Қарағанды

Айқын бағдар, берік байлам

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде тіл туралы терең тебіреніспен толғамды ойлар айтқан. Қазіргі күрделі жаһандану заманында әр ұлт өз тілін ардақ тұтып, көздің қарашығындай аялап, қадірлеу аса жауапты іс екені баршаға белгілі. Тіл халықтың жаны, жүрегі, өмірлік бойтұмары. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген парасатты пікірі әркімнің көкейінде жүрер қастерлі қағида болса керек. Өзіңнің ана тіліңе зор сүйіспеншілікпен қарай отырып, өзге тілді құрметтеу шынайы адамгершіліктің көрінісі. Дана халқымыз «Жеті жұрттың тілін біл» деп насихат-үлгі ұсынады. Ал Қадыр Мырза Әлі ақын: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақыл-кеңес береді. Шынында көп тіл білу адамның ой-өрісін кеңейтеді, түрлі маңызды ақпараттар алуға мүмкіндігі болады. «Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі – үш тұғырлы тіл мәселесі десек артық айтқандық болмас. Әлемдік ақпарат, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жүріп жатыр. Демек, бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек» – дейді Президентіміз. Расында ағылшын тілі әлемдік тілге айналды, көп елдер бір-бірімен осы тілде қарым-қатынас жасайды.

    «ХХІ ғасыр – жастар ғасыры» деп бекер айтылмаса керек. Болашақтың иесі, кемел келешектің тұтқасы – бүгінгі жастар. Сол жас өрендердің бойына адами-имани қасиеттерді сіңіре отырып, олардың жан-жақты жарасымды дамуына игі ықпал ету өте өзекті мәселе. Өзім ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан Нұрсұлтан Әбішұлының жоғарыда аталған кітабында тұжырымдалған даналық ой-пікірлерді қуана қабылдадым.

    Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық ұлы идея. Бұл нұрлы болашаққа бастар айқын бағдар, берік байлам. Тәуелсіз еліміздің әр азаматына қуатты күш серпін берер жасампаздық рух. Президентіміздің толғау-эссесінде: «Еңбек – өмірдің ұстазы». Ерен еңбектің терең сабағын алған сайын елдің әл-ауқаты артып, қуаты күшейе береді. Ел қуаты – ертеңгінің мұраты» деген сөздері мені ерекше сүйсіндірді. Алда тұрған іргелі істерді еңсерудің сенімді кепілі – Еңбек. «Еңбек, бәрінде жеңбек» деген халық ұлағатында терең тағылым бар.

    Әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылудың бірден, бір шарты – көп тілділік. Соның ішінде ағылшын тілін меңгеруге батыл қадам жасау – өмір талабы, уақыт үрдісі. Ұлы Дала елінің ұрпағы бұл бағытта әлі талай белестерді бағындырып, өрісін кеңейтіп, жолын ұзартатынына кәміл сенеміз.

Нұртас АДАМОВ,

21 негізгі орта мектебінің

ағылшын тілі пәні мұғалімі.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button