Бәрекелді!

Аймақ ақындары Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтті

Сәкен СЕЙФУЛЛИН, Сәбит МҰҚАНОВ сынды қазақ әдебиетінің алыптары негізін қалаған Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өту – биік мәртебе һәм әр қалам иесінің иығына жауапты міндет жүктейді. Осындай мәртебеге Қарағанды облысының сегіз ақыны ие болды. Одақтың жаңа мүшелеріне мүшелік билеттерін Одақ төрағасының бірінші орынбасары ақын Ақберен ЕЛГЕЗЕК арнайы келіп табыстады.

Салтанатты шара Қарағандыдағы Достық үйінде өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын және аймақтың зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Ақберен Елгезек Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облысы филиалының жаңадан тағайындалған жетекшісін таныстырды. Бұл жауапты істі енді ақын Жанат Жаңқашұлы тізгіндейді.

Одаққа мүшелікке қабылданған қаламгерлер арасында отты жырларымен оқырманға ой салып жүрген ақын «Қанатқақты», «Ақжарма», «Аһ, дариға» кітаптарының авторы, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі Мүсіркеп Сейдахмет, «Дауыс» жыр жинағының авторы Қайрат Асқар, «Жанарымдағы жазулар», «Қарашығымдағы сағыныш» жыр жинақтарының авторы Салтанат Смағұлтегі, «Серт» жыр жинағының авторы Жәнібек Әлиман, «Аққайың болсын есімің» кітабы жарық көрген Рауан Қабидолдин, «Қағазжүрек», «Шексіздік» жыр жинақтарының авторы Жадыра Байбұланова, «Меруерт моншақ» кітабы жарық көрген Айзада Рхымжанова, «Саған арнадым» жыр жинағының авторы Аян Мейраш бар. Арқа топырағы қазақ әдебиетінің алтын қорына өлмес туындылар сыйлаған ақын-жазушыға кенде емес. Қолдарына мүшелік билетін алған ақындардың әдебиетімізге олжа салып, өндіріп жазатынына сенім зор.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button