Облыс әкімі

Аймақ дамуы – айрықша назарда

  Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен аппарат жиыны өтіп, кейінгі екі айдағы аймақтың әлеу­меттік-экономи­калық даму қарқыны қаралды.

Аппарат отырысы барысында облыс әкімі кадрлық өзгерістер туралы хабарлады. Зейнет жасына жетуіне байланысты Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров қызметінен босатылды. «Хамит Нұрланұлы отыз жылдан артық уақыт бойы мемлекеттік қызметте еңбек етті. Бәріміз де оны тиімді басқарушы ретінде білеміз», – деп атап өтті аймақ басшысы.

Ұлытау ауданы әкімінің міндетін атқару әкімнің орынбасары Мақсұт Оспановқа жүктелді.

Мәжіліске өңіріміздің қала және аудан әкімдерімен қатар, облыстың басқарма басшылары да қатысып, түрлі сала бойынша есеп берді. Облыстың экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявскаяның айтуынша, өткен екі ай қорытындысы бойынша өндіріс саласындағы серпін – 4,6%-ға, сауда – 3,9%-ға, автокөлік – 1,6%-ға артқан. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 15,5%-ға, қайта өңдеу өнеркәсібінде – 2%-ға өсті. Жыл басынан бері негізгі капиталға келіп түскен инвестиция көлемі 23,6 млрд. теңгені құрады. Сондағы негізгі соманың тең жарымына жуығы қайта өңдеу өнеркәсібіне құйылды. Бұл салада инвестиция екі есеге дейін өсті. Биылғы қаңтардан бері облыс экономикасына құйылған шетел инвестициясының мөлшері 29%-ға артып, жалпы сома 13,2 млрд. теңгеге жетті. Дегенмен, инвестиция көлемі бойынша облысымыз республика көлемінде әзірге 9-шы орынға тұрақтаған. Тау-кен өнеркәсібі бойынша да өткен жылдың екпінін басып озу әзірге мүмкін болмай тұр.

Сонымен бірге, жекелеген салалар бойынша өсу қарқынының құлдырағаны байқалады. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі 2,6%-ға азайғанын айта кету керек. 2016 жылдың қаңтар-ақпан айларындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9%-ға төмендеді.

Қазіргі күні инвестиция тарту мен экономиканы көтеру – еліміздегі басты мақсаттардың бірі. Бұл жұмыстарды барлық әкім жүргізуі тиіс. Олардың жұмыс жасау деңгейі – осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады, – деді Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысы автокөлік жолдарының жөндеу жұмыстарына да ерекше назар аударды. 2017 жылы бұл жұмыстарға облыс бюджетінен қосымша 1,4 млрд. теңге бөлінді.

«Биылғы жыл – автокөлік жолдарының жылы. Біздің барлық ірі қалаларымыз жол мәселесін жақсарту үшін қомақты қаржы иеленді. Ең алдымен – Қарағанды қаласы. Өз басым облыс орталығындағы барлық жолдармен жүріп өттім. Расымен де, көп жыл бойы жөндеу көрмеген жолдарды жол деп айтудың өзі қиын. Жол емес, бағыт қана бар десек те болады. Өз көзіммен көріп, қаржыны осы салаға жұмылдыру керек екендігіне көз жеткіздім.

Аймақ басшысы қала әкімдеріне бұл қаржаттардың өз мақсатында жұмсалуына қатаң бақылау жасалатынын ескертті. Қадағалауды күшейтуге құқық қорғау органдары мен қоғам белсенділерін тартуды ұсынды.

Әр басшы алдына қандай мақсат қойылғанын айқын бағдарлай білуі тиіс. Президент тапсырмасын тиімді жүзеге асырудың оң шешімдерін сараптай білу қажет. Жоспарланған шаралардың тізбесін жасаңыздар. Облыс әкімдігі мен Үкімет арасындағы жұмысты жүйелендіру шарт. Бұл құжат – біздің бұдан әрі жұмыс жасауымызды бағдарлап береді. Осы құжатты ұсынуға бір апта уақыт беремін, – деді Ерлан Қошанов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button