Аймақ басшысы Шахтинск тұрғындарымен кездесті

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен басқарма басшылары Шахтинск тұрғындарымен кездесті.

Әдеттегідей электронды кезек ұйымдастырылды.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің кіре берісінде кездесуге келгендер өңір басшысымен немесе олардың мәселесін шешуге құзырлы ведомстволардың өкілдерімен сөйлесу үшін талондар алды.

Тұрғындардың кейбірімен Ермағанбет Бөлекпаев алдыңғы кездесулерден таныс. Мәселен, Абай Құнанбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындары осыған дейін балалар мен спорт алаңдарын жасауды сұраған. Алаң салынған, бірақ абаттандыру толық аяқталған жоқ.

– Балалардың серуендейтін жері болған жоқ. Көмектестіңіздер. Бірақ футбол алаңында жасанды жасыл жабын төселмеді. Біз осыны айтуға келдік. Облыс әкімі бірден біздің қала басшылығына тапсырма берді. Өтініш назардан тыс қалмайды деп сенеміз, – деп бөлісті Шахтинск қаласының тұрғыны Гүлнар Полева.

Шаханнан кездесуге бастамашыл топ келді. Ауыл абаттандырылуда, биыл жолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру жалғастырылды. Роллердромның құрылысы аяқталуда. Ал келесі жылы көпфункционалды корт салу жоспарлануда.

Көпқабатты үйлер орталық жылытуға қосылған, бірақ қазір жеке сектормен мәселе туындады. Оларды қосу үшін төрт жылу пунктін салу қажет – бұл үшін ЖСҚ бар.

Шахан тұрғындары денсаулық сақтау мәселелерін көтерді. Олар емхананың күрделі жөндеуі қашан аяқталатынына, жедел жәрдем жаңа көліктер қашан сатып алынатынына алаңдайды.

Тағы бір күрделі мәселе – Шахтинск пен Шаханға баратын жолдың жағдайы. Қарағанды – Саран – Шахтинск автожолын күрделі жөндеу биыл басталды, жоба 2024 жылы аяқталуы тиіс.

– Жол, сапалы және тұрақты жылумен жабдықтау – бұлар басымдылыққа ие. Аталмыш мәселелерді шешетін боламыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі әрбір өтінішті тіркеп, кездесу барысында тапсырмалар берді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.