АймақБалқаш

Адал еңбек бақытқа жетелейді

Шағын шаһарды еңбекпен көркейткен адамдар қаншама. «Бұл – менің зауытым» деп өндіріс орнына ерекше құрметпен қарайтын Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехындағы байытушылардың жұмыс барысымен таныс­тық. Бірлігі жарасқан өндіріс ошағында жұмысқа белсене араласуымен де өзгелерге үлгі болған мамандарды әңгімеге тарттық.

Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақ­тау цехының басшысы Бақтияр Нұржановтың айтуынша, мұнда жауапкершілігі жоғары еңбек ұжым еңбек етеді. Олар өздерін жан-жақты танытып келеді.

– Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехында 192 адам еңбек етеді. Жоспарды жүйелі түрде орындаймыз. Айына 530 мың тонна өнім береміз. Тәулігіне 18 мың тонна игереміз. 3 ауысым бар. Байыту фабрикасы тұсауы кесілген кезден бастап, күні бүгінге дейін негізгі және көмекші жабдықтарды жаңғыр­туда. Жөндеу қызметі де жетілдірілу үстінде. Күрделі және жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізудің жеделдетілген тәсілдері өндіріске енгізілген. Қазір жаңа құрылғыны орнатып жатырмыз. Бұрынғы ұнтақтау машиналары сағатына 350 тонна болса, кейінгі іске қосылатын машиналар сағатына 500 тоннаны игере алады. Бүгінде цехқа өнім Шатыркөл, Саяқ, Қоңырат, Ақжал, Аршалы, Нұрқазған сынды облыс кеніштерінен келеді. Бұл фабриканың өндірістік алаңы қолданыстағы флотациялау машиналарын жетілдіру жолындағы көптеген тәжірибенің, жаңа машиналар мен жекелеген тораптарды сынақтан өткізудің базасы десек, артық айтқаным емес, – дейді Бақтияр Нұржанов.

Бұдан кейін Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының бас инженері Серік Амантайұлы мен ауысым шебері Қайырбек Калиоллин жұмыс барысымен таныстырды. Қазір фабрика негізінен Саяқ пен Шатыркөл, Қоңырат кеніштерінің кенін байытады.

 

– Дәл қазір бүгінгі ауысымда 23 адам. Бұл №3 ауысымда нағыз мықты мамандар бар. Жұмыс шаң мен тозаңның ортасында жүрген соң оңайға соқпайды. Бұл жұмысқа мықтылар ғана шыдайды. Мыс кендерінің бірінші сатысы елеу және майдалау болып табылады. Мыс кендері тербелмелі құрылғының бункерлер арқылы ұсатқышқа біркелкі жіберіледі. Бұны біз бірінші ұсату сатысы деп атаймыз. Бірінші елеуден кейін мыс кендері екінші елеуге таспалы конвейерлер цилиндрлі-конусты ұсатқышқа түседі. Одан соң көп жақты цилиндрлі-конуста ұсақталады, – дейді ауысым шебері Қайырбек Райымбекұлы.

Жұмыс барысында білім мен тәжірибесін өндірістің өсіп-өркендеуіне жұмсаған Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының конвейер машинисі Саягүл Алдажарованы да әңгімеге тарттық. Өндірістен табан аудармағанына 25 жылдың жүзі болыпты. Өндіріске 34 жасында келген Саягүл бүгінде 58 жастың асуынан асыпты. Өз білгенін өзгелерге үйретуден жалықпайды. Өз мамандығын тереңдете меңгерген. Ғабит Тасболатов, Нұржанат Амантай, Ринат Дауылбаев бастаған шәкірттері мықты мамандарға айналған. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», – деп шындығын айтқан ақындардың сөзінің жаны бар. Қазақ қыздарының тамсантып, талмай еңбек етуі басқаға үлгі.

Сонымен қатар, осы ауысымда тер төгіп жүрген ұнтақтау цехында конвейер машинисі және басқару пультінің операторы Гүлбаршын Мұсатаева да бар. Өндірістің бел қайыстырар бейнетіне мойымай еңбектің қазанында қайнап, жұмыс істегеніне – 26 жыл. Әріптестері жұмысқа төзімді, ісіне адал жанның еңбегін айрықша бағалайды. Осындай мақтаулылардың бірі – металл ұсатқыш маман Сейілхан Нұрлыбаев. 55 жастағы мықты маман өз ісін жетік білетін іскер мамандарды топтастырып, еңбекке баулыған екен. 1997 жылдан бері аталмыш цехта еңбек етіп, тер төгіп келеді. Қазіргі таңда №3 ауысымның бригадирі Ердос Сейсекей де Сейілхан ағаның шәкірті.

 

Мектеп бітірген жастардың көбі зауытта еңбек етуді армандайды. Арманы ақиқатқа айналған жас мамандардың бірі – Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының конвейер машинисі Нұржанат Амантай. Бұл жұмысқа орналасқанына екі жыл болса да, көп дүниені үйреніп, меңгерген. Оны еңбек пен ізденіс жетістікке жетелеген. Жұмысты жастарға үйретуді парыз санайтын ұстазы Саягүл Алдажароваға дән риза. «Осы жұмыс орны нәсібімді тауып отырған жер. Сондықтан, жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, жанымды сала еңбек етуді асыл парызға санаймын», – дейді Нұржанат Амантай.

Жаңашылдар ізденісі байытушылардың істі терең білетіндігімен сипаттала­тындығына Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының №3 ауысым бригадирі Ердос Сейсекей тоқталып өтті. Өндіріс процесін жіті бақылаған ол еңбек өнімділігін арттырудың пайдалы тұстары мен сапалық көрсеткіштерді баяндады. 19 жасынан осы салада шыныққан жігіт. Табанды, намысқой азамат еңбекқорлығының арқасында әріптестерінің сеніміне ие.

Еңбек даңқын асырып, жақсылыққа жол ашқан жандар – қашан да елдің мақ­танышы. Оларға қарап, жастар бой түзейді десек, өндіріс қуаттылығымен танылған Балқаш кен-байыту фабрикасы ұнтақтау цехының келешегі үлкендерінен үлгі алған өрендермен жалғаса берері қуантады.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button