АГРАРЛЫҚ СЕКТОР – ЖАҢА ДРАЙВЕР

    Экономиканы дамытуда әр саланы бір-бір ойыншы десек, олардың әрқайсысының қолында саланың жүріс-тұрысын бағамдайтын картасы – жоспар, бағдарламасы бар. Сол арқылы ұтуы да, ұтылуы да әбден кәдік. Ең бастысы, жүріс түзу болуы керек. Қай салада қанша карта барын білмейміз ал, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолында – 10 карта. Сейсенбі күні  Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Қайрат АЙТУҒАНОВ қарағандылық аграршылармен кездесуінде министрліктің карталарын ашып тастады.  Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығының басым бағыттарын дамытудың және агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауды жетілдірудің 10 картасы дайын және тағы 3 карта әзірленуде көрінеді. Сонымен қатар, карталардың жобалары салалық қауымдастықтар және одақтар, қоғамдық кеңес, агробизнес және ғылыми ұйым өкілдерімен жан-жақты талқыланып, пікірлер ескеріліп, пысықталыпты.

Өнімде өсім бар

Вице-министр Қарағанды облысына агроөнеркәсіптік кешенді дамыту карталары, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды жетілдіру жөніндегі шаралар туралы мәселені аграршылармен талқылауға арнайы келгенін атап өтті. Жалпы, аграрлық салада Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша  биылғы ақпаннан  «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын» толыққанды іске асыру басталған.

Бағдарлама  ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін  мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру арқылы оларды тауарлы өндіріске тарту,  сауда-логистикалық инфрақұрылымды және экспорттық саясатты қалыптастыру, ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды және аграрлық қайта өңдеуді дамыту, сондай-ақ, сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу арқылы дамытуды көздейді екен.

Қайрат АЙТУҒАНОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы 9 айында  оң нәтижелер байқалуда.  Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі 2 пайызға жуық өсті.

Мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 3,3%-ға, ет өндірісі –5,7%-ға, сүт өндірісі –2,8%-ға ұлғайды. Өсімдік шаруашылығында өсім бар. Бүгінде дәнді дақылдарды жинау аяқталуда. 15,3 млн. гектар жерден өнім жиналды. Жұмыс қарқыны өткен жылға қарағанда 1,1 млн. гектарға жоғары. 21,9 млн. тонна астық бастырылды.

Тұқым шаруашылығын қолдау және минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша қабылданған шаралар ағымдағы жылы 3-сыныпты астықтың үлесін 65%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Былтыр бұл көрсеткіш 44%-ды құраған болатын. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы астықтың 34%-ының дән маңызы 25 және одан жоғары. Өткен жылы   бар болғаны 9%-ды құраған еді.

Аталған кезеңде тамақ өнімдерінің өндірісі 5,3% өсті, оның ішінде, жарма өндірісі 38%, өсімдік майы – 16,5, макарон – 11%, сары май – 7,5%-ға, өңделген сүт пен кілегей –  3% өсті. Министрлік агроөнеркәсіптік кешеннің одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін негізгі проблемаларды жүйелеп, карталар түрінде нақты индикаторлары бар түпкілікті шаралар әзірледі.

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті — түрен тимеген тың әлеует. Бағамдасақ, агроөнеркәсіптің өзі шикізатты-минералды базаларды алмастыруға мүмкіндігі зор. Агрокешен қарқын алса, қазба байлықтағы пайдадан кем түспек емес. Сондықтан да, Мемлекет басшысы аграрлық сектор – экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиістігін қадап айтқан-тын. Бұл үшін ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау да күшейді. Өңірлерде агроөнеркәсіптің өрісін кеңейтер шаралар мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Министрлік қабылдаған  дамыту карталары кенжелеп тұрған бұл кешенді біраз өрге сүйремек екен. Сонымен, шаруалардың шаруасын шыр айналдыруға ықпал етуге қандай қарекет жасалмақ?

Ауыл шаруашылығы

кооперациясы картасы

Карта 2016 жылдың соңынан бастап іске асырылуда және осы жылы алғашқы нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 56  мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалығын қамтыған 745 кооператив  құрылған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар 5 968 бордақылау алаңын құрды. Бордақылау алаңдарының қуаттылығы – 102,5 мың басты құрайды. 44 мың тоннадан аса сүт және 13 мың тонна ет дайындалыпты. Бұл биылдың өзінде сүт өңдеу бойынша кәсіпорындардың жүктемесін 60-тан 65%-ға дейін, ет өңдеу бойынша кәсіпорындардың жүктемесін 55-тен 60%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 1 мың тонна құс еті; 3,6 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері; 19 мың тонна бал және 30 тонна ешкі сүті дайындалған.

 Аграрлық қайта өңдеу

картасы

Картаға сәйкес 79 жаңа зауыт салу және 80 зауытты қайта жаңғырту қажеттігі анықталған. Бюджетке жүктемені төмендету үшін, Карталарды қаржыландыру кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені арзандату арқылы кредиттерге қолжетімділікті қамтамасыз ету есебінен жүзеге асырылмақ. Оны іске асыру қайта өңделетін өнімдердің жалпы өндірісін 1,9-дан 3 трлн. теңгеге дейін ұлғайтуға және 7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.  Салық аударымдарының жалпы сомасы қосымша 171 млрд. теңгеге көбейеді.

Техникалық қайта

жарақтандыру картасы

Карта шеңберінде 5%-ға дейінгі түпкілікті мөлшерлемемен отандық ауыл шаруашылығы техникасы өндірісіне жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы енгізіліп, аспалы және тіркемелі жабдықтарға несие беріле бастады. Ақмола және Қостанай облыстарының кәсіпорындары базасында шағын габаритті тіркемелі және аспалы техниканың өндірісі ұйымдастырылды. Осы мақсаттарға пилоттық режимде «ҚазАгроның» өз қаражаты есебінен 5,5% мөлшерлемемен 4 млрд. теңге бөлінді. 2021 жылға қарай аталған техниканың түрлері бойынша импорттың үлесін 50%-ға қысқарту міндеті қойылған.

Отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау тетігін өзгерту көзделуде. Инвестициялық субсидия ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге емес, зауытқа берілетін болады. Зауыт түпкілікті алушыға субсидия сомасы көлемінде жеңілдік жасай отырып, техника береді. Машина бөлшектерін әкелу және ауыл шаруашылығы техникасын өткізу кезінде отандық зауыттарға қосымша құн салығы бойынша жеңілдіктер жасау да қарастырылады.

Тұқым шаруашылығы

картасы

Соңғы жылдары астық сапасы төмендеуде. Себебі, 2015 жылы элиталық тұқымдарды субсидиялаудың тоқтатылып, оларды субсидиялау кезіндегі ең төменгі нормалардың белгіленуі.

Нәтижесінде себілген элиталық тұқым үлесі 2014 жылғы 6,3%-дан 2016 жылы 3,5%-ға дейін төмендеді.Тұқым шаруашылығы саласындағы проблемаларды жүйелі түрде шешу мақсатында субсидиялау тетігін жетілдіру ұсынылады:

бірінші, айналым мерзімі 10 жылдан асқан сортты субсидиялаудан бас тарту қажет, бұл жыл сайын 3-4 млрд. теңге босатуға мүмкіндік береді;

екінші, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сапалы импорттық тұқымдарға (оларға ұқсас отандық тұқым болмаған жағдайда) тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін оларға арналған нормативті арттыру (70%-ға дейін);

үшінші, тұқым шаруашылығы техникасына арналған инвестициялық субсидиялар нормативі 25%-дан 50%-ға дейін, ал субсидияланатын техникалар тізбесі 8 түрден 22 түрге дейін ұлғайтылады.

Бұдан басқа, тауарлы егістерге 1-репродукциядан төмен емес тұқымдарды пайдалануға біртіндеп көшу ұсынылады. Бұған элиталық тұқымдарды егу үлесін 2018 жылғы 6%-дан 2021 жылы 12%-ға дейін ұлғайту арқылы қол жеткізілмек.

Өсімдіктерді

қорғау картасы

2018 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің препараттар сатып алуға жұмсаған шығындарын олардың құнының 50% мөлшерінде арзандатуға арналған бүкіл қаражат көлемін бөлуді көздейтін жаңа тізбе қолданылады. Бұл өңделетін алаңды 2 есеге жуық, яғни, 1,9 млн. гектардан 3,4 млн. гектарға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Агрохимия (минералды

тыңайтқыштар) картасы

2017 жылы тыңайтқыштардың ең төменгі нарықтық құнынан абсолютті мәндегі нақты нормативтерді белгілейтін жаңа сызба енгізілді. Министрлік әр өңір үшін дақылдар бөлінісінде бірыңғай нормалар әзірледі. Бұл 3,9 млрд. теңгені босатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, субсидияланатын тыңайтқыштар тізбесін қайта қарап, 161 атаудың тек 32-сі ғана қолданылатынын, ал іс жүзінде олардың тек 19-ы ғана сұранысқа ие екенін анықталған.

Қаражатты тиімдірек пайдалану 2021 жылға қарай  сол қаражат аясында тыңайтқыштар қолдану қажеттілігін  25%-ға дейін жеткізуге ықпал етеді. Ол ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 10-15%-ға немесе жалпы түсім көлемін 1,4 млн. тоннаға дейін қосымша ұлғайтады.

Азық өндіру

(азық теңгерімі) картасы

Карта шеңберінде мықты азық базасын құру мақсатында:

біріншіден, біржылдық және көпжылдық шөптердің тек тиімді және аудандастырылған тұқымдары мен сорттарын, сүрлемдік дақылдарды субсидиялау есебінен өнімділікті ұлғайту;

екіншіден, көпжылдық шөптердің егістіктерін жаңарту, өнімділігі төмен ескі егістіктерді жою ұсынылады.

Субсидияларды оңтайландыру сол қаражат есебінен мал шаруашылығын шырынды және сүрлемді азықтармен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл ретте субсидиямен қамту жыл сайын 826 мың гектардан 1,5 млн. гектарға дейін (немесе 1,8 есеге) ұлғайтылады;

үшіншіден, құрамажем өндіруге арналған жемшөп пен компоненттерді форвардтық сатып алу үшін Азық-түлік келісім-шарт корпорациясына бюджеттік кредит беру ұсынылады. Бұл жұмыс істеп тұрған құрамажем зауыттарының жүктемесін 50%-дан 75%-ға дейін (1,2 млн. тоннадан 1,9 млн. тоннаға дейін) арттырады, сондай-ақ, ұйымдасқан шаруашылықтардың азыққа қажеттілігін толықтай жабады.

Азық өндіру картасының іске асырылуы мал шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемін 15-20%-ға ұлғайтуға және ауыл тұрғындарының кірісін 210 млрд. теңгеге арттыруға мүмкіндік береді.

Көтерме-тарату

орталықтары картасы

 Көтерме тарату орталықтары мемлекеттік-жеке әріптестік қағидатымен (заттай жер гранты, инвестициялық субсидиялар, инфрақұрылым жүргізу) құрылатын болады. Ол үшін тиісті нормативтік құқықтық актілер, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кооперативтердің өз өнімдерін өткізу қызметін көрсетуі бойынша нормативтік құқықтық актілер қабылданатын болады.

Егістікті ұлғайту картасы

1991-2016 жылдар аралығында егістік алаңы 10,6 млн. гектарға қысқарды, олар тыңайған жерлер мен басқа да алқаптарға ауыстырылды.Бұл ретте, ең үлкен алаң – 7,5 млн. гектар немесе 70%-ы 5 облыста (Павлодар, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында) кеміді.

Карта мал шаруашылығы өсімін ескере отырып, егістіктің 1,9 млн. гектарын айналымға енгізу қажет деп біледі. Бұлар, өз кезегінде,  азықтық дақылдар мен басқа да сұранысқа ие дақылдарды (майлы дақылдар, жасымық) өндіру үшін пайдаланылады.

Шалғайдағы қой

шаруашылығы картасы

Жүргізілген талдаулар жыл сайын 7,8 млн. тері шығарылатынын, оның тек 2%-ы ғана өңделетінін көрсетті. Ал, оларды өңдейтін 5 зауыт тек 5,5%-ға (3,0 млн. тері) ғана жүктелген.

Бүгінгі күні жүн өңдейтін кәсіпорындар шамамен 12,7%-ға жүктелген. Жүннің 10%-ы ғана өңделеді.

Осыған байланысты:

– сою пункттері жанынан жаңадан 30 жүн дайындайтын және  135 тері дайындайтын пункттер құру көзделіп отыр. Сондай-ақ, 2 531 шалғайдағы жайылым учаскесі мен 1 747 қолдан ұрықтандыру пунктін құру жоспарлануда;

– жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғырту және жүннің барлық түрін кешенді қайта өңдеуге, оның ішінде қарашірік пен шайыр түріндегі жанама өнім шығаруға мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, 1 зауыт салу көзделуде.

Нәтижесінде, мал басы 2021 жылға қарай 2,7 млн. басқа, ал қой шаруашылығы өнімі 2 есеге (123 млрд. теңге) өседі.

Аграрлық ғылымды

жаңғырту картасы

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндірістік шығындарды азайту, дақылдардың түсімділігі мен жануарлардың өнімділігін арттыру үшін өндірістің, білім мен ғылымды тығыз интеграциялау, отандық ғылыми зерттеулерді әзірлеу және енгізу, шетелдік тиімді технологияларды трансферттеу, елдің аграрлық нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлау мен қайта даярлау негізінде агроөнеркәсіптік кешенді жылдамдатып инновациялық дамыту жоспарлануда.

Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау

шараларының тиімділігін арттыру

Агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау тиімділігін арттыру және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуын ұлғайту мақсатында биыл жылы 65 субсидия түрі қайта қаралды. 11 тиімсіз субсидия түрі жойылып, 40 субсидия  бойынша өлшемшарттары өзгертілді,  қалған 14 субсидия түрі өзгеріссіз қалды.

Нәтижесінде жыл сайын 25 млрд. теңге үнемделеді. Ал өзгертілген өлшемшарттар сол бюджет шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімі өндірісін орта есеппен 30%-ға арттырады.

Екінші кезең шеңберінде субсидиялардан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді барынша қамти отырып, қолжетімді және қайтарымды кредит беруге ауысу мәселесі пысықталуда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

 

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.