Спорт

Аймақ намысын 40 атлет қорғайды

Қарағандыда полиатлоннан ел чемпионаты басталды. Додаға барлық облыстан 12 мен 70 жас аралығындағы жүзден астам спортшы келді. Екінші қарашадан бесінші қарашаға дейін жалғасады. Айта кетейік, бұл чемпионат осымен бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қарағандының намысын 40 атлет қорғайды.

 

Жарыстың бірінші күні спортшылар 60 метр спринттен, екінші күні пневматикалық мылтықтан атудан, үшінші күні 50-100 метр жүзуден, төртінші күні төзімділікке жүгіруден бақ пен баптарын сынайды. Әйелдер 500-1000 метр, ал, ерлер 1000-2000 метрге жүгіреді.

Облысымыздың намысын ҚР спорт шебері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері, республикалық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпаздары Виктор Горохов, Рафаил Тинчурин, Глеб Соболев, Галина Музапарова сияқты жетекші полиатлоншы спортшылар қорғайды.

Қатысушылардың арасындағы ең ересегі – Виктор Горохов. Ол – 77 жаста. Спортпен бала кезінен айналысып келеді. Суда балықша жүзеді, жүгіреді, тапаншадан да атады, шаңғымен де сырғанайды. Бірақ, кәсіби түрде шұғылданбаған. Зейнет жасына дейін Қарағанды техникалық университетінде сабақ берген. Әлі сергек. 2017 жылы өткен Әлем чемпионатында алтын медаль алған. Таңертең жүгіріп, салқын суға түседі екен. Қан қысымы мазаламайды. Емхананың табалдырығын тоз­дырмайды. Ішер асына да қатаң бақылау қойғанын айтады.

– Таңғы алтыда бассейнге барамын. Одан кейін жүгіремін. Бір күнім тұтас жаттығуға кетеді. Қазір жаттығуларымды күшейтіп жатырмын. Осы турнирге тыңғылықты дайындалдым. Әлі бабымдамын. Денсаулығыма шағым жоқ. Дәрігерлер мұндай жаста күрделі, ауыр жаттығуларды жасамауға кеңес береді. Бірақ, мәселенің бәрі адамның өзіне байланыс­ты. «Ауырамын», «жарақаттанамын» деп ойласаңыз, солай болады. Спортқа да көтеріңкі көңіл күй, сүйіспеншілік қажет. Әр жаттығудан кейін сергіп, өз-өзіме масаттанамын. Сол арқылы құлшынысым артады. Егер адам өмір салтын тәртіпке бағындырса, бәрі жақсы болады. Ішімдік, шылым өмірімде татып көрген затым емес. Зиянды заттардан аулақпын, – деді ардагер спортшы.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button