Аймақта ауызсу мәселесін шешу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді

Балқаш қаласын сумен үздіксіз қамтамасыз ету бойынша кезек күттірмейтін іс-шаралар кешені  бекітілді. Сонымен қатар, Балқашта су құбырларын қайта жаңарту жалғасып, Тоқырау су құбырына тексеріс жүргізілді.

Сурет: bugin.kz

Қарағанды облысының қалалары мен ауылдық елді мекендерін сумен жабдықтау туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Төлеуов мәлімдеді.

– Балқаш қаласында 2022 жылы қаланың су құбыры желілерін қайта салу жобасы басталған болатын. Жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді қоректендіретін Тоқырау су құбыры тексерістен өткізілді. Қала әкімдігі сумен жабдықтауды тұрақтандыру, ауыз су мәселесін кешенді шешу, сондай-ақ «Балқаш су» және «Балқаш жылу» коммуналдық кәсіпорындарын жаңғырту бойынша бірінші кезектегі шаралардың тиісті жол карталарын әзірледі, – дейді Ербол Төлеуов.

Балқаш қаласының әкімі Қайрат Қамзиннің айтуынша, қала бюджетінен жаңа жабдықтар мен қажетті материалдарды сатып алуға қаражат бөлінген. Осы аптада конкурс жарияланады.

Сондай-ақ Ербол Төлеуов облыс бойынша халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін қалай арттыратыны туралы баяндады. Міндет – 2025 жылға дейін, 100% таза ауызсумен қамтамасыз ету. Қазір облыс қалаларындағы көрсеткіш 98,5%, ауылды жерлерде 92,9% -ды құрайды.

Биыл «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 39 жоба қаржыландырылды. 390 шақырымға жуық су және кәріз желілерін салу және қайта жаңарту жоспарлануда.

Қарағандыда Сұрыптау шағынауданында су құбыры желілерінің құрылысын аяқтау қажет. Теміртауда су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарының 14 ауылында жаңа су құбырлары салынып жатыр.

200-ден аз адам тұратын ауылдарда суды блок-модульдік тазарту кешендері орнатылады.

– Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Барлық іске асырылып жатқан жобаларды уақтылы аяқтап, пайдалануға беру қажет. Жұмыс барысын өзім бақылауда ұстайтын боламын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.