты. Комиссия төрағасы, өз сөзінде, облыста көлік жолдарын жөндеуге айрықша назар аударылуда екенін атап өтті. Сөйтіп, кейінгі жылдары жолдардың жағдайы біршама жақсарған. Дегенмен, жол жөндеуді қаржыландыруда орын алған олқылықтар салдарынан бағдарламаның толыққанды іске аспай қалатындығын және жеткізді. Тіпті, жолдың күрделі жөндеуіне бір тиын да бөлмеген өңірлер бар дейді депутат. Оған қоса, бөлінген қаражаттың жеткіліксіздігі де жұмысқа қол байлау болыпты. Сөйтіп, қаржыландыруда кеткен кемшіліктер жолдарды қалыпты жағдайда ұстап тұруға кері әсерін тигізуде екенін атады.

Сондықтан, депутаттар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен көлік жолдарын жақсартуға назар аударуды өтінді. Көлік жолдарын жөндеуді қаржыландырып, оған жауапты тұлғалармен де пәрменді жұмыс жүргізу қажеттігін де еске салды.

НҰРА, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНДАРЫНДАҒЫ ЕЛДІ МЕКЕНДЕР АТАУЫ ӨЗГЕРДІ

Бұл мәселе бойынша облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова баяндады. Қазақстан Президенті Әкімшілігінің идеологиялық тұрғыда ескірген және қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларымен және дәстүрлі атаулармен өзгертуге қатысты тапсырмасына сәйкес, бірқатар елді мекендер мен көшелердің атаулары өзгеретін болды. Мәселен, республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан атаудың бірі Саран қаласындағы Комсомол көшесінің Сарыарқа көшесі, Қаражал қаласының Степная көшесі – Қайнар көшесі болып өзгеруі. Сондай-ақ, облыстық ономастикалық комиссияның оң қолдауын иеленген Нұра ауданының Киров ауылдық округі – Егінді ауылдық округі, Прежеваль ауылдық окургі – Мұзбел ауылдық округі, Бұқар жырау ауданының Корнеевка ауылдық округі – Керней ауылдық округі, Үштөбе ауылдық округінің Заречное ауылы – Сарыарқа ауылы болып өзгерді. Сонымен қатар, Нұра ауданының сегіз жалпы орта мектебіне елге танымал тұлғалардың есімі берілетін болды.

ӨРКЕНДЕУДІҢ ӨНЕГЕЛІ ҮРДІСІ

Депутаттардың алдында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берген облыс әкімі Ерлан Қошанов өңірді одан әрі өркендетуге қатысты алдағы кезеңде атқарылар жұмыстар ауқымына да кеңінен тоқталды.

Сөз басында аймақ басшысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына жасаған сапары барысында ілгері басу үдерістерін ілкімді ету мақсатында біршама нақты тапсырмалар бергенін атап өтті. Қазіргі таңда оларды жүзеге асыру бойынша түзілген хаттамаға қол қойылып, тапсырмаларды мінсіз орындаудың жолдары мен тәсілдері айқындалды.

– Мәселен, Теміртау қаласын жылумен қамтамасыз ету мәселесін одан әрі жетілдіре түсу, Қарағанды қаласының дамуы үшін аса маңызды үшінші жылыту жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізу, аталған қос қаладағы әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын қаржыландыру, газ тарату жүйелерін салу секілді қажеттіліктер – солардың қатарында. Бұл мәселелердің орнықты шешімін табуының біздер мен сіздерге тікелей қатысы бар, – деді Ерлан Жақанұлы.

Облыс әкімі сондай-ақ, аймақ өнеркәсібінің тұрақты даму көрсеткіштеріне қол жеткізіп отырғанын тілге тиек етті. Айталық, үстіміздегі жылдың өткен 8 айында аталған сала бойынша 1,7 трлн. теңгені құрайтын өнім өндірген. Бір ғана «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында соңғы 10 жыл аралығында болат өндіру көлемі 4 млн. тоннадан асып жығылды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жыл сайын 300 мың тоннадан астам мыс өндіреді. Дәл осындай іргелі кәсіпорындардың қатарына Жәйрем тау-кен байыту комбинаты да енуі тиіс. Оған толық мүмкіндік бар, биылғы жылы аталған кен орнында трансұлттық «Глинкор» және «Казцинк» компаниялары жалпы құны 100 млрд. теңгені құрайтын кен байыту фабрикасын салу жұмыстарын бастады. Бұл нысанда тау-кен байыту саласындағы соңғы үлгідегі қондырғылар мен жабдықтар орнатылатын болады. Сонымен қатар, жаңадан 300-ден аса жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Жалпы алғанда қазіргі уақытта облыс аумағында 30 тың инвестициялық жоба лар жүзеге асырылу үстінде. Олардың бір бөлігі осы жылы іске қосылмақшы. Оның ішінде, қуаты 100 мегаватты құрайтын Орталық Азиядағы ең ірі көтерме-бөлу орталығы – «Альфарух» күн электр станциясы бар. Бұл жобаға австриялық және неміс инвесторлары 26 млрд. теңге салып отыр.

 Сонымен қатар, өз сөзінде облыс әкімі Ерлан Қошанов шағын және орта бизнестің дамуында да оң сипатты өзгерістер орын алып отырғанына назар аударды. Аталған салада өндірілген өнімнің көлемі алғаш рет 1 трлн. теңгеге жетті. Бұл – «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорациясы өнімдерінің көлемімен деңгейлес көрсеткіш. Соңғы 5 жылда аталған саладағы субъектілердің саны 1,5 есеге ұлғайды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша биылғы жылы жалпы құны 7 млрд. теңгені құрайтын 72 жоба мақұлданып, 3,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлікті жүргізуге қолайлы мүмкіндіктер тудыру мақсатында қолда бар инфрақұрылымдар мен олардың қуат мүмкіндігі көрсетілетін электронды карта әзірлену үстінде.

 Агроөнеркәсіп кешенін дамыта түсу үшін үстіміздегі жылдың 8 айында 8,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің жалпы көлемі 271 млрд. теңгені құрады.

 Облыс әкімі аймақ экономикасының өркендеуіне Елбасы бастамашы болған мемлекеттік бағдарламалардың тиімді пайдаланылуы айтарлықтай мол септігін тигізіп отырғанын айрықша атап өтті.

Тұрғын үй құрылысы бойынша биылғы жылы аумағы 379 мың шаршыметрді құрайтын жаңа тұрғын үйлерді тапсыру жоспарланып отыр. Ал, жыл басынан бері 245 мың шаршыметр тұрғын үй халықтың игілігіне өтті. Пайдалануға тапсырылатын үйлерден 1707 пәтер мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін болады. Бұл ретте құрылыс жұмыстарының географиялық шарттылығы кеңейіп, Балқаш және Жезқазған қалаларында әлеуетті әрекеттер қолға алынғанын атап өткен жөн.

Тұрғын үй-коммуналдық саласына қатысты Ерлан Жақанұлы «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша жалпы құны 845 млн. теңгені құрайтын, ұзындығы 7,4 шақырымдық жылу беру және электр жүйесі желілерінің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Жыл басында аймақта орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 55 пайызды құраған болатын. Аталған көрсеткішті жақсарта түсу мақсатында құны 6.2 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнге дейін ұзындығы 160 шақырым болатын инженерлік жүйелер жөндеуден өткізілді. Жоспарлы меже – 205 шақырым.

 Қазіргі таңда қалалар мен елді мекендерді газдандыруға қатысты Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында газ тарату жүйелерін жобалау шаралары іске асырылуда. Аталған жұмыс көлемі көп ұзамай аяқталуы тиіс. Газдандырудың алғашқы кезеңінде 18 мың адам және 460 заңды тұлға табиги газды пайдалану игілігін көретін болады. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталады. Жалпы алғанда аталған жоба газбен 1 млн. адамды, 100 елді мекенді немесе 68 мың үйді, 200 қазандықты, сондай-ақ, 700 кәсіпорынды қамтуға мүмкіндік бермекші.

 Есеп беру кезінде сонымен қатар, облыс әкімі бүгінгі күні білім беру мен денсаулық сақтау салаларында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік тетіктерінің белсенді түрде іске қосылып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда 300 орынды көпсалалы емхана құрылысын салу бойынша тиісті жобалау-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Жезқазған қаласындағы аурухана қалашығын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұдан тысқары, 6 мектептің құрылысы жүргізілуде.

 ***

Сессияда қаралған мәселе бойынша бірқатар мандат иелері мен облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері сөз алып, күн тәртібіндегі сауал аясында өздерінің ой-тұжырымдарын ортаға салды. Атқарылған істің ауқымы мен нәтижесіне, межелі жұмыстардың жүйелі жоспарланғанына жағымды баға берді.

Халық қалаулыларының басты жиынында сондай-ақ, өзге де ағымдық сипаттағы мәселелер талқыланып, оларға қатысты шешімдер қабылданды.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button