Жаңалықтар

Агрокешен – экономиканың жетекші күші

Облыстың солтүстік бөлігін алып жатқан, шығысында Павлодар облысының Баянауыл ауданымен, Екібастұз қаласымен, солтүстігінде Ақмола облысының Аршалы, Ерейментау аудандарымен батысында облысымыздың Нұра, оңтүстігінде Бұқар жырау әкімшілік бөліністерімен шектесетін Осакаров ауданының құрылғанына биыл 85 жыл болады. Осы мерейлі белесіне аудан үлкен еңбек өрлеуі үстінде келіп отыр.

Сурет tengemonitor.kazgazeta.kz

Аудан экономикасының жетекші саласы – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде егіншілік басты рөл атқарады. Таяуда өткен жылдың қорытындысы шығарылды. Оның нәтижесі осакаровтық диқандар рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін көрсетті. 2024 жылы ауданда 416,2 мың гектар алқапқа жазғы дәнді дақыл тұқымы сіңіріліп, берекелі күзде 654615 тонна астық жиналды. Гектар түсімі 16 центнерден айналды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

Өткен жылы ауыл шаруашылығы табысының жалпы көлемі 83 миллиард 867 миллион 900 мың теңгені құрады. Оның басым бөлігі, 71 миллиард 500 миллион 800 мың теңгесі өсімдік шаруашылығының, 12 миллиард 437 миллион 100 мың теңгесі мал шаруашылығының үлесіне тиеді. Яғни, нақты индекс көлемі 147 пайызды құрады.

Құрғақшылық жайлаған 2023 жылы Осакаров ауданы алқаптарынан 328375 тонна астық орылған еді. Былтырғы өнім, жоғарыда атап өткеніміздей, еселеп артты. Сонымен бірге, мал шаруашылығында 4318,36 тонна ет (оның 2895,1 тоннасы жеке меншіктің есебінен), 21813,9 тонна сүт (13692,4 тоннасы жеке меншіктен), 3359,5 мың дана жұмыртқа (3187,8 мың данасы жеке меншіктен) өндірілді. Өнімнің барлық түрі алдыңғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда асып түсті.

2025 жылдың 1 қаңтарында ауданда 21300 бас жылқы, 36048 бас қой-ешкі, 22930 сиыр, 6 түйе, 2155 шошқа, 30852 құс болды.

Уақыт өткен сайын Осакаров өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ұқсату дамып келеді. Атап көрсетсек, «Тонус» ЖШС ашытылған сүт өнімдерінің 15 түрін шығарады. Былтыр кәсіпорын 700 тонна сүт өңдеді. «Алтын-Астық» ҰК ЖШС тәулігіне 300 тонна немесе жылына 108 мың тонна бидай тартып, өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын өнімін еліміздің аумағына ғана емес, Өзбекстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттеріне сатады.

Ауданның агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 2024 жылы 10 миллиард 572,18 миллион теңге инвестиция құйылды. Бұл алдындағы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге жуық (147,5 пайыз) көп. Облыстың ауыл шаруашылығына келген инвестицияның 41,9 пайызы Осакаров ауданының үлесіне тиесілі.

Су үнемдеу технологиясы қолданылатын алаң аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келеді. 2024 жылы «Еуразия-Инвест Ltd» ЖШС «Ауылшаруашылығы дақылдарын суару жүйесінің құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асырды. Жалпы құны 4 миллиард 700 миллион теңге тұратын осы құрылыстың іске қосылуы нәтижесінде 18 жаңа жұмыс орны пайда болды. Суарылатын алқап аумағы 1100 гектарды құрады. Нәтижесінде былтыр суармалы алқап көлемі 2700 гектарға жетті.

Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңарту өзекті мәселе болып күн тәртібінде тұр. 2024 жылы осакаровтық ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер 5,9 миллиард теңгеге 102 дана ауыл шаруашылығы техникасын, 500 миллион теңгеге жабдықтар сатып алды. Техниканың 66 данасын лизинг арқылы (құны 4,7 миллиард теңге) иеленді.       

2025-2026 жылдары жалпы құны 34 миллиард 790 миллион теңге тұратын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Атап айтқанда, 1100 бас сиырға арналған тауарлы сүт фермасының құрылысы. Родников ауылдық округінде салынады деп жобаланған нысанның құны – 6,7 миллиард теңге (1миллиард теңге меншік иесінің өз ақшасы). Жыл ішінде 9 мың тонна сүт өндіретін кәсіпорында 20 адам жұмыс істейді. Құрылысты биыл аяқтау жоспарланған.

Құны 25 миллиард теңге тұратын (оның 5 миллиарды меншік иесінің ақшасы) «Суармалы жерді іске қосу» жобасы. 8 мың гектар суармалы алқап игерілгенде он жаңа жұмыс орны пайда болады.

2500 тонна көкөніс сақталатын қойманың құрылысы. Жобаның құны 850 миллион теңге (350 миллион теңгесі меншік иесінің ақшасы). Ол салынып біткенде он жұмыс орны ашылмақ. Бұл үш жобаны «Еуразия-Инвест Ltd» ЖШС іске асырмақшы және бәрін биыл аяқтау жоспарланған.

Дәнді дақыл және көкөніс өсіруге арналған, аумағы 1200 гектарлық суармалы жүйенің құрылысы. Қаратомар ауылдық округінің Сенокосное  аулында жүзеге асырылатын жобаның құны 1 миллиард теңге. Оны атқаратын «Бірлік Агро Инвест» ЖШС. Құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталатын суармалы жүйеде 20 жұмыс орны ашылмақшы.

Ауылшаруашылығы дақылдарын суару жүйесі құрылысының 1-кезегі. Жобаның құны 1 миллиард 240 миллион теңге. Биыл басталып, келесі жылы толық іске қосылатын құрылысты «Звездный» ЖШС жүзеге асырады. Мұнда 20 адам жұмыс істейді деп күтілуде. 

Аталаған жобалар іске асқан кезде 80 жаңа жұмыс орны пайда болумен қатар, олар шығаратын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі арта түсетіні дау туғызбайды.

– Ауылдағы адамдардың табысын арттыру мақсатымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында былтыр Пионер ауылдық округінде «Біздің ауыл» агро өнеркәсіп кешені құрылды. Мұнда кешен сатып алған, құны 11 миллион теңге тұратын сүт өңдеу жабдығының қаржысы төленді. Сонымен қатар, жалпы бағасы 43,1 миллион теңге тұратын жеті жобаға ақша бөлінді. Оның бесеуі мал шаруашылығына бағытталды: 29,6 миллион теңгеге асыл тұқымды 51 сиыр. 153 бас қой сатылып алынды. Ауыл шаруашылығына жатпайтын екі бизнес түріне: автомобиль жуу құралдары мен дүкенге арналған жабдықтарға 13,5 миллион теңге жұмсалды. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғаса береді, – дейді Осакаров аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саян Төлеуғазин. 

Былтырғы үлкен табыс қанаттандырған Осакаров ауданының ауыл шаруашылығы қызметкерлері биыл да егістік алқап аумағы мен мал басын кемітпей, қарқынды еңбек ететіні күмәнсіз. Агрокешен экономиканың жетекшісіне айналған өңірде басқаша болуы мүмкін емес.    

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button