Ахуалың қалай, ауыл бизнесі?

Бизнес сөзі – қазір ешкімге бөтен емес. Алыпсатарлықпен айналысқан да, өнім өндірген де өзінің шаруасын осы күні «бизнес» дейді. Түсінікті тілмен айтқанда, кәсібіңмен наныңды тауып жеу, табысқа кенелу. Бірақ бүгінгі бизнес кешегі «коммерция» емес. Кәсіпкерлік белсенділікпен қатар, сауаттылықты һәм сол саладағы білімділікті талап етеді. Әсіресе, ауылдағы кәсіпкерлік жабайы кәсіпкерліктен әлі ұзай қойған жоқ. Сондықтан да, ауыл бизнесі әлі күнге қора-қопсыдан шыға алмады. Сол себепті де ауылдардың еңсесі – еңкіш…


СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?
Облыстың статистикалық деректеріне сүйенсек, аймақта 84 мыңға жуық тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 236 мың адам шамасында. Осы кәсіпкерлік нысандарының шығарған өнімінің құны 884,7 млрд.теңге көлемінде екен.
Енді кәсіпкерлердің үлес салмағына үңілейік. Бүгінде тірлік жасап, тырбанып, табыс табуға ұмтылған шаруа қожалықтарының нарықтағы үлесі -10,4%, жеке кәсіпкерлердің салмағы – 69,2%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар –20,2%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар — 0,2% дейді мәліметтер.
Ал, мемлекеттік қолдауға келсек, Үкіметке өкпелейтін жөніміз жоқ секілді. Айталық, «Атамекен» ҰКП аймақтық кәсіпкерлік палатасының дерегінше, былтырғы жылы қаржылай емес қаражат негізінде кәсібін бастауға ынта білдіргендерге көмек көрсетілген. Аймақтық кәсіпкерлік палатасы, мысалы, қаржылай емес қолдау көрсетудің барлық бағыттары бойынша жоспарды басып озғандығын айтады. Нақтыласақ, 2492 шағын және орта бизнес субъектісіне 3 065 сервистік көмек беріліпті. Ал, палата көмегімен 2018 жылы әзірленген бизнес жоспарлардың саны – 414. Қала, аудандардағы 17 кәсіпкерді қолдау орталықтары 25 000-нан астам ақпараттық қызметті іске асырған. «Бұл жоспарланған көлемнің 202%-ын құрайды» дейді палата өкілдері.
Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісовтің мәлімдеуінше, жобалармен жұртшылықты қамтуда кедергі жоқ. ««Бастау» жобасы сәтті іске асып жатқанын атағым келеді. 2018 жылы 1989 жұмыссыз адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды, 800-ден астам жоба ауылды жерде жеке кәсіп бастау үшін (жалпы сомасы 2,5 млрд. теңге) несие немесе гранттық қаражат алды», – дейді палата директоры. Сонымен қатар, палата дерегінше, облыста жыл соңына дейін жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар қатарынан 1000 адам «Бастау» жобасына қатысады деп жоспарланған.
АУЫЛ КӘСІПКЕРЛІГІНДЕ КЕЖЕГЕНІ КЕРІ ТАРТҚАН НЕ?
Ауылдың көпшілігі – жеке кәсіпкер. Яғни, ұсақ-түйекпен айналысқандар. Бірақ осы жеке кәсіпкерлік қашан жетіледі? Шынтуайтында, ауылдағы кәсіпкерлер тек алыпсатарлықпен отырған саудагерлердің деңгейінде ғана. (Фермерлер туралы әңгіме бөлек). Ал, кейінгі жылдары мемлекет ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін біраз бағдарламалар жасап шығарды. Жүзеге асырды, асырып та келеді. Миллиондаған қаржы берілді. Оны аз-маз болса да алған ауыл тұрғындары да бар. Бірақ нәтижесі кәне? Берілген қаржыны іс қылып, өзін де өзгені де асырамақшы сол кәсіпкерлер қайда? Бастаған ісі, жүргізген кәсібі ше? Неге көркеймейді сол кәсіп? Обалы нешік, Үкімет оқытып та, тоқытып та әуре. Әйтеуір, қарап қалған жоқ. Алайда, нәтиженің айтарлықтай емес екенін бәріміз жақсы білеміз. Неге?
Өйткені, біз сол берілген қаржыны іс ашуға емес, қарыздарымызды, кәкіршүкір қажетімізді өтеуге жұмсаймыз. Сұрап қалса деп, көз бояу үшін бизнес жоспарда көрсетілген кәсіптің иісін шығаратын бірер әрекет жасаймыз-мыс. Бітті. Одан әріге аспайды. Себебі, берілген қаржы мүлдем басқа мақсатқа кетіп қалған. Дәлірек айтсақ, берешегімізді өтейміз. Үйге жиһаз аламыз. Немесе қаладан сатып алатын үйдің алғашқы жарнасына саламыз. Я болмаса, көлік алдық дегендей. Бұл – қарабайыр түсініктегі қарабайыр түріміз. Содан көбінің не өспей, не өнбейтіні.
Әлбетте, бәрін жоққа шығаруға болмайды. Әйткенмен, көп жағдайдағы қалыптасқан үрдіс – осы. Сондықтан, қайтпек керек мұндайда?
МЕНЕДЖМЕНТ КЕМШІН
Кәсіпкердің жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, оқытып жетектеп жүріп, кәсіп ашуға көмек беретін палата барда кәсіпкер болу – аса қиын емес секілді. Бизнес-жоспарыңызды жасап, жол көрсетіп-ақ береді.
Тетік бар, құрал бар. Қаражат бар. Бағыт бар. Қолдау бар. Тек, соны одан әрі ілгерілету – әркімнің өз қолында. Бүгінгі бір тиын ертең екі тиын болып қайтатынын ойлайтын – менеджмент кемшін. Кез келген идеяны жетілдірсе, одан табыс табарымызды нарық дәлелдеп берді. Қоғамның қажеттіліктерін өтеу арқылы-ақ ешкімге қол жаймай бақуатты тірлік кешу – әбден мүмкін.
Мойындау керек. Кәсіп ашудағы кедергілер жойылып келеді. Заңдық және құқықтық деңгейде қорғайтын, қолдайтын орган да бар. Басты кінәрат – тар түсінікте. Содан арылса, ауыл кәсіпкерлерінің айы оңынан туатындай көрінеді кейде маған.
Қысқасы, заманауи тұрғыда жоспарланған бизнес жетпей тұр елге.

Қызғалдақ АЙТЖАН