АймақҚарағанды

Аймақта «Уылдырық шашу» акциясы басталды

Қарағанды облысында 15 сәуірден бастап «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» аясында екі табиғат қорғау акциясы басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Қарағанды шаруашылығының орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі жедел тобының жетекшісі Бекайдар Жақыпов пен Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы басшысының орынбасары Бекзат Махажанов акциялар шеңберінде қандай іс-шаралар жоспарланғаны туралы айтып берді.

Сурет: облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар акция аясында қарағандылықтарды жануарлар әлеміне ұқыпты қарауға және табиғат қорғау заңнамасының бұзылғаны туралы дереу хабарлауға шақырады.

15 сәуірден 30 мамырға дейін Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың бойында балық аулауға тыйым салынды. Бұған барлық су тораптары (су қоймалары) кіреді. Бекітілген балық шаруашылығы учаскелерінде торта, ақтабан, мөңке және шортанға әуесқойлық (спорттық) балық аулау үшін ерекше жағдай жасалады.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар су айдындарында 20 сәуірден 20 мамырға дейін көксерке, ал 1 мамырдан 30 маусымға дейін сазан мен тұқы аулауға тыйым салынады.

Құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұл салынып, қылмыстық жауапкершілікке дейін тартылуы мүмкін.

– Осы жылдың басынан бері инспекция 49 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеді, оның ішінде 13 өрескел құқық бұзушылық сот органдарына жіберілді. 700 мың теңгеден астам айыппұл салынды, 600 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді, – деп хабарлады Бекзат Махажанов.

Уылдырық шашу кезеңі облыс аумағында 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында өтетін «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын өткізумен сәйкес келеді.

Балық шаруашылығы су айдындарын торлардан тазарту үшін тралдау өтеді. Сондай-ақ, жағалау аумақтарын тұрмыстық қоқыстардан және қатты қалдықтардан тазарту жоспарланған.

Табиғат қорғау заңнамасын сақтамау фактілері туралы тікелей 90-81-12 нөмірі бойынша инспекцияға (жедел желі) не құқық қорғау немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлауға болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button