Адам жанының нұры

   Қай кезде болмасын, қай қоғамда болмасын мәнін де, өзектілігін де жоймайтын бір құндылық бар. Ол – қайырымдылық. Халқымыз кашан да қайырымдылықтан кенде болмаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл қасиет оның болмысының ажырамас құрамдас бөлігі болса керек. Сонау заманнан Алаш жұртында көпке жанашырлық танытып, көптің тілеуін алған азаматтар аз болмаған. Мұндай қайырымды азаматтар бүгінде жоқ емес.

Міне, биыл тағы бір топ түлек алтын ұя мектептерін бітіріп, жаңа өмірге қадам басты. Биыл мектеп бітірген түлектердің сынып жетекшісі ретінде олардың әрқайсысының болашағы жарқын, келешегі кемел болғанын қалаймын. Алайда, барлығы үнемі біз ойлағандай бола бермейді.

Бексұлтан Мағрупжанов – Ақтүбек жалпы орта білім беретін мектебінің 2017 жылғы түлегі, ұстаздарының мақтанышы, үздік оқушылардың бірі. Кішкентайынан шығармашылыққа бейім, бірнеше аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жобалардың, жарыстардың жеңімпазы. ҰБТ-дан да жоғары балға қол жеткізіп отыр. Алайда, еңдігі мақсаты мен үміті – ЖОО орнына грант ұтып алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмады.

Алланың басқа берген сынына сабырлық танытып, ерте есейген Бексұлтан – бүгінде үйінің жанашыры. Бексұлтанның әкесі, шаңырақ иесі бірнеше жылдар бұрын қайтыс болған. Анасы – ІІІ топтағы мүгедек. Ал, ЖОО-да комерциялық төлем арқылы оқуын төлеу Бексұлтанның отбасына, әрине, оңайға түспесі анық. Бұл мәселені қолға алып, қайырлы іске ұмтылған ауылымыздың тумасы, мектебімізде талай жылдар бойы мұғалімдік қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, бүгінде Қарағанды Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев азамматтық парызын орындап, үлкен сауапты іс жасады. Көмек қолын созып, үлкен өмірге қадам басқан жас түлектің оқу қаражаты мен жатахана ақысын өз мойнына алып отыр.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» — деген екен дана халық. Әрбір жақсылықты Жаратушымыз еселеп қайтаратыны баршамызға мәлім. Көмек керек екенін білген соң, ел ағасы Бексұлтанды қалаға шақырып, барлығын өзі түсіндіріп, үлкен өмірге басқан бірінші қадамына сәттілік тіледі. Осы қайырымды кездесуден кейін, қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі екенін тереңірек ұғына түстім. «Жақсылықтың қайырын өзің көресің» демекші, қандай қайырымды істер жасасаң да барлығы өзің үшін дейтін ата-бабаның аманатын Жаролла сынды азаматтарымыз тірілтіп жүр.

Елбасымыз: «Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені, олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз» деген екен. Олай болса, білімнің алтын қазығын игеруге жол бастаған еңбекқор, жалынды жастарымызға қолдау көрсетіп, елінің ертеңіне алаңдаған, ел еңсесін еселеу жолында аянбай еңбек еткен Жаролладай ағаларымыз көпке үлгі болса екен дейміз.

Ендеше, адам құлқын қаражат билеген нарықтық заманда мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсетіп, білімге ұмтылған жастарға жағдай жасап жүрген Жаролла Пазылұлының отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілей отырып, ауылымыздың, мектеп ұстаздарының атынан алғысымызды білдіреміз, Алла разы болсын дейміз.

Айнаш РАХЫМҚЫЗЫ,

Ақтүбек орта мектебінің ұстазы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.