Аймақ әлеуеті таразыланды

Кеше Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ төрағалығымен облыстық Қоғамдық кеңестің осы жылғы екінші отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамыту мәселесіне қатысты өткен жылы атқарылған жұмыстар мен 2019 жылғы жоспарлар туралы есеп берді.

– Менің халық алдындағы жақында өткен есеп беру кездесуім тұрғындар тарапынан жергілікті органдарға, соның ішінде қоғамдық кеңестерге қоятын сұрақтары қаншалықты көп екенін көрсетті. Облыс тұрғындарының өмір сапасын жақсарту – біздің жұмысымыздың басты бағыты болып табылады. Сондықтан, бүгінгі есебімді тұрғындардың кірістерін арттыру туралы Елбасы тапсырмасының орындалуынан бастағым келеді, – деді Ерлан Жақанұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, биылғы 1 қаңтардан бастап облыс кәсіпорындарында еңбек ететін 220 мың жұмыскердің жалақысы орта есеппен 14%-ға көтерілді. Барлық коммуналдық қызмет көрсету тарифтері 5-10%-ға төмендеді. Бұл тұрғындарға жылына 3,2 млрд. теңге қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.

Өңір басшысы, сондай-ақ, тұрғын үй және инфрақұрылым мәселесін де айналып өтпеді. Мәселен, өткен жылы өңірде 4135 пәтер пайдалануға берілген еді. Құрылыс жұмыстары облыс орталығында ғана емес, Жезқазған және Балқаш сынды өзге де қалалар мен аудандарда белсенді түрде жүргізілуде. Сөйтіп, биыл тағы 440 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Яғни, кезекте тұрған 1100-ден астам отбасы баспаналы болмақ.

 Жеке құрылыс компаниялары үш жыл аралығында «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,5 мың пәтер салуды жоспарлап отыр. Олардың 1000- нан астамы осы жылы тапсырылады.

 Сондай-ақ, облыстық бюджеттен бастапқы жарнаны субсидиялауға тұрғын үй сертификаттары үшін 1 млрд. теңге бөлінді. Оған бағдарламаға қатысушы 1000-нан астам отбасы ие болған екен.

Кеңес мүшелерін мұғалімдер мен өзге де бюджет қызметкерлеріне арналған тұрғын үй, жол жағдайы, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселелері қызықтырды.

– Мен, әсіресе, ауылдық жерлерден келген студенттер үшін өзекті тақырыпты көтергім келеді. Бұл – жатақхананың қолжетімділігі. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? – деп сауал жолдады Александр Зевахин.

Өз кезегінде аймақ басшысы облыстағы жатақханаларда 2350 орын жетіспейтінін растады. Соның ішінде, колледждерде 950 орын және жоғары оқу орындарында 1300 орын жетпіспеушілігі байқалады. Алайда, бұл мәселе де алдағы уақытта шешімін таппақ.

– Жұмыс Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында жүргізілуде. Балқашта, Абай мен Қарағандыда колледж студенттеріне арналған жатақханалар салынды. Биыл Қарқаралы қаласында 100 орындық тағы бір жатақхана құрылысын бастаймыз. Сондай-ақ, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті биыл жатақхана құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Олардың барлық құжаттары бар, жер телімін біз бөлдік. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің басшылығы инвестор тапты. Жақында олар да құрылысқа кіріседі. Алдағы екі жылда облыстағы жатақхана мәселесі жабылады, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдегі су тасқыны жағдайын да тілге тиек етті. Білуімізше, облыс бойынша жағдай тұрақты және бақылауда. 77 елді мекенде қорғаныс бөгеттері мен үйінділері салынды. Өзен жағалаулары нығайтылды.

Кеңес мүшелерін толғандырған ендігі бір мәселе – өңірдегі автокөлік жолдарының жағдайы. Өңір басшысы атап өткендей, жақын арада жөндеу жұмыстарынан кейін әлі де кепілдікте тұрған жол учаскелеріндегі ақаулар жойылуы тиіс.

Соңғы екі жылда аймақта 2000 шақырымнан астам жол жөнделді. Облыстың ірі қалаларының барлық негізгі көшелеріндегі жолдар қалыпқа келтірілген. Қарағандыда тек өткен жылдың өзінде 70 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өз кезегінде, кеңес мүшелері тұрғындар елді мекендердегі жолдардың жағдайын сынға алып жатқанын да атап өтті.

 – Қарағандылықтардың жол жөндеу жұмыстарына қатысты наразылығы – орынды. Кепілді қызмет көрсету туралы еске салғым келеді. Біз мердігер ұйымдарды кепілдік бойынша өз міндеттемелерін орындауға міндеттейміз, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі олқылығы бар жол учаскелерін де атады. Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы Сәтбаев, Гоголь, Космонавтар көшелері, Восток 1-2-3 ықшам аудандарындағы, 12 ықшам аудандағы айналма жолдар бар. Сондай-ақ, Совхозная, Ленин, Менделеев, Гудермесская, Б.Момышұлы, Махметов, Сатыбалдин, Прогресс, Крылов, Баженов көшелері, Бұқар Жырау және Республика даңғылдары да ақаудан арыла алмай келеді. Аймақ басшысының айтуынша, аталған көшелер мен даңғылдарда ауа-райы қолайлы болған тұста бірден жөндеу жұмыстары басталады.

Осы жазда Қарағандыдағы Құрылысшылар даңғылында екі жылдық жөндеу жұмыстары аяқталады. Өткен жылы су құбыры және жылу желілерінің бір бөлігі ауыстырылды. Қазір кәріз жүйесі салынуда. Ал, күн жылыған кезде жұмысшылар асфальтбетонды, жиектастарды ауыстырып, техникалық жаяу жүргіншілер жолын жасап, жарықтандыру бағандарын орната бастайды. Барлық жұмыстар күзге қарай аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Майқұдықтағы К.Маркс және Магнитогорская көшелеріндегі жолдың бір бөлігін жөндеу туралы жоспарларымен бөлісті. Бұл жолдарда шұңқырларды тегістеу жұмыстарымен ғана шектеліп қою мүмкін емес. Сондықтан, жаяу жүргіншілер жолдары, суағар кәріздер, жарықтандыру және жол қиылысы жүйелерін жаңартуды қарастыратын жөндеу жұмыстарының жобасы құрылды. Аталған жұмыстар биыл басталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, 2019 жылы 7-магистральге ағымдағы жөндеу жүргізілуі тиіс.

 Қазір Қарағандыда 166 жол кепілдендірілген мерзімде (2016 жылы – 25 көше, 2017 жылы – 71 көше, 2018 жылы – 70 көше). Шұңқырлар, жарықтар, жол жабынының жоғарғы қабатының бұзылуы 19 учаскеде пайда болды.

Бүгінгі таңда барлық кепілді жолдар тексерілді. Мердігерлік ұйымдарға анықталған ақауларды жою жөнінде ұйғарымдар берілді. Жөндеу жұмыстары 20 сәуірден кейін басталады.

Рауан ҚАБИДОЛДА