Бас тақырып

Аймақ басшысы тұрғындардың жеке мәселелеріне жауап берді

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қаланың Оңтүстік-Шығысындағы жаңа диалог орталығында қала тұрғындарымен кездесіп, жеке мәселелеріне жауап берді. Қала тұрғындары бұл кездесуге онлайн да қатысып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Екі сағаттан астам уақытқа созылған жиында қаузалған мәселелер сол жерде сала мамандарымен талқыланды. Айта кетейік, кездесуге қала мен аудан әкімдері және ведомство басшылары да қатысты.

Суреттер: облыс әкімдігінен

Кездесуге Алена Степанова Көкпекті станциясынан арнайы келіпті. Бірнеше жыл бұрын аталмыш станцияны Қарағанды қаласының құрамына кіргізу үшін арнайы құжат әзірленген болатын. Сол құжат бүгінде дайын болғанымен әлі ҚР Әділет министрлігінде қаралуда. Енді елді мекеннің қала құрамына ресми түрде қашан кіретіні әлі белгісіз. Осы мәселені қайта көтеріп келген Алена Степанова аймақ басшысымен арнайы кездесуге келген.

– Біз станциямыздың аумақтық-әкімшілік мәселесін ұзақ уақыт шеше алмай келеміз. Аумақтық жағынан біз Бұқар жырау ауданына, әкімшілік жағынан Қарағанды қаласы, Әлихан Бөкейхан атындағы ауданға қараймыз. Енді құжаттар дайын және Үкіметтің қарауында екені түсінікті. Бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенемін. ТКШ бойынша да көптеген мәселе бар. Менің барлық сұрақтарым оң шешімін табуы тиіс, – дейді Көкпекті станциясының кенттік Кеңесінің төрағасы Алена Степанова.

Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Сұрыптау-Көкпекті бағытындағы жолды жарықтандырып, шұңқырларын жөндеуге уәде берді. Әрі Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожуховқа қоқыс қалдықтарын шығарып, арнайы контейнерлерді қоюға тапсырма берді.

Ал, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарУ жанындағы Әлеуметтік-психологиялық зертхананың басшысы Мәдина Өмірқұлова өңір басшысына арнайы ұсыныспен келіпті. Ол аймақ басшысына «Цифрлық трансформация жағдайындағы қазақстандық қоғам: перспективалар мен тәуекелдер» атты өзінің жобасын таныстырды. Бұл жоба адамдарға гаджеттермен жұмыс істеу және интернетті қауіпсіз пайдалану кезінде денсаулықты сақтау дағдыларын қалыптастыруға арналған.

Әрі балалар да басты назарға алынған. Бұл бағытта зертхана қызметкерлері емтихандар мен тренингтер өткізуге, мектеп және денсаулық орталықтары мен емханалардың психологтарымен жұмыс істеуге дайын екендігін айтты.

Өз кезегінде аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл ұсынысқа қызығушылық танытып, қолдау көрсететіндігін айтты.

– Бүгінде бұл өте үлкен мәселе. Бұл мәселені шешу үшін әрекет ету керек. Егер сіздің жобаңыз көмектесе алса, бұл керемет болар еді. Біз қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button