«Айка» фильмі көрерменге жол тартты

Режиссер Сергей ДВОРЦЕВОЙДЫҢ «Айка» фильмі бүгіннен бастап Ресей мен Қазақстан кинотеатрларынан көрсетіледі. Бұл фильмде басты рольді былтырғы Халықаралық Канн кинофестивалінде «Үздік әйел ролі үшін» жүлдесіне ие болған елімізге белгілі актриса Самал ЕСЛЯМОВА сомдайды.

Жақында «YouTube» желісінде кинокартинаның трейлері жарияланды. Онда перзентханаға жаңа туған сәбиін тастап қашқан Айканы көруге болады. Фильмде Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасы, оның ішкі адами өсуі, аналық сезімі баяндалады.

«Айка» фильмінің алғашқы көрсетілімі Астанадан бастау алды. Ал, біздің актриса Самал посткеңестік кино тарихында алғаш рет әлемнің үздік актрисасы атанды. Барлығы «Айканы» ауыр фильм деп айтып жатыр, көрерменді олай қорқытпай-ақ қояйық. Бұл өте салмақты картина, онда әзіл де бар, драма да бар, – дейді «Ника» сыйлығының лауреаты Сергей Дворцевой.

Айта кетейік, аталмыш фильм «Оскар» жүлдесінің «Шетел тіліндегі үздік фильм» санатында тоғыз картинадан тұратын қысқа тізімге енді. 14 ақпаннан бастап, яғни, бүгіннен «Айка» фильмі Қарағандының кинотеатрларында кеңінен көрсетілетін болады.

Нұрдос КӘРІМ