Ресми

Қай мамандыққа сұраныс жоғары?

Облыста еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру үшін барлық мүмкіндіктер пайдаланылады. Жұмыс берушілердің өтінімі негізінде қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқыту жүргізіледі. Колледждер дуальды оқытуды дамытып, сұранысқа ие жаңа мамандықтарды енгізуде белсенділік танытуға ынталы. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестің кезекті отырысында осы және өзге де өзекті мәселелер талқыланды.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Тұрғындарды жаңа мамандықтарға оқыту үшін биыл Jumys Tap пилоттық әлеуметтік жобасы іске қосылған.

– Биыл жұмыс берушілердің қажеттілігіне сәйкес 506 адам оқытылды. Бүгінгі таңда оның 87%-ы жұмысқа тұрды. Сонымен қатар, кәсіптік оқыту Skills Enbek платформасы арқылы жүзеге асырылады. Биыл 2489 адам тегін онлайн курстардан өткен. Jumys Tap жобасы бойынша білім басқармасымен бірлесіп, бес колледж базасында 28 мамандық бойынша оқыту ұйымдастырылғанын да атап өтуіміз керек, – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Дерекке сүйенсек, 2025 жылға арналған жоспарда әртүрлі бағыттар бойынша 3 400-ге жуық адамды оқыту көзделіп отыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова, жұмыс берушілердің өтінімі бойынша кадр даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту жоспарланғанын айтады. Еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес колледждерде «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Газбен жабдықтау жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Гидротехник» сияқты басқа да жаңа мамандықтар оқытылуы тиіс.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бизнес-қоғамдастық өкілдері алдында аймақтың дамуы мен экономиканың нығаюына байланысты басқа өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

– Біз бизнеспен ашық диалогқа ұмтыламыз. Сараптамалық кеңес барлық проблемаларға жедел жауап беру, бірлесіп шешу жолдарын табу үшін құрылған. Жыл қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық салаларында оң серпінге қол жеткізілді. Біріншіден, бұл – біздің өңірдегі бизнес­тің тұрақты жұмысының нәтижесі, – деді аймақ басшысы.

Бұған дейінгі отырыста жүктелген тапсырмалардың орындалуы туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов баяндады.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлерге инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.

Кеңес отырысында сарапшылар кеңесінің мүшелері өз ұсыныстары мен ескертулерін білдірді. Қаржыландырудың қолжетімділігі, отандық өндірушілерді және экспорттаушыларды қолдауға қатысты мәселелер де ортаға салынды.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button